«Қанмен жазылған кітап»: Ержүректілік пен батылдық жүректен шығуға тиіс

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесіне арналған тарихи маңызды айдарды әрі қарай жалғастырамыз. ҚазАқпарат Халықаралық агенттігі бұдан бұрын Бауыржан Момышұлының «Москва үшін шайқас» романын назарларыңызға ұсынған болатын.

Шығарма оқырмандар тарапынан жоғары сұранысқа ие болды. Біз алдағы уақытта батырдың «Қанмен жазылған кітабын» сіздермен бірге оқуды жөн көріп отырмыз.

Отты жылдарда қан кеше жүріп, қан-терін сарқып, болашаққа аманат ретінде қалдырған жазушының бұл еңбегі жастарды патриотизмге, ерлік-жігерге, адамгершілікке тәрбиелейтін өнегелі өмір мектебі болары анық.

***

Келесі тақырыбымыз - шындық. Шындық пен өтірік ежелден бері өмір сүріп келеді. Шындықты өтірікті тықпаламай айта білген жөн. Тарихта өтірік еш уақытта да өзінің нағыз шынайы кейпінде көрінген емес. Ол барлық кезде шындықтың тонын жамылып көрінетін. Өтірік тек 5-10 минут, бір сағат, бес, он жыл ғана жұртты иландырып салтанат құрып қана қоймайды, ғасырлар бойы сеңі бұзылмайтын өтірік болады. Бірақ та бәрібір өтірік әшкереленеді. Москвада байсалды бір жазушы маған былай деді: «Абсолюттік шындық - бұл сұмдық қой! Сіз менен шындықты талап ете алмайсыз!» Абсолюттік шындық қорқынышты, сұмдық емес, оны тек жеткізе білу керек, сонда ғана ол үлкен пайда келтіреді. Тіпті сіз күнделікті зәру мәселелерге қалам тартсаңыз да шындық - бал, ал өтірік, сен оны қаншама жылтыратып көрсеткеніңмен бәрібір - у күйінде қалуға тиіс. Сіздер балалардың дәрісінің қалай жасалатынын білетін шығарсыздар... Басты нәрсе қалайда дәрінің тәтті етіп дайындалуында. Мен жазушылардың, суретшілердің, композиторлардың, кино қызметкерлерінің балалар дәрісін тәтті етіп жасағанындай бұл фактілерді дәмді етіп жылтыратып беруін саналы және әдейі түрде істелінбеген екен деген қорытындыға келдім. Олардың арасында арсыздықпен өтірікті сықпыртатындары да бар. Менің өз басымда, соншама тым мені қатты ашуланып отыр екен деп Бектің шатасқан жайлары да болған. Өзінің қаталдығымен біздің шындығымыз жеңіл емес, ол ер жүректілікті қажет етеді. Дегенмен, Құдайым сақтасын, қазір әдебиет майданында жүрген қорқақтар қаншама?! Ең аз қарсылық көрсетілетін линиямен жүріп, әрбір қадам басқан сайын жалтақ-жалтақ қарап, сужүректік танытатын кейбір жазушылардың мінез-құлқына, жүріс-тұрысына менің зығырданым қайнайды. Екінші повестен сіздер осы тақырыпта Бек екеуміздің арамызда болған әңгімені таба аласыздар. Мен егер әдебиет майданы су жүректерді ұрыс даласында атып тастайтын нағыз соғыс майданы сияқты болса, онда оған әлдеқашан тіршілікпен қоштасуына тура келетінін айтқан едім... Мен ержүректілікті қоян-қолтық ұрыстан ғана іздемеу керектігін айтқан едім, ержүректілік әдебиет майданында да қажет. Шындықты айта білу ләзім. Ержүректілік пен батылдық жүректен шығуға тиіс. Әрине, егер шындықты дөрекі, өрескел түрде жеткізсек, одан тек зиян таппасақ, көретін пайдамыз жоқ. Біздегі барып тұрған немқұрайдылықтың белгісі - бұл өз кәсібіне деген немқұрайдылық. Әдебиетке атсалысып жүрген көптеген адамдар неліктен өз кәсібіне адал емес? Ал мұның өзі бүгінгі таңда өте қауіпті құбылыс емес пе? Мені осы мәселе ойландырып, толғандырады. Кітап - әлемнің азаматы. Кітап жазу үшін алдымен адамның өзі творчестволық тұрғыдан ойлай білетін адам болуға тиіс, кітап оның перзенті болмақ. Ол осы тақырыппен «ауырып», толғақты күйді кешуі қажет,ананың босанар кездегі азапты толғағын бастан өткізгендей, творчестволық толғақтың азабын, мехнатын өз басынан өткізіп барып, бізге кітап сыйлауы