Қарағандының жасыл белдеуі: Қарқаралы қарағайы, Бұйратау бизондары, үйеңкі алқабы
АСТАНА. KAZINFORM – Президент тапсырмасымен ел аумағында 2 млрд ағаш отырғызу міндеті қойылған. Соның 8 миллионы Қарағанды облысының үлесіне тиеді. Өңір бұл межені кейінгі бес жылда кезең-кезеңімен орындап келеді. Jibek Joly телеарнасының «ECO аудит» жобасы бұл жұмыстардың ауқымын жерден емес, әуеден, ең ықшам әрі ұшқыр Еврокоптермен шолып шықты.
Фото: видеодан алынған скрин
Қарағайлы қатпарлы Қарқаралы
Қарағанды облысында 8 бірдей орман шаруашылығы бар. Соның ішіндегі ең ірісі — Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі. Оның 112 мың гектардан астам аумағы ерекше қорғалатын табиғи аймаққа жатады. Ұлттық парк аумағының тең жартысы – аузы-басын түк басқан аласа таулар, Сарыарқаның желі мен жаңбырына әбден мүжіліп, ұшы мұқалған кәрі шоқылар. Өткір жүзін уақыт жонып, шөгіп қалған. Төбесі жұп-жұмыр сол таулардың үстінде жүзіктің көзіндей жарқырап бірнеше көл жатыр. Құзар шыңның басында құс ұясындай Шайтанкөл бар. Еріп жатқан мұздығы да, сарқырап аққан бұлағы да жоқ. Қайдан пайда болғаны белгісіз.
Фото: видеодан алынған скрин
Кейінгі жылдары Қарқаралыда қарағайдан гөрі қарағаш көбірек егілген. Тау топырағын зерттеген мамандар «осы дұрыс» деп топшылапты. Себебі қарағай – шырша тұқымдасына жататын талғампаз ағаш, күй талғайды, күтімді көп қажет етеді. Ал қарағаш жер таңдамайды: қақаған аязға да, аптап ыстыққа да төзімді. Жел жұлқыласа да сынбайды, айлап су ішпесе де қурап қалмайды. 2019-2025 жылдары парк аумағында 150,9 гектар жерге ағаш егілді. Оның 64,3 гектары – жапырақты, 86,6 гектары – қылқан жапырақты ағаштар.
Фото: видеодан алынған скрин
– Мұның бәрін қолмен егеміз. Қатарлардың арасы 3 метр, әр ағаштың аралығы – 75 сантиметр. Қыста қарды үйіп, көшеттердің үстін жауып қоямыз. Көктемде өсімдік оянбай тұрғанда қарға көміп сақтаймыз да, кейін алып егеміз. Сонда бірден тамыр алып кетеді, - дейді Қарқаралы орманшылығының басшысы Азамат Нұрқайдаров.
Осыдан 30 жыл бұрын бұл жоталардың арасы сыңсыған қарағай еді. Алайда 1997-1998 жылдары болған алапат өртте соның бәрі шырпыдай жанып кетті. Орманды ойсыратып кеткен сол оқиғаны жұрт ұмыта қойған жоқ.
Фото: видеодан алынған скрин
Қазавиаорманқорғау мекемесінің Қарқаралы авиациялық бөлімшесінің басшысы Тимофей Плотниковтың айтуынша, былтыр Қарқаралы ормандарында жеті бірдей өрт тіркелген. Барлығы найзағайдан тұтанған. Ал тау шатқалдарына жету оңай емес. Сондықтан өрт сөндіруші десантшыларды тікұшақпен жеткізетін де – осы Тимофей бастаған топ.
– Қарқаралы ұлттық паркіне қарасты Бақты орманшылығында мынадай жағдай болды: Өрт шыққанын ести сала десантшыларды оқиға орнына жедел жеткіздік. Сәлден соң жел ойламаған жерден бағытын өзгертіп, от одан одан сайын бықсып, тау бөктерінде қалың түтін қалыптасты. Біздің жігіттер ащы ыстың тұтқынында қалды. Оларды эвакуацияларға тура келді. Барсақ, үстері қап-қара күйе, қалың түтіннің арасынан кино кейіпкерлеріндей шығып келеді.Негізі авиациялық өрт сөндірушілер тобында бір нұсқаушы, 7 десантшы бар. Тікұшақ қона алмайтын жерлерге арқанмен түсіретін құрылғымыз бар. Өрт сөндіретін және қорғаныс құралдарымыз түгел әрі жап-жаңа, - дейді Т. Плотников.
