Бұл туралы аудан әкімі Мұрат Мағзиннің тиісті қаулысы шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қарағанды облысы Абай ауданының Қоянды, Құлаайғыр, Тасзаимка, Жұмабек ауылдарында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялансын», - делінген қаулыда.
Бұл шешімге байланысты Абай ауданы әкімдігінің баспасөз хатшысы түсініктеме берді.
«Көктем мезгілінде еріген қар суы айтылған ауылдардың жолдарын шайып кетті. Тасқын салдарынан жалпы саны 4 жол опырылып кеткен. Қазіргі кезде жөндеу жұмыстары басталды. Жолдар қыркүйек айының басында қайта пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Осы жұмыстарды өткізу мақсатында елді мекендерде төтенше жағдай жарияланды», - деп түсініктеме берді Абай ауданы әкімдігінің баспасөз хатшысы Ольга Цой.
Айта кетейік, бүгін Атырау облысындағы жолақ сызығы қисық жол туралы хабарлаған едік.