Қарағанды әскери бөлімінде борышын өтеп жүрген төрт сарбаз 7 және 6 жылға сотталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағандыдағы 5451 әскери бөліміндегі төрт әскери қызметкер әріптесін өз-өзіне қол жұмсауына итермелегені үшін айыпты деп танылып, 7 және 6 жылға сотталды, деп хабарлайды Орталық аймақтағы әскери прокуратура.

«Істі Ақмола гарнизонының әскери сотының судьясы қарады. Үш әскери қызметкердің 7 жылға, қатаң тәртіптегі колонияда мерзімін өту жөнінде үкім шығарылды. Ал біреуі 6 жылға бас бостандығынан айырылды», - деп хабарлады әскери прокуратурадан.

Іс құжаттарына сәйкес, әскери қызметкерлер қатардағы жауынгерге жәбір көрсетіп қана қоймай, ұялы телефондарына ақша салуға мәжбүрлеген.

Бұған дейін хабарланғандай, өткен жылдың көктемінде Қорғаныс министрлігінің 5451 әскери бөлімінде қызметтестерінен жәбір көрген жауынгер Ринат Ахмульдинов бақылау мұнарасында атылып қалған болатын. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Марқұм болған солдат Павлодар облысынан шақырылып, бар болғаны төрт ай ғана әскери қызмет өтеп үлгерді.

Әскери-тергеу басқармасы төрт әскери қызметкердің әріптесін өзі-өзіне қол жұмсауына итермелегенін анықтады. Оларға сыбайлас топ болып, күш көрсету және соңы ауыр қылмысқа әкелетін, әскерилер арасындағы екіжақты жарғы ережесін бұзғаны үшін айып тағылды.