қажет. Ал бізде көбісі көргенін емес, есітіп-білгенін үстірт төпей салады. Тақырыппен «ауырып», толғақты күйді кешу тіпті әскери адамдардың өзінің барлық уақытта қолынан келе бермейді, бұл оп-оңай нәрсе емес. Шындық - суреткердің ұлы міндеті. Ұрыста шындықты табу оңай емес, ал оны жинақтау одан да қиынырақ. Бәлкім менің тарапымнан жазушыларға қойылып отырған талап шектен шыққан әділетсіздіктей көрінуі мүмкін, бірақ мен мұны заңды деп білемін. Көпшіліктеріңіз Александр Бектің авторлығымен шыққан «Панфиловшылар алғы шепте» повесін оқыған боларсыздар. Бізге осы повесть жарыққа шығысымен-ақ, біздердің өзара қарым-қатынасымызға байланысты сұрақтар мүлде жауып кетті. Бұл сұрақты Москва мен Алматыда әрбір кез келген жерде дерлік қойып отырды. Көпшілігі кітаптың жалғасын білгісі келеді. Москва түбіндегі ұрыстарда мына оң жақтағы картада (Баукең ұрыс қимылдарының картасын жасаған - ауд.) көрсетілуіне байланысты кейбір мәселелер жөнінде мен сіздерді Бектің жазылып біткен және жазылып жатқан еңбектеріне сілтегім келеді, себебі менің Бекке айтып берген әңгімелерімнің бәрін сіздерге қайта айтып беруге мүмкіндігім жоқ. Әзірше бірінші повесть қана жазылып бітті. Екінші повесті жақында ғана Москвада қарап шықтым, енді қолжазба күйінде үшінші рет өңделінбек. Үшінші повесть әзір материал күйінде ғана, Москваға қайтып оралысымен, Бекке материалдарды толықтыру үшін шамамен екі аптаның ішінде көптеген мәселелерді айтып беруіме тура келеді. Біздің кездесуіміз шын мәнінде қалай болса, Бек солай етіп суреттеген. Бек екеуміздің арамызда шамамен алғанда төмендегідей мазмұнда ауызша шарт жасалынды. Біздің бірлесе қызмет істеуімізде көзделінген мақсат - Панфилов дивизиясының Талғар полкі жауынгерлері мен офицерлеріне және генерал Панфиловқа әдеби ескерткіш жасау. Біздер тек осы бір ғана тілекті басшылыққа алдық. Егер шығарма біздің бұл аясы тар мақсатымыздың шеңберінен шығып кететіндей болса және біздің бірлесе қызмет етуіміздің барысында қолдағы бар нақты материал базасынан ірі жинақтауға дейін (бар материал сөзсіз осындай тенденция көздейді) өсетін болса, онда біздер мен біздің достарымыз қатты қуанған болар еді деп ойлаймын. Әзірше болжау ертерек, болашақ көрсете жатар. Мен Бектің өз қаламдастары арасында жазушы ретінде қаншалықты танымал екенін білмеймін, бірақ оқырман негізінен оны бүгінге дейін мүлдем дерлік білмейтінін білемін, қазірше ол - кәсіп жатынан өзінің жолдастары арасында атағы жоқ еңбекқор жанның бірі. Жазушылар одағы оған бронь беруден бас тартқан, сөйтіп ол солдатқа жіберілген көптің бірі еді. Ол маған әзірше адал кызмет етуші, орнықты адам, ақ ниетті стенограф әрі фотограф сияқты әсер қалдырады. Суреткер ретінде қазірше оны білмеймін. Талап талғамы бұзылған, жан дүниесі азғындаған өзі туралы жалған жоғары пікірдегі адаммен жұмыс істегеннен гөрі адал да кішіпейіл қол өнершімен істес болған әлдеқайда артық - осы қасиет мені онымен жақындастырды. Біздің еңбегімізде тәңірім күш-қуат пен денсаулық, риясыз әділ қарым-қатынас берсін, мен бірлесе, күш біріктіре, біздер бір- бірімізді толықтыра отырып, біртұтас, зерделі дүние жасай алмақпыз деген үміттемін. Бектің аты шықпаған жазушы болмағаны мені мүлдем алаңдатпайтын себебі сондықтан.