«Қанмен жазылған кітап»: ұлтты тәрбиелеу мақсатын көздейтін, көпшілік оқырманға арналған кітапты талап етемін

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесіне арналған тарихи маңызды айдарды әрі қарай жалғастырамыз. ҚазАқпарат Халықаралық агенттігі бұдан бұрын Бауыржан Момышұлының «Москва үшін шайқас» романын назарларыңызға ұсынған болатын. Шығарма оқырмандар тарапынан жоғары сұранысқа ие болды. Біз алдағы уақытта батырдың «Қанмен жазылған кітабын» сіздермен бірге оқуды жөн көріп отырмыз.

Отты жылдарда қан кеше жүріп, қан-терін сарқып, болашаққа аманат ретінде қалдырған жазушының бұл еңбегі жастарды патриотизмге, ерлік-жігерге, адамгершілікке тәрбиелейтін өнегелі өмір мектебі болары анық.

***

БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫМЕН ҚАЙТА КЕЗДЕСУ

Жазушыларға қыңырлау «тәңір алдындағы шындықты» талап ететін, бұл айбарлы адамға, менің кітабымның қаһарманына, Бауыржан Момышұлының майдандағы блиндажына алдыңғы повестерімнің қолжазбасын әкеліп едім. Машинкаға басылған бума қағаз қуанарлық жағдайда болмаса да, зат салатын қапшықтың ішінен алынып, стол үстіне қойылды. Бауыржан Момышұлы - гвардиялық полктің командирі - қолжазбаны қолына алғанша, алайда, біршама уақыт өтті. Ақырында керосин шамның жарығына таман қолжазбаны жылжытып, қолына алған сәт те жетті-ау, ол бірінші бетке үңілді. Екеуміз көріспегелі жарты жылдай уақыт болған. Осы өткен айлардың ішінде Момышұлы әбден жүдеген. Екі жағы ашаң тартып, танадай үлкен көздерінде сарғыш реңк пайда болған, сұрапыл соғыстың, тынымсыз күндер мен түндердің салған таңбасы бұл. Білте шамның жарығымен нұрланған ерекше өткір көздері, шырайлы жүзі екеуміз алғаш дидарласқан кездегідей ғажап әсер етті, бала кезімнен жадымда қалған бір кітаптағы суретті тағы да көз алдыма елестетеді. Ол алғашқы тарауды лезде оқып шықты. Бұл тарауда кітаптың жазылу тарихы айтылатын. Бауыржанмен танысу сәті сипатталған, мені ерекше таңқалдырған бұл қазақ жігітінің сырт келбеті, қимыл-қозғалысы, мінез-құлқы туралы алған әсерлерім жазылған еді. Кіріспесін шолып, ол қолжазбаның соңына үңілді, содан кейін барып басын көтерді,- қарасында құптарлық ишара білінбеді. - Сіз неліктен үнемі менің қазақ екенімді қайта-қайта айта бергенсіз?- деп қатулана сұрақ қойды. Бір рет жазғаннан кейін жеткілікті емес пе... Сіз, бейне бір, мына табиғаттың ғажайыбына қараңызшы деп шақырғандайсыз. Сіз өзіңіз аялағыңыз келген адамды қорлағандай екенсіз... Бұныңыз бегемоттың аялағанына ұқсаңқырайды... Менің жүзім, сірә дуылдап кеткен болуы керек: тер төге дамыл көрмей жазып келгендегім осы болғаны ма... Бауыржан жымиып күлді. - Бірақ бегемоттар көп қой,- деді ол. - Амал не, бұл аялауды қабыл алуға тура келеді. Тақтайлардан шегелеп жасалынып, үстіне плащ-палатка төселінген кереуетке жантайған күйі (мен кедергі келтірмес үшін қара көлеңкелеу түкпірге барып