Жыл басынан бері облыс экономикасына 553,6 млрд теңге инвестиция тартылған, оның 82% жеке меншік қаражат. Биыл 161 млрд теңгеге 26 инвестициялық жоба іске асырылады және 1,1мың жұмыс орны құрылады.
— Қазір SHENGTAI BIOTECH қуаты жылына 3 млн тонна жүгеріні тереңдетіп өңдейтін бірегей жобаны бастады. YONGGANG IRON AND STEEL GROUP жылына 3 млн тоннаға дейін прокат металл бұйымдарын өндіретін зауыт ашады. ЕВРОХИМ тыңайтқыш өндіру компаниясы жылына 800 мың тонна күкірт қышқылын өндіретін өндірістің бірінші кезеңін іске қосады, — деді Е. Қарашөкеев Орталық коммуникациялар қызметінде.
Сонымен бірге, «ZHONGKAI KAZAKHSTAN INTERNATIONAL SUGAR INDUSTRY COMPANY» жылына 1 млн тонна қант қызылшасын өңдеп, 130 мың тонна қант, 72 мың тонна қызылша ұны мен 54 мың тонна меласса шығаратын заманауи қант зауытының құрылысын бастаған.
QAZAQ SODA жылына 1 млн тонна кальцилендірілген сода өндірісін қолға алды.
Қордай ауданындағы Гагаринское кен орнында жылына 500 мың тонна құрамында алтыны бар кен өндіретін ШОҚПАР-ГАГАРИН тау-кен байыту комбинатының құрылысы жүріп жатыр.
— ALTYNALMAS REAGENTS жылына 25 мың тонна натрий цианидін өндіре алады. KAZAKHSTAN HYDROGEN PEROXIDE — жылына 30 мың тонна сутек пероксидін өндіреді. TOTAL EREN — энергия сақтау жүйесі бар қуаты 1 гигаватт болатын жел электр станциясын, ал MASDAR — 300 мВт энергия сақтау жүйесі бар жел электр станциясын салады. Осы ірі инвестициялық жобаларды іске асырудың есебінен облыс экономикасына 3,8 трлн теңге инвестиция тартылады, — деді облыс әкімі.
Аталған жобалардың басым бөлігі «Jibek Joly» арнайы экономикалық аумағында және «Тараз» индустриялық аймағында орналасқан.
Жамбыл облысы Қазақстанды стратегиялық маңызы бар химия өнімдерімен 100% қамтамасыз етіп отыр.