«Қара жорғадан» айырылып қалмайық» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі 17 шілде, бейсенбі күнгі республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрген өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Денсаулық сақтау саласына қатысты көңілді жабырқататын кемшіліктер еліміздің көптеген газет-журналдары мен телеарналарда, интернет сайттарда жарияланып жатыр. Аз емес. Үстіміздегі жылдың өзінде-ақ, мұндай келеңсіз жайттар жоғарыда аталған әр басылымды ашып қалсаңыз болды, көзіңізге бірден түседі. Ондай хабарлардан жүрегіңіз ауырмаса, кәнеки. Мәселе, ондай хабарлардың уақтылы жариялануында емес, мәселе осындай жағдайлардың орын алуына жол беріп отырған кімдер деген сұраққа тіреледі», деп жазады « Егемен Қаза қ стан » газеті бейсенбілік санындағы «Салғырттық» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуынша, прокурорлар 2014 жылдың 4 айында (2012, 2013 жж.) денсаулық сақтау заңнамаларын қолдануына 276 (1198, 1172) тексерулер жүргізіп, олардың нәтижесі бойынша 7156 (19574, 27052) заң бұзушылықтар анықталған. Сөйтіп, ашығын айтқанда, прокурорлық ықпал ету шараларымен ғана денсаулығын сақтауға және кепiлдi медициналық көмектiң көлемiн тегiн алуға тиіс 6814 (37708, 37844) азаматтың конституциялық құқықтарын қорғауға қол жеткізілген көрінеді. Прокуратура органдарымен анықталған заң бұзушылықтарды жою мақсатында 334 (1063, 1044) ұсыныс енгізіліп, 72 (54, 33) заңсыз акті жойылған. «Осылайша еліміздегі денсаулық сақтау ісін айрықша тексеру барысында анықталған кемшіліктерге байланысты, яғни прокурорлық ықпал ету актілерімен 1347 (4316, 3922) лауазымды тұлға түрлі жауапкершіліктерге тартылып, оған қоса, 8 (20, 18) қылмыстық іс қозғалған. Бұл аз ба, көп пе, өзіңіз есептей беріңіз. Бірақ осыншама лауазымды адам жауапкершілікке тартылып, соншама қылмыстық іс қозғалған соң, енді кімнен не қайыр күтеміз?» - дейді мақала авторы.

***

Алатаудың арғы бетіндегі айырқалпақты ағайындар соңғы кездері ғаламтор беттерінде «Қара жорға - қырғыз халқының ұлттық биі» деген бейнежазбалар тарата бастады. Олар қазақтың ұлттық мұрасын өз елдерінде насихаттап қана қоймай, қазір түбегейлі патенттеп алу мәселесін қарастырып жатқан көрінеді. Тіпті ауызекі айтылған болжам-деректердің анық-қанығы дәлелденбей жатып, «Қара жорғаны» өз аттарынан алыс-жақын шетелдерге шығарып та үлгерген. Бұл жайында « Айқын » газетінің бүгінгі санындағы « Қара жорғадан » айырылып қалмайық » деген тақырыптағы мақалада жазылған. Басылымның жазуынша, даулы әңгіменің өршуіне Қырғызстан телеарнасында көрсетілген бір ток-шоу себеп болып отыр. Бағдарламаға қатысқан Болот Дыйқанбаев есімді кәсіпкер 2003 жылы Қытай мемлекетіне барған сапарында қазақ жігіттерінің «Қырғыздың ескі биін билей аласыз ба?» деп сұрағанын алға тартады. Бауырластарымыз оған «Қара жорғаны» құлжалық қырғыздардан үйреніп, клип түсіргенін айтып, мақтаныпты-мыс. Сонымен қатар мақалада Мұратбек Сарыбасовтың орындауында кең тараған «Қара жорға» әнінің мәтінін өңдеп, қайта толықтырып жазған ақын Серік Қалиевтің де пікірі берілген. «Қырғыз кәсіпкерінің дәлелсіз айтқан сөзіне бола, байбалам салып, даурығудың еш қисыны жоқ. Ғаламтордағы «қырғыз биі» деп жүрген әннің мәтіні - айна-қатесіз Мерей Тұрдақынұлының өлеңіне жазылған нұсқасы. Керек десеңіз, ақынның авторлар қоғамы арқылы заңға жүгінуіне құқы бар. Осыдан екі жыл бұрын жолым түсіп, Қытайдағы Қызылсу қырғыз автономия облысында болғанымда, қырғыз ағайындардың: «Сендердің «Қара жорға» билерің қайта жаңғырып жатыр», - деп қызыға әрі тамсана айтқанына куә болғанмын» деді ақын.