отырдым), мен жазушыларға сирек кездесетін сәтті бақылап отырдым, повестің қаһарманы осы повестің өзін оқып жатыр, Бауыржан Момышұлы Бауыржан Момышұлы туралы жазылған шығарманы оқу үстінде болатын. Дегенмен де ол бұл тұжырымды теріске шығарар еді. Бірде мен Бауыржаннан балалық, жастық шағының, жеке өмірінің кейбір есте қалған сәттерін әңгімелеп беруін өтіндім. Ол әрбір сөзін шегелегендей қысқа қайырып: «Жеке өмірдің дейсіз бе? Неліктен? Мұның маған қажеті қанша?». «Мен сізге айтып отырған жоқпын». «Өзіме де емес». «Сізге емес, келер ұрпаққа айтып отырмын. Москва түбіндегі сұрапыл шайқастар туралы, панфиловшылар батальонының ерлігі жөнінде әңгіме айтып отырмын. Ал бұған өзіңнің жеке өмірбаяныңды алып келіп тықпалау ақымақтық әрі көргенсіздік болар еді». Көзін жеткізе алмадым: маған мінезі қиын әрі ырық бермейтін қайсар қаһарман кезіккен-ді. Бауыржан қағазға үңілген бойы тіп-тік отыр. Әне-міне дегенше келесі оқылған бетті ашаң саусағымен лезде аударып тастайды. Анда-санда алақанымен көмірдей қара шашын сипап жатқызады, бірақ қолын алса-ақ болғаны, түрпідей шашы тікірейіп қайтадан тұра келеді. Мен оған қара көлеңке түкпірден қарап отырмын. Бір мезетте столдың үстіндегі күміс портсигарға ұмсынды да, ішінен бір шылым алып, әлдене жөнінде ойланып, темекісін кептіру үшін білте шамның жалынына тосты. Шылымын тұтатқаннан кейін ләм-мим деместен, бір ауыз сөз айтпастан қолжазбаны оқи берді. Бір сәт тағы да басын көтерді,- бұл жолы басын шұғыл көтерген,- Бауыржан планшетінен қаламын алып, машинкаға басылған жолдардың шетін ала қиғаштата әлдебір нәрселерді жаза бастады. Оның жазған ескертпелерінің бәрін келтіріп жатпаймын. Қолжазбаны оқып шыққаннан кейін екеуміздің арамызда болған әңгіменің кейбір желісін ғана қысқаша айта кетейін. - Москва, Москва түбіндегі шайқастың тынысы сезілмейді,- деді Бауыржан. - Тарихи кезең - 1941 жылдың октябрь айы берілмеген. Әдеттегідей оның пікірі күрт, кейде жөнсіз үзілді-кесілді болатын. - Содан кейін... Сіздің қорқынышты түсіндіруіңізбен мен келісе алмаймын. - Менің дейсіз бе? Неліктен менің? Мен сіздің ойларыңызды жаздым. - Әбден мүмкін... Шамамен мен осылай айтуым да мүмкін. Бірақ мына жазылған жолдардан ойдың дөрекі, өрескел, жөнсіз болып шыққанын көріп тұрмын. Өйткені махаббаттың түрі мен дәрежесі сияқты, қорқыныштың да әртүрлі түрі мен дәрежесі болады, шамалы әрі үлкен қорқыныш болады, ал мына жерде (ол қолжазбаны нұсқап) болса, адамдардың бойын бірден хайуандарға тән қорқыныш билеп ала жөнелген, - соншама қатты қорқыныш, зәре-құты ұшушылық, - содан кейін жауынгерлер бірден-ақ қорқынышын жеңіп, батылданып шыға келеді. Дұрыс емес! Және де сонымен бірге сіз солдаттың алар орнын төмендетіп те жібергенсіз. Мен қарсылық білдірдім. Бірақ Бауыржан айтқанынан қайтпады. Ия, төмендеткенсіз. Наполеонның мынандай қанатты сөзі бар: «адамдарды қорқыныш пен жеке мүдде