***
« Егемен Қазақстан » газетінің жазуынша, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасын қолдап, оны жүзеге асыру бойынша Жол картасы аясында кәсіпкерлерді сыбайлас жемқорлықтан қорғау шараларын әзірлеуге қатысуды ұсынды. ҚР ҰКП Басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов отырыста сөйлеген сөзінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жолында «Нұр Отан» партиясының атқарып отырған жұмысына толық қолдау танытып, кәсіпкерлік қызметте жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алуда бюрократиялық процедураларды жеңілдету және осыған жергілікті атқарушы органдардың белсенді түрде жәрдемдесуі пәрменді шара екенін атап өтті. «Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өз тарапынан «Іскерлік ахуал» тәуелсіз рейтингінің нәтижелерін, сондай-ақ, Ұлттық палатаға кәсіпкерлерден келіп түсетін өтініш-хаттар бойынша статистика мәліметтерін ұсына отырып, «Нұр Отан» партиясының Мемлекет басшысы мен қоғам алдында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бағдарламасының жүзеге асырылуы бойынша дайындайтын жыл сайынғы есебін әзірлеуге қолұшын беруге дайын екендігін білдірді», - делінген « Кәсіпкерлер жемқорлыққа қашанда қарсы » атты тақырыппен берілген мақалада.
Биылғы Парламент Сенаты депутаттарын сайлау үдерісіне еліміздің сыртқы саясат ведомствосының ұсынысымен шетелдер мен халықаралық ұйымдардан 129 байқаушы тіркелсе, соның бірі - Грузия өкілі. Арнайы байқаушы ретінде келген Грузия парламентінің мүшесі Михаил Мачаварианимен « Егемен Қазақстан » тілшісі әңгімелесіп, оны басылымның бүгінгі санында « Бұл әділ сайлау мүмкіндігі » деген тақырыппен жариялады. Басылым тілшісінің сауалдарына тұщымды жауап қайтарған байқаушы: «Сайлаудың бұл түрі, яғни халық өкілдері арқылы сайлау халықаралық тәжірибеде бар. Бізде де бұған дейін жергілікті өзін өзі басқару жүйесі сайлана салысымен аудан басшысын таңдап алатын. Мен өзім сол жүйені қатты қолдаған едім. Қазір ол өзгертіліп, жергілікті аудан басшылығы тікелей сайлау арқылы таңдап алынатын болған. Сондықтан да ең бастысы - қай елде болмасын, қай жерде сайлау өтпесін депутаттыққа кандидаттардың сайлануға деген мүмкіндіктері сақталуы тиіс. Сіздерде әділ сайлау өткізуге мүмкіндік мол дегім келеді», - дейді.
***
«Түркі әлеміне ортақ «әліпбидің» қажеттігіне кейбір сенаторлар күмән білдіруде. Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Сенаттың кешегі жалпы отырысында депутаттар Мәжіліс мақұлдаған «Түркі академиясын құру туралы» келісімді қарады», деп жазады « Айқын » газеті бүгінгі санындағы « Латын әліпбиі керек пе? » деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, отырыс барысында сенатор Қожахмет Баймаханов түркі елдеріне ортақ әліпбидің қажетсіздігі туралы ойын ашық айтты: «Біздің қалыптасқан өз кириллицамыз бар емес пе?», - деді ол. Егер латыншаға көшсек, Кеңес тұсындағы әдеби-шығармашылық мұралардан келер ұрпақ көз жазып қалады деп алаңдайтындар депутаттар арасында да бар екен. Дегенмен, Түркі академиясының басшысы Дархан Қыдырәлі басу айтып, оның ғасыр ортасына таяу келешектің үлесінде екендігін хабарлады. «Өзбекстан, Түрікменстан, Әзірбайжан латын қарпіне көшкен. Сол себепті Түркі академиясын құру кезінде оның міндеттері мен мақсаттарына «жинақталған әліпби түзу» Әзірбайжан мен Түркияның ұсынысы ретінде кіргізілген болатын. Себебі халықаралық құжат дайындалғанда, ұйым құрушы мемлекеттердің ымыра-консенсустық шешімі негізге алынады. Осы бойынша «егер болашақта, яғни 2020, не 2050 жылдарға қарай Қазақстан латын қарпіне көшетін болса?» деп алынған. Жалпы, 1926 жылғы Баку конгресінің шешімі бар, сонда әліпбилерді жақындастыру туралы ұсыныс жазылған. Сондықтан Келісімге де енгізіліп отыр», - деді Д.Қыдырәлі.