Фото: видеодан алынған скрин
Бұйратаудың бизондары
Сарыарқа төсінде канадалық бизон барын жұрт енді ғана біліп жатыр. Олардың мұнда жеткізілгеніне жеті-ақ жыл болды. Сол он бас бүгін 28-ге жетті. Басы қазандай, мойны өркештенген, түрі сұсты жануардың бұзауы жирен түсті, сүйкімді болады екен.
Бұйратау ұлттық табиғи паркіндегі «Белодымовский» филиалында 400 гектарға жететін Орталық Қазақстандағы ең үлкен қоршау бар. Бизондармен бірге мұнда маралдар мекендейді. Асыл бұғы деп аталған бұл жануардың саны көбейіп, 4 жүздейі қоршаудың сыртына шығарылған. Жалпы ұлттық парк аумағында 60 түрлі аң мекендейді. Соның ішінде Қызыл кітапқа енгені – арқар. Иір мүйіз, тас тұяқ – осы парктің символы.
Бұйратауда қалың орман жоқ. Әр жерде бір шошайған қайыңды тоғайлар бар. Өзен аңғарларындағы көктерек пен қандыағаш өседі. Сирек кездесетін бұл ағаш әлемде бес-ақ жерде бар, дейді филиал директоры Айтман Омарбеков. Көктемде діңгегінен қып-қызыл шырын ағады. Сондықтан халық «қандыағаш» деп атап кеткен.
– Бұйратау екі филиалға бөлінеді және бірден екі облысқа қарайды. Ақмола облысында 60 мың гектар, Қарағанды облысына «Белодымовский» филиалында 28 мың гектар аумақ бар. Соның бәрін қосқанда, 10 пайызы ғана орманмен көмкерілген, - дейді А. Омарбеков.
Фото: видеодан алынған скрин
Ал Сағыныш Әзімов бұған дейін «Көлсай» паркінде қызмет еткен. Енді Бұйратауды да сол деңгейге жеткізгісі келеді. Өйткені тауы, бауы, көлі бар, жазық дала, белі бар. Жонында арқар, бұлан, бизон жортқан. Суырлары состиып, жолыңды тосқан. Табиғаты бай өлке. Әрі Астанадан алыс емес. Тек жолды жөндеп, жарық, су, интернет тартса, инвесторлар мен туристер өзі-ақ ағылар еді. Ал қазір келім-кетімнен там-тұмдап түсетін 8-10 млн теңге түкке жетпейді.
– Инвесторлар тартып, визит-орталықтар, экодомдар мен глэмпингтер салуды жоспарлап отырмыз. Биыл туристерден шамамен 10 миллион теңге түседі деп күтіп отырмыз. Соған Әжібай деген көлімізде балық аулауға арналған айлақтар салу жоспарда бар. Сонымен бірге, жол белгілерін орнатып, от жағуға болатын және болмайтын орындарды белгілейміз. Орындықтар, темекі шегетін арнайы аймақтар, әжетханалар мен бағыттаушы белгілер де қойылады. Демалуға келген адам жақсы әсермен қайтуын қалаймыз, дейді «Бұйратау» МҰТП бас директорының орынбасары Сағыныш Әзімов.
Фото: видеодан алынған скрин
Цифрлық бақылау, өртке қарсы жаңа жүйе
Техникалық жарақтану жағынан Қарағанды облысы өзге өңірлерден көш ілгері. Түкпірдегі тоғайдың да, орталықтағы орманның да маңында өрт сөндіру техникалары дайын тұр. Ал қорықшылар мен орманшылар – әскери тәртіппен жүретін жасыл жауынгерлер іспетті.
Жедел басқару орталықтары енді орман шаруашылықтарына да енгізіле бастады.
– Орман қорына 18 бейнебақылау камерасы орнатылған. Олар 360 градусқа айналып, тәулік бойы бақылау жүргізеді. Түтін немесе төтенше жағдай байқалған сәтте жүйе бірден орталыққа сигнал жібереді. Мұнда операторлар ақпаратты қабылдап, дереу техника мен күшті жұмылдырады, - дейді Қарқаралы МҰТП директоры Руслан Түлепбеков.
Қарқаралы орман алқабында осындай 18 бақылау мұнарасы орнатылған. Тепловизор жүйесі бар камералар түнде де қозғалысты қалт жібермейді. Олар тек өрт пен түтінді ғана емес, адасып қалған туристерді де анықтай алады.
