***
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев агроөнеркәсіп кешені алдына мал санын арттыру, таяу жылдарда экспортқа шығарылатын ет көлемін 60 мың тоннаға жеткізу міндетін қойып отыр. Сондықтан да елімізде ауыл шаруашылығын 2020 жылдарға дейінгі кезеңде дамытудың кешенді бағдарламасы жасалып, жүзеге асырыла бастады. Бұл жөнінде «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында жазылған.
Республикада ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында «Ветеринария туралы» заңға біраз өзгерістер мен толықтырулар енгізілгені мәлім. Осындай өзгерістердің нәтижесінде ауылдық жерде малдәрігерлік қызмет сапасын арттыру үшін мамандарға коммуналдық төлемнен жеңілдіктер берілді, олар тұрғын үй алуға және салуға жеңілдетілген өсіммен несие алатын әлеуметтік сала мамандарының санатына жатқызылды, ауылға барған мал мамандарына көтермеақы төленетін болды. Осындай тұрмыстық игіліктер ынталандырған жас мамандар ауылдық жерлерге бара бастады. Өткен жылы Елбасының «Дипломмен - ауылға!» жобасы бойынша 13 жас маман ауылдық округтерде жұмысқа орналасты. Бұл үрдіс биыл да жалғасын тауып, осыншама жас түлектер ауылдық жерлерге баруды ұйғарып отырған көрінеді, деп жазады басылым.
Газеттің келтірген мәліметтері бойынша, осы бастамалардың арқасында Ақтөбе облысындағы ветеринариялық стансаларға 13 «Джип» және дәрілеу қондырғысы орнатылған осыншама «УАЗ», ауылдық округтердегі осындай пунктерге 137 «Нива» автокөліктері табыс етілген. Осы автомобильдерді қоса есептегенде 60 түрлі малдәрігерлік құрал-жабдықтар сатып алуға 588 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінген көрінеді. Бұдан басқа қазір облыстың төрт ауданында бес ветеринариялық зертхананың құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып қалды. Олар да осы заманғы озық зертханалық құрал-жабдықтармен жарақтандырылып, жақын күндері пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Мақала «Мал дәрігерлері көлікті болды» деген тақырыппен берілген.
Тараздық Қадір ака біздің газетіміздің оқырмандарына осыдан бірер жыл бұрын Елбасына өз ауласында өсірген жүзімдері мен гүлдерінен жинақталған бейнекассета мен фотоальбом жіберіп, амандық тілеп жолдаған хаты арқылы таныс. Президент Кеңсесінің басшысы Махмұт Қасымбеков қол қойған жауап хатта Елбасының бағбандық өнерге ризашылық танытқаны мен өзінің шынайы алғысын жеткізуді тапсырғаны айтылады. Бұл жайында сол кездері газетіміздің Жамбыл облысындағы тілшісі жазған мақалада толық айтылған-ды. Жуырда еңбекті жанына серік еткен ақсақалмен жолығудың сәті түсті, деп жазады «Егемен Қазақстан» бүгінгі санындағы «Тараздық бағбан тағылымы» атты мақалада.
Интернеттегі жүзім жайындағы мәліметтерді бір шолғанымда, оның тамырын тереңге жайғандары елу-алпыс жылдай өмір сүретіндігін оқығаным бар-ды. Қадір аканың жуандығы отыз сантиметрге жуық ең үлкен жүзім түбін көріп, одан қанша уақыт болғанын сұрағанымда, қырық жылдан асқанын айтты. Жапырағынан жүзімі көп салған бұл түпте қыруар мәуе бастарын көріп еріксіз таңдай қақтық, деп жазады автор.
Мақалада Қадір атаның жүзім өсірудегі көп жылғы еңбегі мен тәжірибесі, жүзімнің сорттары, жүзім өнімді болу үшін оны күтіп-баптаудағы тәсілдер егжей-тегжейлі айтылады.
***
Көп ұзамай Каспий теңізінде аса ірі, жаңа бір әскери күш пайда болмақ. Бұл жөнінде жақында ғана Әзірбайжан парламентінің қауіпсіздік және қорғаныс жөніндегі комитетінің өкілі, депутат Захид Орудж мәлімдеді.
