Бұл туралы облыстық ІІД-нің баспасөз қызметі хабарлады.
«Нерест» жедел-алдын алу шарасын өткізу барысында табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері 24 сәуірде «Тораңғылық-Балқаш» күре жолында ГАЗ-53 маркалы көлікті басқарып келе жатқан Ақтоғай ауданы Шашубай кентінің тұрғынын ұстады. Оның көлігінен ешбір құжатсыз шамамен 1,7 тонна балық табылды», - деп хабарлады облыстық ІІД-нің баспасөз қызметі.
Бұл факті Ақтоғай ауданының ІІБ-де ҚР ҚК-нің 287 бабы (Балық қорлары мен басқа су жануарлары мен өсімдіктерін заңсыз алу) бойынша тіркелді.
Полицияның берген ақпаратына сәйкес, 26 сәуірде тағы да екі браконьер қолға түсті. «Табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері Балқаш балық инспекциясы бөлімінің мамандарымен бірлесіп рейд өткізді. Ақтоғай ауданының Тораңғылық кентінің жанында «Мерседес» маркалы көлік тоқтатылып, оның ішінен тиісті құжатсыз 400 келіге жуық көксерке балығы табылды. Көлікті Алматы облысы Жамбыл ауданының тұрғыны басқарған. Оның жанында жолаушы ретінде Қарағанды облысы Шахтинск қаласының тұрғыны болған», - деп хабарлады облыстық ІІД-нің баспасөз қызметі.
Естеріңізге сала кетейік, 15 сәуірден 1 маусымға дейін Балқаш өзенінде балық аулауға тиым салынды. Онымен бірге полиция қызметкерлері «Нерест» жедел-алдын алу шарасын өткізуде.