Қазақ журналистикасы үйсіз-күйсіз жүргелі қашан?! Мемлекеттік стандартқа енгізілмеген журналистік ұйымдар пәтер мәселесі бойынша тіркелуге де құқы жоқ. Ақыл-ой иесі, шығармашылық адамы баспанасыз жүр? Бұл - бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі. Дәл осы жайтты қозғаған « Айқын » газетінің жазуынша, кеше Сенаттың жалпы отырысында тілші қауымды күпті еткен баспананың жырын алғашқы болып депутат Нұрлан Оразалин көтерді. Депутат өз сөзінде: «Қазақстан жұртшылығына рухани қызмет көрсетіп, республика көлемінде болып жатқан жаңалықтар мен ақпараттардың дер кезінде тарауына, сонымен қатар сағат-сәт сайын өзгеріп тұрған жаһандану жағдайындағы әр алуан дүниелік құбылыстарды тануда қомақты міндет атқарып жүрген журналистер қауымының қоғамдағы орны арта түсуде. Бұл - дәлелсіз шындық», - дей келе, елімізде 252 электрондық БАҚ-тың, 146 телерадиокомпанияның, 88 арна мен 58 радионың, 1364 газет пен 522 журналдың, 64 ақпарат агенттігінің бар екендігін айтты. «Сенатордың сөзінде шындық бар. Қазіргі таңда жас журналистердің көбі отбасымен пәтерден-пәтерге көшіп, сандалып жүр. Тапқан-таянғандарының көбі пәтер жалдауға кетеді. Ал Алматы мен Астанадағы пәтер жалдау құнының қымбат екені белгілі. Айлық жалақыңыздың сексен пайызын жалға беріп отырса, қалған ақшаға қалай күн көруге болатынын өзіңіз-ақ бағамдай беріңіз», - деп жазады басылым. Мақала « Қара лашық арман боп... » деген тақырыппен берілген.
*** 26 мыңға жуық алматылық ішімдікке салынған белгілі болып отыр. Бұл жайында «Литер» газетінің бүгінгі санындағы «Заточённые в бутылке» деген тақырыптағы мақалада баяндалған. Басылымның жазуынша, Алматыда медициналық-әлеуметтік оңалту қалалық наркологиялық орталықта екі мыңнан астам әйел «алкоголизм» диагнозымен есепке алынған. Ресми деректерге қарағанда, ағымдағы жылдың 1 қазанында 444 жасөспірім ішкіш ретінде есепке тіркелген. Бұл емделуге өз еркімен келіп, тіркелгендер. Емделушілердің арасында егде жастағы адамдар да кездеседі. Алматы облысына қарасты бірқатар аудандық әкімдіктерде тестілеуден өткендігі жайында жалған сертификатпен жұмысқа тұрған шенеуніктер қызмет етіп келген, деп жазады «Экспресс К» газеті жұма күнгі нөміріндегі «Мы академиев не кончали» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуынша, қазіргі күні мұндай жалған сертификатпен жұмыс істеген 33 қызметкер анықталып отыр. Тіпті, кейбір шенеуніктер лауазымын көтеріп те үлгерген. Прокуратура органдарының анықтауынша, мұндай жалған сертификаттарды Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облыстық департаменті қызметкерлері дайындаған. Істі ендігі уақытта қаржы полициясы тергеуге алды.