«Қараағаштың қадірін білмей жүрміз» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 21 қаңтар, бейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» газеті бүгін еліміздің салық жүйесінің өзіндік ерекшеліктері мен даму бағыттары баяндалған мақала ұсынып отыр.Қазақстанда салық жүйе­сінің өзіндік бір ерекшелігі бар. Мәсе­лен, Германияда салықтың 50 түрі, біздің елде 13 түрі бар. Неге? Өйткені, салық­тың басқа төлемдерден ерекше еке­ніне байланысты оған арнайы мәрте­бе беріп отырмыз. Салықтар және бас­қа да бюджетке төленетін міндетті төлем­дер­ді қоссақ, яғни салықтың 13 түрі, алым­дар­дың алғашқыда 13, қазіргі кезде 6 түрі, 9 төлемақы, мемлекеттік баж, кеден төлемдері, консулдық алымдардың барлығы 50-ге жақындап қалады екен. «Мемлекет басшысы Н.Назарбаев ұсынған «100 нақты қадамда» салыққа қатысты бірнеше қадамдар бар, атап айтқанда, 37-қадамда «Салық және кеден саясатын және ресімдерін оңтайландыру», 39-қадамда «Кеден және салық жүйелерін интеграциялау. Тауар салық салу мақсатында Қазақ­стан аумағына кірген кезеңнен бастап оны сатқанға дейін бақылауға алынады», 42-қадамда «2017 жыл­дың 1 қаң­та­ры­нан мемлекеттік қызметкерлер үшін, одан әрі барлық азаматтар үшін кірісті және шығысты жалпы жариялау­ды кезең-кезеңмен енгізу», 43-қадамда «Салық декларацияларын қабылдау және өңдеудің орталық желісін құру. Орталық салық төлеушілердің электронды құжаттарының бірыңғай мұра­ғатына кіру мүмкіндігіне ие болады. Декларанттар салықты бақылау бойынша шешім қабылдау үшін тәуекел санаттарына бөлінетін болады. Жариялауды бірінші рет тапсырған жеке тұлғалар үш жыл мерзімде қайта тексерістен өтпейтін болады», 44-қадамда «Жанама салық салу тетіктерін жетілдіру. Қосылған құн салығының орнына сатудан салық алуды енгізу мәселесін жан-жақты зерттеу», 45-қадамда «Кіріске және шығысқа салық есебін міндетті түрде енгізу арқы­лы қолданыстағы салық режімін оңтай­ландыру» міндеттері күн тәртібіне қойыл­ған»,-деп жазады басылым. Салық саласында тағы қандай өзгерістер мен реформалар күтіп тұрғанын білгіңіз келсе, «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында жарық көрген «Салық саясатын оңтайландыру тиімділігі» атты мақаланы оқыңыз.

«Жоңғар хандығы» тарих сахнасына қайдан шықты? Ұлы Шыңғыс ханның, кейінгі - Жошы, Шағатай, Өгедей, Төле ұлыстарының тұсында «санда - санаты, төрде - орыны жоқ» қонтайшылар (моңғолдар қыздан туған тақ мұрагерін «қоңтаушы» деп атайды) қалай және қа­шан қатарға қосылды? Бұған тарихшы Тұрсын Жұртбай былай деп жауап береді: Ширек ғасыр бойы осы сауалдарға қатысты барлық жауап­кершілікті мойыныма ала отырып, бұ­ған мен бір сөзбен: «Қасірет құйынын үйірген кекті қатындар мен кекті жатырда ұйыған хандық және кекті бесікте тербетілген «алтын ұрықтар» - деп жау­ап беремін». «Егемен Қазақстан» газетінде бүгін жарық көрген «Кекті бесік немесе немесе «кекті қатындар» мен «кекті жатырда» ұйыған хандық» атты мақаласында Тұрсын Жұртбай бұл жауабының себебін түсіндіреді, оқып көрелік.

***

«Айқын» газеті бүгін Қараағаш өсімдігінің қасиеті туралы жазады. Белгілі өсімдіктанушы, «Гүлстан» журналының бас редакторы Гөзел Құлжабаева «Айқынға» берген сұхбатында «өте өсімтал, ең бас­ты­сы, қатты күтіп-баптауды қажет ет­пей­тін қараағашты шөлге айналып бара жат­қан жерлерге жаппай егуді қолға алу керек» деген екен. «Қараағаш- нағыз Қазақстанға қа­жетті, біздің климаттың ерек­ше­лік­теріне әбден бейімделген ағаш. Шөлге шыдамды, топырақ талғамайды. Өте тө­зімді. Үлкен жапырақты, ұсақ жапырақты түрлері бар. Елімізде шөлейт жер­лер көп. Жердің құнары азайып ба­рады. Осыны көре жүріп, «неге біз қол­дағы барымызды ұқсата алмаймыз?» де­ген ой келеді. Өте өсімтал, ең бас­ты­сы, қатты күтіп-баптауды қажет етпейтін қараағашты шөлге айналып бара жат­қан жерлерге жаппай егуді қолға ал­сақ, экологиялық апаттардың алдын алатынымызға сенімім зор»,-дейді өсімдіктанушы. Қараағашты егіп, оны баптау жолдарын білгіңіз келсе және бұл ағаш экологияны тазартуда қандай рөл атқаратынын білгіңіз келсе, «Айқын» газеті жариялаған «Қараағаштың қадірін білмей жүрміз» атты мақаланы оқыңыздар.

Ал, Қазақстанның Туристік қауымдастығының мәліметіне сенсек, жыл өткен сайын елімізде ішкі және сыртқы туризмнің оңтайлы дамып жатқаны анық байқалады. Бұл туралы да «Айқын» республикалық газеті жазып отыр. «Елімізге жыл сайын 4,5-6 миллионның аралығында шетелдік туристер табан тіресе, оның дені Ресей, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Германия мен Түркия азаматтары. Бұл туристердің басым бөлігі саяхат бағыты ретінде Алматы қаласы мен облысын таңдаса, соның ішінде әсіресе, ірі мегаполистің тарихи-мәдени обьектілері мен Іле Алатауының шырайлы табиғатын тамашалауға ықылас білдіреді»,-делінген газет бетінде бүгін жарық көрген мақалада. Бұл туралы толығырақ «Туристерді елге қалай көбірек тарта аламыз?» атты мақаладан оқи аласыздар.

***

Ал, «Экспресс К» газеті бірнеше күннен бері Қазнетті шулатқан бейнероликтің мән-жайын жазады. Айта кетейік, қыздарына «арақ» құйып беріп, олармен стакан соғыстыра отырып, «ішімдік» ішкен әкенің қылығы елдің жағасын ұстатқан еді. Енді, міне, кеше бейнероликтегі әке Ішкі істер органдарына өзі келіп, «мен қыздарыммен осылай қалжыңдасамын, шөлмектің ішіндегі арақ емес, «Сарыағаш» суы болған. Үйде қалжың үшін түсірген бейнероликті Интернетке рұқсатсыз салғандардың үстінен арыз беремін», -деп, өз өтініш қалдырған. Алайда, полиция, роликте «арақ» ішкен екі балаға медициналық сараптама тағайындап отыр. Бұл іс енді БАҚ өкілдері мен полиция назарында болатыны анық. Бұл туралы толығырақ «Экспресс-к» газетіндегі «Папины дочки» атты мақаладан оқи аласыздар.