Оның әңгімесінің ауанына қарасақ, алдағы уақытта Түркия мен Әзірбайжан армиясы бірігетін көрінеді. Оның айтуынша, экономикалық, саяси, дипломатиялық қарым-қатынастан тыс, аймақтың қауіпсіздігі, тұрақтылығы, өңірлік мәселелер бойынша екі елдің ойы бір жерден шығып жатыр, деп жазады «Айқын» бүгінгі санында.
Автор әлемдік саясаттағы әр елдің мүддесі туралы жан-жақты талқылай келе, мұндай әрекеттердің астарында не жатуы мүмкі екендігіне сараптама жасайды. Оның айтуынша, Түркия мен Әзірбайжан армиясы қосылу-қосылмауын уақыт көрсете жатар. Ең бастысы, екі елдің қарулы күштері 1992 жылдан бері талай мәрте түрлі келісімшартқа отырды. 2010 жылы «агрессия бола қалса, көмек беру жөніндегі келісімге келді. Осының өзі көп нәрсені аңғартса керек. Қалай десек те, АҚШ Қап тауындағы үлкен ойынды қолға ала бастады десек жаңылыспаймыз. Өйткені осылай ету арқылы Ақ үй Иранға да, Ресейге де тізесін батыруға тырыспақ. Бір қызығы, жақында ғана НАТО-ның мүшесі Румыния Молдованы (біртұтас ұлтпыз деген мақсатта) өзіне қосып алуға, армиясын біріктіруге алғашқы қадам жасады. Венгрия Украинаға қарасты Карпат тауларының кейбір тұстарына байланысты дау көтерді. Польша да Украина мен Беларуспен жер дауы бар екенін айта бастады. Мұның бәрі тегін болмаса керек-ті. Бұл елдердің барлығы басында АҚШ тұрған әскери блок НАТО-ның мүшелері. АҚШ Ресейді ақырын-ақырын қаусыра қоршап, біртіндеп бөлшектеудің алғы шарттарын жасай бастады деуге болады. Мақала «Қап тауындағы қарбаластың сыры неде?» деген тақырыппен беріліп отыр.
Атырауда «Хазардан-Қазаққа» атты тарихи экспедиция жорыққа шықты. Бейбарыс бабаның еңселі ескерткіші алдынан бастау алған тарихи жорық облыстың барлық аудандарына барып, тарихи-деректі құңдылықтар туралы арнайы фильм түсіреді. Бұл туралы «Айқынның» бүгінгі санында «Хазардан - қазаққа дейін» деген мақалада жазылған.
Мақалада айтылғандай, ғасырлар өтсе де, маңыздылығын жоймайтын тарихтың куәсі - Ұлы Жібек жолын негізге ала отырып, Атырау облысы өңіріндегі тарихи-мәдени мұраларға саяхат жасау осы экспедицияның мақсаты. Аймақтың тарихи-мәдени мұрасын қорғау, оны қалпына келтіру мен пайдалану жөніндегі мемлекеттік инспекцияның мәліметтеріне сүйенсек, бүгінде облыс бойынша 313 тарихи-мәдени ескерткіш, 525 мәдени нысан тіркелген.Туған өлкеміздің баға жетпес тарихи мұрасы өлкетанушы, археолог, тарихшылар мен журналистердің деректері арқылы қалың жұртшылыққа жеткізілмек. Бұл ұлттық құңдылығы маңызды жобаны ұсынушы «Қазақстан» РТРК» АҚ облыстық филиалы болса, оны қолдаушы Атырау облысы әкімдігі.
Экспедиция топ жетекшілерінің айтуынша, Мақат ауданында басталатын алғашқы сапар тарихи оқиғалар мен жәдігерлері сырын бүгіп жатқан Жылыой, Қызылқоға, Индер, Махамбет, Исатай, Құрманғазы аудандары мен Атырау қаласының елді мекендерінде жалғасады. Айтарлығы, облыс тарихында бұрын-соңды болмаған жоба аясында - 10 бөлімнен тұратын деректі фильм түсіріліп, онда тарихи-деректі және көркемдік құндылығы жағынан бүгінге және келешекке қажетті маңызды дүниелер топтастырылатын болады.