«Қанмен жазылған кітап»: Жауынгерлік коллективтің ынтасын әділ түрде бағалаған орынды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесіне арналған тарихи маңызды айдарды әрі қарай жалғастырамыз. ҚазАқпарат Халықаралық агенттігі бұдан бұрын Бауыржан Момышұлының «Москва үшін шайқас» романын назарларыңызға ұсынған болатын. Шығарма оқырмандар тарапынан жоғары сұранысқа ие болды. Біз алдағы уақытта батырдың «Қанмен жазылған кітабын» сіздермен бірге оқуды жөн көріп отырмыз.

Отты жылдарда қан кеше жүріп, қан-терін сарқып, болашаққа аманат ретінде қалдырған жазушының бұл еңбегі жастарды патриотизмге, ерлік-жігерге, адамгершілікке тәрбиелейтін өнегелі өмір мектебі болары анық.

***

Осында болғаннан бері бірқатар жайды көріп, сездім. Бірқатар адамдар тым ұзақ, өз қарабасындық мақсаттан жоғары емес. Бүкіл елдің, халықтың қамы дегенді мүлде ұмытқан. Опера театрының хорында қазақ әнін айтатын әншілер қалмағанын не дейсіңдер, халық жайын кеңінен ойлап, толғап пішетін елдің намысы қайда? Біз кім едік, кімбіз, кім боламыз деген сұраулар әлі күнге жауапсыз қалып кетіп бара жатқан жоқ па? Тіпті өзінің қазақ екенін ұмытып бара жатқандарың көп емес пе? Қазақпын деп мақтануды ар көретін, қазақтың тілінде сөйлеуді масқаралық көретін салт қайдан шығып отыр? Балалардың көбі не қазақ, не орыс болып тәрбиеленбей, шөре-шөре бірдеме болып өсіп жатқанын неге көрмейсіңдер? Осыларды күйініп айтқанда менікі қазақ халқы да советтік отанымыздағы басқа елдердің қатарында жетілген - ұлттық даңқын, салтын толық білдіріп мақтана алатын ел болуына тілек айтып отырғандық қой.

Елді, жастарды, халықтың ізгі, жақсы адамгершілік салтында тәрбиелеу, бүгінгі мәдениетті халықтың көне мәдениетімен ұштастырып дамыту қажет екенін ұғыну керек емес пе? «Гвардия, алға» сияқтылар - жаңа мәдениет, ақиқат шығарма емес, жалған, бүгінгі шындыққа каррикатура.

Сонымен, Бектің келуіне оралайын. Бұл жолы мен оны сөккен жоқпын. Ол маған дәрменсіз күйде келген еді. Мен оған ешқандай да тік мінезділік көрсеткен жоқпын, ол менен риза көңілмен аттанып кетті. Мұны капитан Құрманбек Сағындықов та растай алады. Ноябрь айының соңында мен Москваға келдім. Менің келу қарсаңымда Бек екінші повестің екінші нұсқасын аяқтап қалған екен. Екінші повесть біріншісіне қарағанда, сөз жоқ, жақсы шыққан, бірақ әлі де болса ойдағыдай емес-ті. Біз екі аптадай уақыт бас көтермей қолжазбаны өңдеп, жетілдіріп жұмыс істедік.

Осы жерде Жазушылар одағы Бектің повесін жөнсіз талқылауды ойластырады. Бек болса қатты абыржыды, тіпті бұл талқылаудан жүрексінді де, сөйтіп менің қатысуымды қиыла өтінді. Өзінің өтінішін ол бірде-бір әскери және әскери психологиялық сұрақтарға жауап бере алмайтынын айтып дәлелдеді (ал ол болса талқылауда осы мәселелер басты назарда болатынына сенімді болатын). Мен келісім бермедім.

- Менің енді бір топ қызыққұмар москвалықтармен әуре болуым қалған екен ғой. Сізбенен бірге әуре сарсаңмен жүргенім де жетер,- дедім Бекке. Осы жерде ол әділетсіздік, зымияндық жасады: екі күннен соң ол хабарландыру басылған газетті алып келді, онда 8 декабрьде Жазушылар одағының клубында кітаптың талқыланатындығы және оған менің қатысатыным жазылыпты. Мен реніш білдірдім.