Ақпараттық жүйе күн энергиясымен жұмыс істейді. Күн жеткіліксіз болса, дизель генераторы автоматты түрде іске қосылады. Бұл серверлік жүйе отандық мамандардың жобасымен әзірленген.
Сонымен бірге, облыста модульдік үлгідегі 6 жаңа орман өрт сөндіру станциясы салынған.
Фото: видеодан алынған скрин
Үйеңкі алқабы өсіп келеді
Елімізде баламасы жоқ ерекше тұқымбақты да Қарағанды облысында салу жоспарланып отыр. Онда «жабық тамыр жүйесі» әдісі қолданылады. Яғни көшеттер топырағымен бірге түйін күйінде сақталады. Бұл олардың жерсіну деңгейін 80-90 пайызға дейін арттырады. Қазіргі таңда жобаның сметалық құжаттамасына қаражат бөлінді. Қыркүйек айына дейін құжаттар дайындалып, құрылыс жұмыстары басталады.
Қарағандыда қазір бір ғана тұрақты тұқымбақ жұмыс істейді. Нысанның аумағы – 81 гектар. Бұл шаруашылық бүкіл өңірді көшетпен қамтамасыз етеді.
– Қарқаралы, Ақтоғай және Қу орман шаруашылықтары көшеттерді осы жерден алады. Бізде жаңбырлатып суару жүйесі бар. Бұл италиялық қондырғы, 2013 жылдан бері жұмыс істеп тұр. Аумақ ұлғайған сайын қосымша жабдықтар да алынады, - дейді Орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі Қарағанды шаруашылығының директоры Мақсат Мұқанов.
Фото: видеодан алынған скрин
Қарағандының топырағы аса құнарлы емес, құрғақ, сортаң жер. Су тисе, арамшөп қаптайтын әдеті. Оны біртіндеп жұлмаса, қасындағы көшет қылтиып өспейді. Мұндай ауыр жұмысқа түрмеде жазасын өтеп жүргендер ғана көнеді. Орман шаруашылығы мен түзеу мемекесі арасында келісім бар. Бұл абақтыдағылардың жұмыс істеп, жалақы алуына, сол арқылы қоғамға бейімделуіне әсер етеді.
– Бұл үшін 80 гектар аумақ толық қоршалды. Айналасына жарықтандыру орнаттық, жалпы ұзындығы – 4,5 шақырым. Бағаналар қойылып, түнгі жарық жүйесі іске қосылған. Күзет пен бейнебақылау да бар, - дейді М. Мұқанов.
Облыста 2021 жылы 1,5 миллион түп ағаш егілген. Соның бір бөлігі бүгінде айқын нәтиже беріп отыр.
– Қазір кей көшеттер адам бойынан да биік болып кеткен. Бұл – үйеңкі ағаштары. Аумағы шамамен 5 гектар. Шығымы жақсы, 60 пайыз деңгейінде, - дейді жергілікті инспекция басшысының орынбасары Рашид Асқаров.
Енді Шахтинг қаласының іргесінде де үйеңкі алқабы пайда болады. Қара топыраққа қадалған мына шыбықтар 5-6 жылда жапырағы алақандай әдемі ағашқа айналады.
Фото: видеодан алынған скрин
Мамандардың айтуынша, үйеңкі бұл өңірдің табиғатына жақсы бейімделеді, төзімді өсімдік. 2025 жылдың күзінде жер толық дайындалып, 5 трактор мен 35 орман қызметкері жұмысқа жұмылдырылған.
Қарағанды маңында өткен ғасырдың 70 жылдары егілген орман бар. Жұпар иісі аңқыған қарағайлы қалың ну қазір халықтың саялайтын сүйікті орнына айналған. Енді 2 млрд ағаштың есебін түгелдеу үшін қарағандылықтар биыл тағы 2 млн нан аса көшет егеді. Олар да 40-50 жылда осылай көкке шаншылып өседі. Демек орманшылардың бүгінгі жұмысының жемісін келесі ұрпақ көреді.
Айжан Серікжанқызы Қасым Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Журналистика және саясаттану факультетінің түлегі. Мамандық бойынша РФ Татарстанның Қазан қаласында, Польшаның Вроцлав қаласында тағылымдамадан өткен. 2017 жылдан бері ҚазАқпарат агенттігінде жұмыс істейді.