басқарады». Кейбір тұстарда адамды осылай түсінуге сіз де ойысыңқырап кетесіз. Маған танадай ойлы көздерімен қадала қарап, ол қайталап: Адамдарды қорқыныш пен жеке мүдде басқарады... Ал идеал ше? Ал адамгершілік ар-ұят, абырой, патриотизм, жолдастарымен қайғы-қасірет пен қауіп-катерді бірге бөлісушілік, күресте өзін-өзі мерт етуге бас тігушілік қайда? Мұның бәрі бос сөз болғаны ма? Онсыз біз жауды жеңе алар ма едік? Бауыржанның маған көңілі толмады, өзінің айтып берген әңгімелеріне де разы болмады. Неліктен деп сұрады ол,- жеңілістің суретін бермегенсіз? Бұл жөніндегі қасіретті ойды неге жеткізбегенсіз? Бұл сізге айтылмап па еді? Ақталу мақсатында мен өзімнің кейбір ой-пікірлерімді айттым. Бауыржан түтігіп кетті: Егер әдеби майдан,- деп ол кесіп айтты, - су жүректерді атып тастайтын шын мәніндегі майдан болса, сіз өмірмен әлдеқашан-ақ қоштасқан болар едіңіз. Менің ренішімді байқап қалып, ол қайта жымиып, күліп: Әсіресе, егер мен онда командир болсам,- деп қосып қойды. Мен: - Сіз «Знамя» журналының редакторына жазған хатыңызда Тәңір алдындағы шындық туралы еске алғанда не айтайын деп едіңіз? Өйткені сіз Құдайға сенбейсіз ғой, - дедім. - Неге сенбеймін? Мен дінге сенетін адаммын. Ғажап. Қалжыңдап тұрған жоқ па? Оны кім білсін,- ерекше шырайлы қара торы жүзінен шын айтып, болмаса қалжыңдап тұрғаны аңғарылмайды. - Ия,- деп ол сабырлы қалыппен сөзін жалғастырды,- мен құдайға сенемін. Және Құдайға құлшылық етемін. Сіздің менімен ілесіп жүргеніңізге бірсыпыра уақыт болды. Осыны байқамағаныңыз ба? - Жоқ. Бірде-бір рет байқаған емеспін.- Ол күліп жіберді. - Қайдағы Құдайды айтып отырсыз?! Шынын айтқанда, мен ар-ұят туралы айтып отырған жоқпын ба? Ал арсыз жандарды суқаным сүймейді. Әңгіме төркіні қайда деңіз! Мұны ғой, әрине, байқағанмын. Бірінші повесті әбден егжей- тегжейлі қарап шыққан мінезі қиын бұл адаммен біз келесі повестке кірісіп кеттік». Екінші повесть екі рет қайта жазылды, қазір үшінші рет қайта өңделіп, жазылу үстінде. Алғаш рет Бек менде 1943 жылдың сентябрінде болды, ол маған «Знамя» журналы редакторының жазған хатын ала келген еді (хатты оқиды). Мен Бектің қолжазбасын қарап шығып, өз ескертпелерімді жасадым, өзімнің барлық қолжазбаларымның көшірмелерін түсіріп алып, оны Бекке табыс еттім. Онымен байыпты түрде әңгімелесіп, кейбір мәселелерді қосымша айтып бердім. Редакторға соғыс туралы, адамзаттың басынан өткізіп жатқан қайғы-қасіреті туралы шындықты, тек қана шындықты және де сөздікте жазылған шындықты емес, шын жүректен, көңіл күйден шыққан шындықты адамның жан дүниесіне әсер етер қарапайым сөздермен әдеп және соғыс заңы - қанды тәжірибесі жөнінде айту керек деп жаздым. Бектің «Адам және ұрыс» деген кітабы ұрыс пен оның психологиясын орталық мәселе етіп ала отырып, айтылған мәселелерді әскери көзқарас тұрғысынан барлық шиеленісті жақтарымен сауатты түрде көрсете білуі қажет, бұл кітап оқушылар үшін ақыл-оймен соғыс жөніндегі ақиқатты тануына мүмкіндік беретін әскери ағартушылық (тек роман ғана болмай) құрал болып табылады.