Аталған құжат бойынша баяндама жасаған ҚР Қаржы министрі Болат Жәмішевтің айтуынша, қаулы жобасы ағымдағы тарихи төмен базалық пайыз бағамдарының жағдайында капиталдың сыртқы нарықтарына мемлекеттік бағалы қағаздар (еурооблигациялар) шығару жолымен 2013 жылы республикалық бюджет тапшылығын қаржыландыру мақсатында әзірленді.
Белгілі болғанындай 2013 жылғы республикалық бюджет тапшылығы 785,2 млрд. теңге көлемінде немесе жалпы ішкі өнімнің 2,1 пайызымен бекітілген. Тапшылықты қаржыландыру ішкі нарықта 537,1 млрд. теңге мөлшерінде, ал сыртқы нарық есебінен 248,1 млрд. теңге мемлекеттік бағалы қағаздар шығару арқылы, сондай-ақ оның ішінде одан 150 млрд. теңге еурооблигация шығару есебінен жоспарланып отыр.
Жалпы, биылғы 1 қаңтардағы үкіметтік борыш 3626,3 млрд. теңгені құрады. Ішкі борыштың үлесі 80 пайыз немесе 2896,9 млрд. теңге, сыртқы борыш үлесі 20 пайыз немесе 729,3 млрд. теңге көлемінде. 150 млрд. теңге мөлшерінде еурооблигация шығарылатын болса, сыртқы үкіметтік борыш 879,3 млрд. теңгені немесе үкіметтік қарыздар қоржыны мөлшерінің 24,2 пайызын құрайды.