Алкогольсіз ауыл: Қарағанды облысындағы ауылға ерекше мәртебе берілді

АСТАНА. KAZINFORM – Қарағанды облысы Шет ауданының прокуратурасы «Құқықтық өмір салты» жобасын іске асыру аясында Шет ауданындағы Киікті ауылына «Алкогольсіз ауыл» мәртебесін берді.

Фото: hron.ru

Аталған бастама жергілікті тұрғындардың кең қолдауына ие болып, қоғам тарапынан оң бағаланды. Ауыл тұрғындары қоғамдық тәртіпті нығайтуға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған шараларды қолдап, жоғары белсенділік пен азаматтық ұстаным танытты.

Жоба аясында ауыл тұрғындары арасынан елші айқындалды. Ол тұрақты негізде халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға, заңға құрметпен қарау көзқарасын қалыптастыруға және қоғамдық жауапкершілік қағидаттарын нығайтуға бағытталған ақпараттық-түсіндіру және профилактикалық жұмыстар жүргізетін болады.

Облыстық прокуратура мәліметінше, аталған бастаманы іске асыру алдағы уақытта да жалғасады. Жүргізіліп жатқан жұмыстар халықтың құқықтық мәдениетін арттыруға, қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға, сондай-ақ қолайлы әрі қауіпсіз әлеуметтік ортаны қалыптастыруға ықпал етеді.

Шет ауданының прокуратурасы құқық бұзушылықтардың алдын алуға, заңдылықты нығайтуға және тұрғындар арасында салауатты өмір салты құндылықтарын ілгерілетуге бағытталған іс-шараларды жүзеге асыруды жалғастырып жатыр.

Қарағанды облысында 70-тен астам ауыл алкогольден бас тартқанын жазған едік.