Бек қулана жымиып:

- Клубта үлкен хабарландыру ілулі түр, онда сіздің фамилияңыз ірі әріптермен бадырайтып жазылып қойылған,- деп сөзін жалғастырды.

Бұл талқылауға ешбір дайындықсыз баруыма тура келді. Халық көп жиналған екен. Қызыққұмар москвалықтар мен москвалық бикештер мені көздерімен ішіп-жеп барады. Талқылауды генерал-лейтенант Игнатьев ашты. Сонан соң сөз Бекке берілді. Бірақ ол осы жерде де зымияндық жасады: бірінші тарауды оқып шыққаннан кейін басқа ешнәрсе айта алмайтынын, өйткені полковник Бауыржан Момышұлы оның әңгімесін өзінен гөрі жақсылап айтып беретінін, аудиторияны қызықтыратын барлық сұрақтарға жауап беретінін айтты. Отырған жұрт ду қол шапалақтады. Мен трибунада жұртшылықтың алдында бір жапырақ қағазсыз құр қол тұрмын...

Талқылаудың стенограммасын бірер күнде алып қаларсыздар. Мен сіздер сұрағаннан кейін тек қана өзімнің сөйлеген сөзімнің стенограммасын ала келдім. Ауытқып кетпес үшін оны жай оқып берейін. (Өзінің сөйлеген сөзінің стенограммасын оқиды).

Бекпенен өзара қарым-қатынасымыз бен «Арпалыстың» жағдайы қазірше осындай. Кейбір мәселелер жөнінде сіздерді «Арпалыс» повесіне жиі сілтеуімнің себебін осыдан түсіне жатарсыздар. Өз сөзіммен тақырыпты қорытындылаймын. Артылған уақытты сұрақтарға қалдырайық. Мен сіздерге бірнәрсе оқып берейін деп ниеттеніп едім. Соны сіздерге оқып берейін.

«Бір нәрсені істей алу үшін не істеу керектігін біліп алу керек - демек, зерттеп білу қажет. Зерттеп білмейінше білу де, істей алу да мүмкін емес». Армия қазіргі заманғы техникамен қаншалықты бақайшағына дейін қаруланғанымен, егер оның адам құрамы жан-жақты жауынгерлік даярлықтан өтпеген болса, ал офицерлері әскерлерді, техникаларды және қару-жарақтарды басқара білу әдіс-тәсілдерін нашар игерген болса, онда армия пайдасыз тобыр күйінде қалады, әрі дұшпанның мықтап тұрып берген алғашқы соққысынан-ақ быт-шыт болып, бұршақша бытырап кетеді. Машықтанған армия үшін ұрысқа кіру, шайқасу - жауынгерлік қасиеттерді алғашқы қажетті сынақтан өткізу болмақ, мұның өзі әскерлерді кейінгі жауынгерлік қимылдар үшін едәуір аса маңызды мәні болатын әскери шынығудан, шыңдалудан да өткізу болмақ. Алғашқы ұрыс кейінгі жауынгерлік қимылдардың қалай болатынын да көрсетеді. Әскерлерді алғашқы ұрыста қалай болған күнде де, міндетті түрде жеңіп, ұтып шығуға үйрету, даярлау қажет.