Біздер бір-бірімізге өз қабілеттеріміздің шегінде әділ көмектесеміз, мұның өзі бізге жоғарғы атақтың рухының орнын толтырады. Мен осылай ойлаймын. Сіздердің алдарыңызда ілулі тұрған мына біздің дивизияның Москва түбінде жүргізген ұрыстарының картасы (картадан көрсетеді). Бұл карта графикалық документке жатады. Александр Бек «Арпалыс» деген атпен ниет етіп жазып жатқан болашақ барлық үш повестің мазмұны осы картада көрсетілген. Бек - кітаптың авторы, ал мен, менің қағаздарым, менің зердем, ақыл-ойым, толғаныстарым, мына алдарыңыздағы ілулі тұрған карта - кітап материалдары болмақ. Демек, Бектің кітабы сөздің толық мағынасында алғанда көркем шығарма емес, әскери- ағартушылық көркем шығарма етіп жазылмақ. Кітаптың жауапкершілігін Бек сөзсіз өз мойнына алады, бірақ ол әскери адам болмағандықтан, соғыстың көптеген мәселелерін тиісті дәрежеде талдай алмайды, білмейді, өз кезегінде мен, барлық материалдардың авторы ретінде кітаптың дұрыс жазылу жауапкершілігін панфиловшылардың рухы алдында, тарих пен замандастарымның алдында өз мойныма аламын, барлық әскери және әскери- психологиялық мәселелердің дұрыс түсіндірілуі жауапкершілігін өз мойныма аламын. Қысқасын айтқанда, Бек автор - өндеуші, ал мен автор - материал ретінде жауаптымын. Бұл жағдай Бекке маған оның қолжазбасының редакторы болу правосын беруді, бәрін де менімен кеңесіп, ақылдасып отыруға, повесті маған қарап шығуға және менімен келісіп алғаннан кейін барып қана оны басуға беруге міндеттейді. Яғни біздер өз орындарымызды кезек-кезек алмастырып отырамыз: енді мен оның қолжазбасын өңдеймін. Біздің арамыздағы ресми есеп-қисап осындай. Қазақ жазушылары Бек жолдастың қолжазбасын түпнұсқа ретінде менің қолжазбаларыммен қатар пайдалана алады (біздің ауызша шартымызда дәл осылай айтылған болатын). Бекке жұмыс істеу оңай екен деп ойлап қалмаңыздар. Ол -- өте шектеулі, себебі материалды игеруге оның барлық кезде шама-шарқы жете бермейді, маған да оныменен бірлесе жұмыс істеу оңай емес. Оған бір нәрсені қайта-қайта малта езгендей айтып отыру, осынау қарапайым, әскери емес адамға мылжыңдап түсіндіріп, бірсыпыра жағдайларды қақсай беру; оның қолжазбасын қарап шығуға және кейбір тарауларын қайта ауызша баяндап беру, оның түсінбеушілігі мен әскери тәртіпке көндікпеген қиқарлығын, ал кейде бірыңғай әдеби қызығушылыққа бой ұрып кетушілігі мен желікпелігін, оның эпизодтарды тыңдап отырғандағы жөнсіз мәз-мейрам болуы мен тіпті көргенсіздікке дейін жететін әрекетін жеңуге, мұның бәріне үлкен күш-қуат жұмсауға, жүйкені тоздыруға тура келді. Мен сіздердің көздеріңізден Бекке жандарыңыздың ашып отырғанын көріп отырмын. Бәлкім, сіздердікі дұрыс та болар. Сіздердің оған жан ашушылық білдірулеріңіз жазушының тұрғысынан алғанда әбден заңды да шығар. Бірақ менікі де өз тұрғымнан алғанда дұрыс, шынымды айтсам, менің көрген, басымнан кешкен азаптарыма мейірімсіздікпен қарағандарыңызға аздап ызаланып та тұрмын... Бірақ, оқасы жоқ, ымырата әрі әділ қорытындыға келуге тиіспіз. Бекке автор болу оңай болмаса, ал маған кітап материалы болу одан да қиын. Ал іс жалғастыруды, аяқтауды талап етеді, ал бізге бастаған жұмысты лайықты түрде аяғына дейін жеткізу қажет. Алда әлі қыруар жұмыс күтіп тұр. Алғашқы повесть үш рет қайта өңделініп жазылды. Бірінші, екінші нұсқасы да нашар болып шықты, ал үшінші нұсқасы, шамасы, сәттірек болып шыққан сияқты.Бірінші повестің бас жағында Бек өзімен бірте жұмыс істеуге менің келісімімді алмас бұрын өзінің қиындықтарды жеңіп, менен зәбір-жапа, азап көруіне тура келгенін баяндап жазады. Бұнысы шындық болатын. Оның екінші повесі де менің тым қаталдығыма шағым айтудан басталатын. Повесть әлі басылып жарыққа шыға қойған жоқ. Мен сіздерге оқып берейін (екінші повестің бірінші тарауын оқиды). Онда ол маған бірінші повестің қолжазбасын алып келгенін едәуір шынайы әрі әділ сипаттайды. Шын мәнісінде де кездесу солай болған-ды.

Шығарма Әдеби KZ порталынан алынды.

Жалғасы бар