« Айқын » газетінің жазуынша, биыл 11 мың қазақстандықтың шетелдегі демалысы қиналысқа айналып кетуі мүмкін. Кеше Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасы төрағасының орынбасары Гүлнәр Құрбанбаева осынша отандасымыздың «жер жәннаты» саналатын шетелдік курорттарға туристік жолдама бойынша бара алмай қалуы мүмкіндігін мәлімдеп, дабыл қаққан. Басылымның жазуына қарағанда, бұған «Гүлнәр тур» компаниясы мен түріктің «Atlasjet» әуе тасымалдаушысы айыпты көрінеді. «Біздің бағалауымызша, бүгінде «Atlasjet Airlines» арқылы курорттарға ұшып бару мүмкін болмағандықтан, шамамен 11 мың Қазақстан азаматына демалыстан қағылу қатері төніп тұр», - деді Г.Құрбанбаева. Айта кетерлігі, қазіргі уақытта Бас проку¬ратура «Гүлнәр тур» операторын тексеруге рұқсат берді. Индустрия министрлігінің Индустрия және туризм комитетінің мәліметінше, тексеру 10 күннен аспайды. Содан кейін тексеру ма¬териалдары сотқа тапсырылады. Сот істі қарай келе, «Гүлнәр турдың» ары қарайғы қызметіне тиым салуы ықтимал. Мұның сыртында «Гүлнәр турға» қатысты қылмыстық іс қозғалды. Мақала « Кім кімді алдап отыр? » деген тақырыппен берілген.

***

Таяуда Алматыдағы караоке клубтардың бірінде қазақстандық көріпкел Заман Сыпатаев оққа ұшты. Бұл жайында « Экспресс К » газетінің бейсенбілік санындағы « Заговоренная пуля » деген тақырыптағы мақалада айтылған. «Караоке клубқа кіре бергенімде тосын дыбыс естідім. Ауырсынғанымды сезініп, иығымнан қан аққанын байқадым. Оқ сүйегімді талқандап, жұмсақ етке тұрып қалыпты. Егер мен сол сәтте басқа жерде болғанымда, бұл басқа адамның өмірін жалмар еді», - деп еске алады З.Сыпатаев. Айта кетерлігі, белгісіз азамат бұзақылық ниетпен оқ атқан көрінеді. Қазіргі уақытта ол абақтыға қамалып, сот шешімін күтуде. Ал көріпкелдің қолы біртіндеп жазылып келеді. З.Сыпатаевтың айтуынша, ол оқиға орын алардан бір апта бұрын түсінде оқты жалаң қолымен қағып алғанын көрген. Дегенмен, көріпкел оны Украинадағы оқиғалармен байланыстырған екен. Айта кетерлігі, ол Киевте өткен көріпкелдер шоуына қатысқан болатын.

***

«Олимпиада чемпионы Валерий Тихоненко «Алматы» баскетбол клубының қаржысын талан-таражға салғаны үшін сегіз жылға бас бостандығынан айырылған ағасы Игорь Тихоненкоға жария түрде қолдау білдірді», - деп жазады « Время » газеті « Пострадал из-за баскетбола » деген тақырыптағы мақаласында. «Баскетболды жақсы көргенің үшін сегіз жыл беру дұрыс емес. Егер сотталған мерзіміне қарасақ, менің ағам көп қаржы ұрлаған. Бірақ, іс жүзінде ол отбасынан ақша алып, баскетболды дамытуға жұмсады. Біз анамыздың пәтерінен айырылдық, ол оны бірнеше мәрте кепілге қойған екен. Кейіннен оны мен сатып алдым. Оның көлігі де жоқ, жаяу жүретін. Егер ол ұрласа, онда мен Игорьдың жақсы өмір сүре бастағанын, демалуға жиі шығатынын, көлік сатып алғанын бірінші байқар едім. Бірақ оның дымы да жоқ. Ол барлық қаражатын, отбасы қаражатын және менің де қаражатымды баскетболға салды. Ол Алматыда осы спорт түрін көтергісі келді, ақыр аяғында түрмеден бірақ шықты», - деді В.Тихоненко.