Мен мұны неге жаздым, себебі Бектің жазған бірінші тарауы маған мүлде ұнамады. Шындық туралы, соғыс хақында айтқан кезімде, мен әмірі күшті Алланың алдындағы шындықты айтамын, өйткені адам барлық уақытта да өз тумаластарының алдында адал бола бермейді. Мұндай қатал талап жалғыз Бекке ғана емес, сонымен бірге барлық әдебиетшілерге де қойылып отыр, өйткені кез келген кітаптың басты мақсаты - ағарту. Кітап жазу үшін жазушы жазатын саласы бойынша ең білімді адам болуы қажет. Тақырып әскери тақырып екен - кітап авторының мақсаты оқушыларды әскери өнермен ағарту болмақ, міне, сондықтан да мен бұл кітап әскери-ағартушылық сипаттағы шығарма деп ерекше көңіл аударуым сондықтан, менің Бектен оның кітабының роман емес, әскери ағартушылық құрал болуын талап етуім сондықтан еді. Мені дұрыс түсінулеріңізді сұраймын. Мен үстіне сұр шинель киген солдаттарға арналып жазылған бір жақты әскери кітапты емес, ұлтты тәрбиелеу мақсатын көздейтін, яғни бірінші командир бұл ана және бірінші солдат - бұл құндақта жатқан нәресте, ата-ананың берген жақсы тәлім-тәрбиесі - жауынгерлік қасиеттерді тәрбиелеудің негізі болып табылатынын ашып көрсететін көпшілік оқырманға арналған кітапты талап етемін. Менің түзету енгізуімнен кейін, егер Бек мені түсініп, ойымды көркемдеп жаза алған болса, онда повестің екінші бөлімі, Бектің маған оқуға ұсынған қолжазбасындай қырсыз, сылбыр болып шықпаса керек-ті, әрі мен екінші бөлімге сіздердің айтарлықтай қоятын кінәларыңыз бола қоймас деген сенімдемін. Бектің жазылып жатқан трилогиясы программасының көптеген мәселелері бойынша біз сіздермен пікірлес бола аламыз ғой деген үміттемін, авторға соғыстың, ұрыстың проблематикалық мәселелерін шешуде кітаптың біртұтас әрі құнды болып шығуына, біздің сүйікті, жүрегі таза, көңілі құштар, бірақ аңғал отандастарымыздың сана-сезіміндегі арпалысты сол күйінде бере салмай, яғни шындықты үстірт баяндамай, терең бейнелеуіне көмектесуге Құдайым күш-қуат пен денсаулық берсін. Біздің әңгімелеріміздің ұсақ техникалық детальдарын сіздерге әділ етіп айтып беру Бекке тапсырылды. Біздің жазушылардың «жағымпаздану қызметі» туралы және тағдырдың тәлкегіне қалдырылған «қаһармандар» (көпшілік жағдайда ауыр жағдайға душар болып сөзсіз қазаға ұшырайтын) жөнінде, өмір дегеніміз - ұрыстағы қозғаушы күш екені хақында егжей-тегжейлі сіздерге айтып беруін сұрарсыздар. Қазіргі жазушылардың бойында жазылуы қиын дерт болып тұрған - қаһармандардың өлімін жаппай әдемі етіп көрсетушіліктің жалпы іске пайда келтірмек түгілі, үлкен зиян келтіретіндігі, оқырмандар мен әлем алдында үлкен жауынгерлік коллективтің-жауынгерлік серіктестіктің құрылымы мен ұйымының беделін түсіретіндігі жөнінде айтып беруін