Қарағанды облысында «Жол картасы» бағдарламасының жүзеге асырылуы барысында орын алған келеңсіздіктер анықталды

ҚАРАҒАНДЫ. 10 қараша. ҚазАқпарат /Валентина Елизарова/ - Қарағанды облысында «Жол картасы» бағдарламасының жүзеге асырылу барысында сыбайлас жемқорлыққа қатысты келеңсіздіктер анықталды.

Бұл туралы сәрсенбі, 10 қараша күні өткен ІІІ облыстық жемқорлыққа қарсы күрес форумында сөз алған «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Асқар Базарбаев мәлім етті.

Ол «Жол картасы» бағдарламасының барлық нысандарында партиялық бақылау бекеттері бар екенін атап өтті. Сонымен қатар қол жеткізілген меморандумдарға сәйкес, партиялықтар мен құқық қорғау органдары сыбайлас жемқорлыққа қатысты бұзушылықтар бойынша ақпарат алмасып тұрады.

«Жол картасы» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылу барысында ағымдағы жылы әлеуметтік жұмыс орындарын құру барысына жалған жұмысқа орналастыру жолдары арқылы бюджет қаражатын заңсыз және тиімсіз пайдалану фактілері анықталды», - деді А.Базарбаев. Оның айтуынша, Теміртау қаласының прокуратурасы үш мердігер ұйымда осындай оқиғаларды анықтаған. Балқаш қаласының прокуратурасы да осыған ұқсас бұзушылықтарды тауып отыр.

«Анықталғанындай, ағымдағы жылдың қыркүйек айында Ақтоғай ауданының прокуратурасы жүргізген тергеу барысында «Жол картасы» бойынша жүзеге асырылуы тиіс Айыртас ауылындағы мектеп жабыны мүлдем жөндеуден өтпеген», - деді облыстық филиал төрағасының бірінші орынбасары.