Қарағанды облыстық Қаржы полициясының бастығы журналистерге өзінің табысы туралы баяндады

ҚАРАҒАНДЫ. 3 ақпан. ҚазАқпарат /Валентина Елизарова/ - Қарағанды облысы бойынша Экономикалық және жемқорлық қылмыстарға қарсы күрес департаментінің бастығы Малғаждар Тәткеев ведомствоның 2010 жылғы жұмыс нәтижелеріне арналған баспасөз мәслихаты барысында журналистерге баяндап берді.

«Біз жыл сайын декларация тапсырамыз. Менің жасыратын ештеңем жоқ», - деді ол журналистердің елдің қаржы полициясының басшысы секілді өз табыстарын халыққа жария ету туралы өтінішіне.

«Менің жалақым шамамен айына 150 мың теңгені құрайды, - деп хабарлады облыстық Қаржы полициясының бастығы. - «Ланд Крузер» джип автокөлігім бар. Әйелімнің Көкшетау қаласында туған-туысқандарымен бірігіп ашқан сауда саласындағы жеке бизнесі бар».

М.Тәткеевтің айтуынша, жылжымайтын мүліктен онда аудан орталығында екі бөлмелі пәтер мен Көкшетау қаласында үш бөлмелі пәтері бар. «Қарағандыда қызметтік пәтерде тұрамын. 2008 жылдан бастап мені өзге бөлімшелерге ауыстырумен болды, сондықтан мен барлық жерде де қызметтік пәтерлерде тұрдым», - деді ол.

50 жастағы М.Тәткеев Көкшетау облысының Қызылту ауылының тумасы. КСРО ІІМ Қарағанды жоғары мектебін заңгер мамандығы бойынша тәмамдаған. Ішкі істер органдарында түрлі лауазымдық қызметтерде болды. Қаржы полициясы органдарында 1995 жылдан бері. 2009 жылы ҚР Экономикалық және жемқорлық қылмыстарға қарсы агенттігінде жұмыс жасаған.