Бала мектептен үйіне келе жатқанда шалқасынан құлап, жауырын тұсынан өткір заттың сұғылғанын сезгенін жеткізген. Орнынан тұра алмай жатқан баланы жолда кетіп бара жатқан ер адам көтеріп алып, ауруханаға апарған. Аудандық ауруханада оны бірден облыстық ауруханаға апару туралы шешім қабылданған.
«Рентгенограмма жасадық. Қарындаштың жүрекке жақын жерге сұғылғанын байқадық. Біз ота жасап, баланың кеуде қуысынан жасыл түсті қарындаштың сынығын алып шықтық. Қарындашты іздеп тауып алғанша біз оның ішкі мүшелерінің жасыл түске боялып қалғанын көрдік», - деді облыстық балалар ауруханасының жалпыхирургиялық патология бөлімінің меңгерушісі Аман Нәжіметдинов. Хирургтар қарындашты алып шығу үшін баланың кеуде қуысын ашқан. Қазір баланың жағдайы жақсы. Тек дәрігерлерді баланың ата-анасының оны ауруханаға әлі бір де бір рет іздеп келмеуі алаңдатып отыр.