«Күнтізбелік жоспарға сәйкес, мәслихат депутаттығына кандидаттар ұсыну белсенді жүргізілуде. Қалалық, аудандық және облыстық сайлау комиссияларының мәліметтеріне қарағанда қазіргі таңда барлық деңгейдегі мәслихаттарға 917 кандидат ұсынылды. Олардың 126-сы облыстық мәслихатқа, 791-і аудандық және қалалық мәслихат сайлауына қатысады. Осылайша, қазіргі күні бір депутаттық мандатқа бәсекелестік 3 адамды құрап отыр», - деді Е. Аймағамбетов.
Оның айтуына қарағанда, қазіргі күні кандидаттардың 65 пайызы тіркеуден өткен.Бұл ретте саяси партиялар ұсынған кандидаттар 301 адам (32,8 пайыз), өзін өзі ұсынушылар - 616 (67,2%) адамды құрайды. Ұсынылған кандидаттардың арасында 18 ұлт өкілдері бар, 66,2 пайызы - ерлер, 33,8 пайызы - әйелдер. 74,4 пайызының білімі жоғары, ал кандидаттардың орташа жасы - 43,5 жас.
Талдауларға қарағанда ұсынылған кандидаттардың басым бөлігі - 490 адам немесе 53,4 пайызы бизнес өкілдері болып отыр. Күнтізбелік жоспарға сәйкес, мәслихат депутаттығына кандидаттар ұсыну 19 ақпанға дейін жалғасады, ал кандидаттарды тіркеу 23 ақпанда аяқталады.