өтініңіздер. Егер мен жазушы болсам, онда бұл әңгімеде кейіпкердің өлуіне жол бермес едім. Адам тірі қалу үшін барлық шараларды қолданып, жанталасады, арпалысады. Оқырман осы тақырыптың қызығына беріледі, ал оқиға кенет үзіліп қалады. Ұрыс кезінде ерлік пен қорқақтық қылыштың жүзінде тұрғандай алмағайып күйде жанның мұрнының ұшына барғандағыдай жағдайда болады, махаббат пен зұлымдықтың арасы сияқты, батырлық пен қорқақтықтың арасы да бір-ақ қадам екенін жазу керек. Әлсіз жақтары жоқ батыр - батыр емес, ал біздің жазушылар мен суретшілер болса, батырдан барлық уақытта батыр жасай бермейді, олар батырлардың әлсіз жақтарын жасырып, сыртқы және ішкі күрестің қиындықтарын жеңіп барып батыр болғанын, кәдімгі адам ретінде көрсетпейді. Тіпті батырларға қорқыныш сезімі тән емес деп жазады. Мұның өзі ақылға қона ма? Сондықтан да мен қазір адамды тек қана оның ерлік ісін тек туасы біткен табиғаттың сыйы ретінде, кем-кетіксіз, кемшіліксіз жып-жылмағай етіп, оқырмандармен оның бойындағы батылдық пен әлсіздік қасиеттерді салыстырып әрі қорқыныш сезімінің сөзсіз ілесіп отыратынын жасырып сипаттаушылық батырды жаратылыс бітімі бөлек ерекше жан етіп көрсететіндігі әрі күрестің сыртқы және ішкі қиыншылықтарын жеңген жағдайда сипатталынып отырған батырдай ерлік жасауға оған рух пен қажыр-қайрат беріп, жігерлендірудің орнына батырға еліктеудің өзі бос нәрсе, үмітсіздік деген ойды еріксіз таңатындығы жөнінде де өз пікірімді жазған едім. Батырды сипаттаған кезде біз қандай мақсат көздейміз? - Әңгіме, бұқара көпшілік батырдың жолын қуу керек, ал ол айқайлап, қолын сермеп қалғанда пәленше немісті сұлатып түсірді деп сипаттап жазудан пайда жоқ. - Солдат былай дер еді: Мен де осылай істеп көріп едім, онымнан ештеңе шыққан жоқ. Мұндай ойдан шығарылған нәрсе өзінің мақсатын ақтай алмайды. Снарядтар ұли жарылып, ысқыра оқ зулап, ышқына миналар ұшады деп жазса, бұл түсінікті, ал егер шын мәнінде 5 немісті өлтіріп, 50 немісті атып өлтірді деп жазатын болсақ, бұнымен үлкен зиян келтірген болар едік, бұған адамның жаны ауырады. Міне, мен осындай дұрыс жазбаудан сақтандырғым келеді. Ал мұның өзі батырды жолдастарының алдында ұятты жағдайға қалдырмай ма, қарулас достары болса отан қарап, кекесінді түрде: «Сен 50 немісті өлтіріп пе едің?» деп сұрамай ма, міне сіз кімді мақтағыңыз келген еді, осындай шылқыған өтіріктің салдарынан адамды қолайсыз, ыңғайсыз жағдайға қалдырасыз, сөйтіп кейінгі жазар заметкаңызға мазмұны шын болса да, сенімсіздік туғызасыз. Өтірік - зиян, кесір. Тағы да бір мысал келтіре кетейін. Орталық баспасөз бетінде біздің әскерлеріміз пәлендей деген қаланы кескілескен ұрыспен жаудан азат етті деген мақала жарыққа шығады. Жауынгерлер бес адамның өлтірілгенін білетін, ал газетте 50 адам деп басылған. Солдаттар мен ұрысқа қатысқандар бір-біріне қарасып аң-таң болады. N деген батырды сипаттап жаза