1. Стенограмма «Майданнан жазылған хаттар» бөліміндe берілді.Тәжірибе мен жеке бақылауларымнан байқағандарымнан қысқа түрде мына мәселелерді айта кетуді қажет деп есептеймін. Оқу-жаттығуды әскерге шақырылған алғашқы пункттен бастап бірінші жеңіске жеткен шабуылға дейінгі аралықта ұйымдастыра білу қажет. Жаудан тартып алынған шепте бекініп қалуға да үйренген жөн, үйрену, шынығу әрі есею үшін соғыса біл. Бірде-бір «бейбіт» әрі бірде-бір жауынгерлік күн оқусыз, үйренусіз, жаттығусыз босқа өтпесін. (Біздер Коблякиде шикі материалды жаңадан алынғандардың бес күндік «академиясында» қалай үйреткендігіміз жөнінде - бұл тәжірибені егжей-тегжейлі сипаттап жазу керек). Әскерлердің жауынгерлік әзірлігі мен соғысқа жарамдылығының негізі - әрбір солдаттың жауынгерлік әзірлігінің және соғысқа жарамдылығының негізі болып табылады. Ұрыс даласындағы міндетті штаб немесе шешім қабылдаған командирдің ойы тұжырымдалған карта емес, жауынгерлік әзірлік, даярлық шешеді. Егер солдаттың даярлығы нашар болса, командирдің жақсы да парасатты шешімі түкке аспай қалады, керісінше, егер жауынгерлер жақсы даярлықтан өткен болса, орташа шешімнің өзін өте жақсы нәтижеге жеткізуге болады. «Жауынгердің жақсы әзірлігі - жеңіске бастама, мұрындық». Жауынгерлер мен командирлердің әскери адамгершілік бейнесін қалыптастыруды, жауынгерлердің бойында жауынгерлік қасиеттерді тәрбиелеуді бізде жиі дағдылы іске айналдырғандай әңгіме жүргізу мен баяндамалар оқып берумен шектеуге болмайды, қайта солдат кәсібіне жергілікті жерде, нақты жабдықталынған полигонда, кез келген шартты нәрселерден қашып, жауынгерлер мен командирлерге қажыр-қайраты мен ақыл- ой күшіне нағыз жауынгерлік салмақ арта отырып, практикалық тұрғыдан үйретіп- жаттықтыру қажет.

Өкінішке орай, біздің көптеген аға бастықтарымыз бойына сіңіп қалған зиянды, мәдениетсіз әдеттен - қарамағындағыларға офицердің, тәрбиешінің, ұстаздың, бастықтың абыройына сыйыспайтын, ақырында азаматтық, әскери және азаматтық өмірдің әдет пен нормаларынан шығып кететін дөрекіліктен зардап шегіп келеді, олардың өздері де мәселені шешуде аз, аяғына дейін зерттеп тереңірек ойланбайды, аузынан шыққан сөзі мен айтқан ойына мән бермейді, үзілді-кесілді түрде, кейде бақырып, адамдарды қағытпа сөзбен кекеп, жөнсіз дөрекілік көрсетіп орынсыз балағаттайды. Осындай бастықтар өздерінің мәдениетсіздіктерін қарамағындағыларға үзілді-кесілді ақыл айтушыларды, дөрекілерді, «наубайшыларды» жақсы, талап қойғыш командирлер деп айтып, таратады. Мұның өзі сөзсіз ақымақтық баға екенін олар ұқпайды. Олар өзінің ойын әбден екшелген, шағым беруге жатпайтын пікір деп есептеп, өзгелердің ойын елемейді, басқалардың ұсыныстарымен, ақыл-кеңестерімен есептеспейді. Мұндай өзін- өзі дәріптеушілік - өз күші мен қабілетін тым асыра бағалаушылық. Моральдық және қажыр-қайрат жағынан мықты болуға тәрбиелеу үнемі адам жанына үңіле білуді, оған назар аударып отыруды, игілікті құлшыныстарға қанаттандырып, ерік- күшін, адамгершілік, моральдық, қажыр-қайратын, ақыл-ой қабілетін нығайтуды, адамның адамгершілігін жеке және ұлттық мақтаныш сезімін саналы түрде түсінуді, өзінің күш-қуаты мен қабілет-қарымына деген көзі әбден жеткен сенімділігін және әрбір солдаттың өз қару-жарағына деген сенімділігін нығайтуды талап етеді. Төзімділікпен және ерінбей-жалықпай үйретіп, жаттықтырып, жауынгерлердің іс- қимылдарына ақыл-кеңестермен, ескертулермен, жетекші сұрақтармен сенімділік ұялатып, көмекке үйренушілердің творчестволық күші мен ақыл-ойын жұмылдырып, инициативаны, жауынгерлік тапқырлықты, айлакерлікті және басқа да жауынгерлік қасиеттерді дамытып, жетілдіру қажет. Әсіресе, командирдің бойында өзіне деген сенімділікті, инициативаны, мықты, қайтпас, қажымас ерік-жігерді дамыту қажет. Дұрыс әрі жүйелі ойлай білушілікті, терең ойластырылған шешім жасай алушылықты қалыптастыру керек. Барлық кезде оның пікірімен санасып, соны ой-пікірін қолдап, дамытып отыру қажет - олардан үйреніп және үнемі үйретіп отыру керек. Солдаттың ауыр бейнеті еңбегі мен өміріне шынайы тұрғыдан талдау жасау негізінде үнемі жауынгерлік рухты көтеріп отырған жөн. Жауынгерлік коллективтің ынтасын әділ түрде бағалаған орынды. Ерік-жігер мен инициативаны кейбіреулердің әдейі «бұдан да жақсы нәтижелерге қол жеткізуіміз керек деген ниетпен» үнемі «нашар» деп айтып, тұқыртып тастайтынындай басып тастамау қажет. Төзімді, шыдамды, жинақы, ақыл-парасатпен: білмеушілікті, тәжірибесіздік пен әскери қызметті атқару кезіндегі салдыр-салақтықты айыра біл. Олардың себептерін тауып, дер кезінде жеке ерекшеліктерін, қабілеттерін, психикасын ескеріп, бәрін бет алды «бәрі жақсы» немесе «бәрі өте жақсы» деп санамай, мадақтау немесе жазалау шараларын қолданып отыр. Кінәлі болған адамды есін жиғызбай үнемі тынышын ала берме немесе көзге түскендерді тым дандайсып кетпейтіндей асыра мақтама. Мадақтау мен жазалауды қадірін кетіріп жөнсіз қолданба. Әрбір солдаттың кәсіби және этнографиялық ерекшелігін біл.

