Қарағанды облысында «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша мемлекеттік қолдауға ұсынылатын жаңа инвестициялық жобалар мақұлданды

ҚАРАҒАНДЫ. 16 наурыз. ҚазАқпарат - Қарағанды облысынан тағы бірқатар инвестициялық жобалар Индустрияландыру картасына қосуға және «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша мемлекеттік қолдау көрсетуге ұсынылатын болады.

Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Бұл мәселе облыс әкімі Әбілғазы Құсайыновтың төрағалығымен өткен Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі Үйлестіру кеңесінің кезекті отырысында қаралды.

Үйлестіру кеңесінің мүшелері аймақ экономикасының әртүрлі салаларына қатысты бес жобаны Индустрияландыру картасына қосуды ұсынды.

«Бұл - Абай ауданындағы «Астра-Агро» ЖШС-нің құны 284 млн. теңге тұратын вируссыз негіздегі картоптың элиталық тұқымы өндірісі жобасы. «А-Сервис» техникалық қолдау орталығы» ЖШС полипропиленнен тоқылмайтын материалдар өндірісін ұйымдастыруға ниеттенген. «Temir Truck Service» ЖШС жүк машиналарына қызмет көрсету және жөндеу бойынша сервистік станса салмақ. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты реформалау бағдарламасы сыртқы кәріздерге бұдырлы құбыр өндірісін қажет етеді, оны жүзеге асыруға «Жакко Қарағанды» ЖШС сайланып отыр. «Авангард СӨК» ЖШС ұсынған «кондитерлік қоспалар мен басқа да жартылай фабрикаттар өндірісін ұйымдастыру» жобасы облыстың тамақ өнеркәсібін дамытуға үлес қоспақ», - деп нақтылады облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Үйлестіру кеңесінің отырысында сондай-ақ «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы ауқымында несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау жөніндегі кәсіпорындар өтінімдері мақұлданды. «Олардың арасында - «Қаз-Метиз» ЖШС-ның құрыш арқан өндірісі, «Қазтехфильтр» ЖШС-да ауа сүзгіштерін шығару, «Қазгидромаш» ЖШС-ның металл өңдеу цехы қуаттарын ұлғайту, «Балқаш-сүт» ЖШС-ның сүт өнімдері өндірісін жаңарту және басқа да жобалар бар», - деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Бұдан басқа, өндірістік инфрақұрылым құрылысын қаржыландыру мәлімделген бірқатар жобалар қаралды.

Облыс әкімі кәсіпкерлік және өнерксіп басқармасына қаралған жобалар бойынша құжаттар бумасын Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне ұсынуды, сондай-ақ «Бизнестің жол картасы-2020» бойынша мақұлданған  жобалар тізімін Экономикалық даму және сауда министрлігіне келісуге жіберуді тапсырды.

Облыс әкімдігінің мәліметтері бойынша Қарағанды облысынан елдің Индустрияландыру картасына жалпы сомасы 275,6  млрд. теңгенің 49 жобасы енгізілді, оларда 5700-ге жуық жұмыс орындары ашылмақ. Олардың ішінде 66 млрд. теңгеден астам сомадағы 33 жоба 2011-2011 жылдарда жүзеге асырылды. 2012 жылы жалпы құны 15,8 млрд. теңгенің 7 жобасын іске қосу, оларда 1500-ге жуық жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарлануда.

2011 жылы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы ауқымында ҮИИД мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі аймақтық үйлестіру кеңесі 16 млрд. теңгенің 82 жобасын мақұлдады. Бұл 9400 жұмысын орнын сақтап қалуға және 1800 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. Облыс өкімет орындарының ақпаратына қарағанда, 2012 жылы осы бағдарлама бойынша республикалық бюджеттен бөлінген  қаражаттар есебінен 100-ге тарта жұмыс істеп тұрған жобаларды қолдау жоспарлануда, бұл 7500 жұмыс орындарын сақтап қалумен қатар, жаңа 2000 жұмыс орнын құруға мүмкінік береді.