отырып, мың адам өлтірді деп көрсетеді, ал біздің жауынгерлер күліп, былай: «Мүмкін, 10 адам өлтірген шығар»,- дейді. Мұндай деректер сенімсіздік туғызады, ал мен мұндай газет тілшілерін жаным жаратпайды. Міне, менің өтірік - у деп айтуымның себебі де сондықтан. Әрине, солдат мұны есіттіріп айтпаса да, оның ішінде, жанында бәрібір қалып қояды. Менің ойымша, мұндай тілшілерді қатал түрде жазалау керек. Олардың бәрі де бір қалыптан шыққандай етіп жазады. Мынандай өлең жазылған, бұл өлең жаңағы мен айтқан тілшілерге арналады. Дүмше молда дін бұзар. Абдолла Тоқайдан: Жігіт біткен менменсиді, жоғары ұстап розасын, Қасіретті дүниенің байқады ол тек розасын. Көрмеген ол дүниенің қаһары мен «угрозасын», Көргенменен «уг» қалып, көргенде тек розасын, Көргенде ол тағдырдың да тақсіретті розасын, «Г»-сы қалып, көрген болар розаның да розасын. Қазақ халқының соғыс тарихы осы отан соғысынан басталуға тиіс. Бірақ, осы соғысқа қатысқан қазақ халқының өмірі, ерлік қимылы дер кезінде тарих айнасына түсіп отырған жоқ. Қазақ халқы осы соғыс тұсында бүкіл дүние жүзіне өзінің қазақ екенін танытты. Соғыста шынықты, шыңдалды, жоғары көтерілді. Біздің жазушылар, тарихшылар, ғылыми қызметкерлер осы шындықты жазып, жас қауымды тәрбиелеу! керек еді, кейінгі ұрпаққа дұрыс тарих қалдыру керек еді, бірақ бұл істелген жоқ. Майданда қаһарман қазақ, жігіттері аз емес, көбі өліп те кетті. Солардың бірде-бірі қағаз бетіне түспей қалып барады. Қазақтың қанын, жанын берген ерлері атаусыз кетіп барады. Шындықты жазу заң, себебі өтірік - әдебиетке, мәдениетке, келешегімізге кесір. Өтіріктің өмірі ұзақ емес. Өтіріктің құйрығы - бір-ақ тұтам. Қысқасын айтқанда, ерліктің атаусыз кетуі - халықтың трагедиясы. Тарих мұны бүгінгі сіздерге - жазушы, тарихшыларға кешірмейді. Елдің тұтқасы осы отырған біз ғанамыз деп ойларсыңдар, жоқ, елдің тұтқасы осынау майдандағы мыңдаған қазақтың ер азаматы, қыршын жастары. Оларсыз елің де иесіз, оларсыз жұрт та болмайсың. Олардың ерлігін, қан төгіп ерлікпен соғысқанын жазбаған сендердің көбіңді тарих дарға асады. Масқара етіп байлайтын бағанаға таңады. Бүгін болмаса, ертең жазалайды. Бәрімізді бірдей жазалай бермес деп мына Исмайылов бір әңгіме келтіріп еді. Бір кемпірдің жалғыз баласы ауырған екен, сонда кемпір зар жылап, а, Құдай, мені жалғыз баламның алдында ал, баламнан кейін жалғыз тірліктің маған керегі жоқ деп жалбарынған екен дейді. Соны әзірейіл есітіп тұрып, үйге кіріп келіп:- Мақұл балаңның жанын алмаймын, сенің жаныңды аламын,- дегенде, кемпір сасып қалып:- кімнің ауру-сауын Құдайекең өзі білер,- деп қисая кеткен екен дейді. Сондайын, бәлкім, кімнің ауру-сауын тарих тексерер де. Бірақ тарих алдында зор айыпты екендіктерің де даусыз. Бұл соғыс кезіндегі халық өмірінің шындығы бүгін дұрыс ашылып жазылмағанмен, ертең жазылады.

Шығарма Әдеби KZ порталынан алынды.

Жалғасы бар