Қаңтар-ақпанда бөлшек сауда көлемі 10,6 пайызға жоғарылап, 511,8 млрд.теңгеге жетті

АСТАНА. 16 наурыз. ҚазАқпарат - Қаңтар-ақпанда бөлшек сауда көлемі өткен жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 10,6 пайызға жоғарылады, деп хабарлады ҚР Статистика агенттігінің баспасөз қызметінен.

«2011 жылғы қаңтар-ақпанда бөлшек сауда көлемі өткен жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 10,6 пайызға жоғарылап, 511,8 млрд. теңгеге жетті. Ағымдағы жылғы ақпанда 2010 жылғы ақпанмен салыстырғанда тауарларды бөлшек саудада өткізу көлемі 9,9 пайызға жоғарылады», - делінген баспасөз хабарламасында.

Сондай-ақ ведомствоның атап өтуінше, ағымдағы жылғы қаңтар-ақпанда сауда кәсіпорындары арқылы тауарларды өткізу көлемі өткен жылғы қаңтар-ақпанға қарағанда 279,7 млрд. теңгеге жеткен немесе 7,3 пайызға артық.

Сауданың базарлармен және жеке кәсіпкерлермен тартымдылығы халықтың сатып алушылық белсенділігінің әлі де маңызды болуына байланысты орын алды. 2011 жылғы қаңтар-ақпанда осы арнада өткізу көлемі өткен жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 14,9 пайызға жоғарылады, аталған өткізу арнасының үлесі бөлшек сауданың жалпы көлемінде 45,4 пайызды құрады.

Бөлшек сауда тауар айналымы құрылымында азық-түлік емес тауарлар басым. Азық-түлік емес тауарлардың бөлшек саудада өткізілуі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 13,4, азық-түлік тауарлар - 6 пайызға ұлғайды.