Қарағанды әуежайында «Союз ТМА-18» ғарыш кемесінің экипажын қарсы алу рәсімі өткізілді

АРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ. Қыркүйектің 25-і. ҚазАқпарат /Валентина Елизарова/ - Қарағанды әуежайында «Союз ТМА-18» ғарыш кемесінің экипажы - ресейлік ғарышкерлер Александр Скворцовты, Михаил Корниенконы және НАСА астронавты Трейси Колдвелл-Дайсонды қарсы алу рәсімі өткізілді.

Орбитадан қайтып оралған ғарышкерлерді Қарағанды қаласының әкімі Бауыржан Әбдішев, Ресей Федерациясының әуе көлігі Федералдық агенттігі басшысының төрағасы Александр Ведерник пен Қазақстандағы РФ Елшілігінің кеңесші-елшісі Владимир Спринчан қарсы алды.

«Ертеден Сарыарқаның Қарағанды жері ғарышкерлерді қарсы алу мәртебесіне ие болуда. Бұл кездесу біз үшін - кезекті атаулы оқиға», - деді Қарағанды қаласының әкімі.

А.Ведерник экипаж мүшелеріне өз алғысын жеткізді. «Сіздер жарты жылдай уақыт орбитада болдыңыздар. Сіздер тапсырылған бағдарламаны ойдағыдай орындадыңыздар. Сіздер адамзаттың ғарыш кеңістігін бағындырудағы тағы бір қадамын жасадыңыздар», - деп атап өткен ол, ғарышкерлерді жерде тезірек оңалтудан өтуге тілек білдірді.

Экипаж мүшелері өз кезегінде ұшу мен қону кезінде көмектескендердің барлығына шынайы алғыстарын жеткізді. «Бізді Қазақстан жері жылы ауа-райымен қарсы алып отырғанына қуаныштымыз. Ол орбитадан қарағанда тамаша көрінеді. Адамдардың қонақжайлығы сезіледі. Біз шынында да Жерді сағындық», - деп атап өтті Александр Скворцов.