Одан әрі қарай. Мен сіздердің назарларыңызды мынаған аударайын деп едім (қолжазбаны көрсетеді). Бұл негізінен Қазақстан тарихына қатысты. Қазақ ССР тарихын оқып шыққаннан кейін, мен бұл кітаптың редакторына хат жаздым: Мына алдарыңызда ілулі тұрған карта-схема бойынша Панфилов дивизиясының тарихын баяндауға кіріспес бұрын мен сіздерге кейбір әскери терминдердің анықтамасын, мәнін ашатын кейбір жалпы ұғымдарды айтып, түсіндіре кетейін. Бір-бірімізді жақсы түсіну үшін сіздермен ортақ тіл табысқанымыз жақсы. Мүмкіндігіне қарай мен әскери тілмен сөйлемей, ойымды жеңіл, қарапайым әрі түсінікті етіп жеткізуге тырысып көрейін, бірақ әскери мәселеде әскери тілді мүлдем қолданбау да әділетсіздік болар еді. Тыңдаушыларым кәсіби әскери терминдерді, сөздерді, ұғымдарды барлық кезде ұғына алмайтынын, түсіне бермейтінін ескеріп, әңгіме барысында кейбір жағдайда таратып, түсіндіріп айтуға, кейде тақырыптың мәнінен, аясынан да ауытқып кетуге мәжбүр болмақпын, алайда бұнымыз әңгімемізді ұзартып жібермек. Осының өзінің қажеті бар ма, әңгімені бұдан әрі қалай жүргізуім керек, соны айтыңыздаршы?

Әуезов: Осыған дейін қалай жүргізген болсаңыз, әңгімені әрі қарай да солай етіп жүргізе беріңіз. Біздің бәріміз әскери адам болмағандықтан, неғұрлым көбірек талдау, түсіндіру жасалынып отырса, соғұрлым жақсы. Сіз үшін қарапайым болып көрінген нәрсе - бізге қарапайым емес. Біздер әскери мәселедегі білімді тікелей әліппеден бастауға мұқтажбыз. (Бәрі де Әуезовті қолдайды).

Бауыржан Момышұлы: Жақсы, менің уақытымның көбісі осы түсіндіру мен талдауға кетті, енді өзіміз белгілеген уақыттың ішінде сіздерге айтайын дегендерімнің бәрін айтып шыға аламын ба, жоқ па? Мені мазасыздандырып тұрған осы.

Сәтбаев: Тағы да әңгімемізді бір күнге созармыз, яғни 5-6 сағатқа есеп жасайық.

Бауыржан Момышұлы: Жақсы, мен ең қажетті дегендерге, мүмкіндігінше қысқаша тоқталуға тырысайын. Көптеген анықтамалар еркін түрде түсіндірілетінін естеріңізге сала кеткім келеді.

1. Хат «Майданнан жазылған хаттар» бөлімінде берілді, өйткені менің қолымда мына далалық уставтан басқа үзінді келтіретін материал немесе конспекті де жоқ.

Шығарма Әдеби KZ порталынан алынды.

Жалғасы бар