Қарағанды облысында «жол картасы» есебінен 26 мыңнан астам жұмыс орны ашылады ? облыс әкімі

ҚАРАҒАНДЫ. Наурыздың 31-і. ҚазАқпарат /Валентина Елизарова/ - Қарағанды облысының әкімі Нұрлан Нығматулин бүгін қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің еңбекке орналастыру қызметінде болды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Аймақ басшысы осы қызметтің қаншалықты тиімді жұмыс жасап отырғанына назар аударды. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы Мария Құсайынованың айтуынша, бүгінгі таңда 126 кәсіпорын мен ұйымда 1200-ден астам бос орындар бар. Әсіресе дәрігерлер, педагогтар, жүргізушілер мен кондукторлар, сондай-ақ жоғары білікті инженер-техник қызметкерлері керек. «Жыл ішінде қоғамдық жұмыстарға 1 мың адам жіберіледі, бұл мақсатқа 53,8 млн. теңге бөлінді. 700 адам кәсіптік қайта даярлау мен оқытудан өтеді, бюджетте бұған 9,6 млн. теңге қарастырылған. 70 әлеуметтік жұмыс орындары ашылды, 80 түлек үшін тәжірибеден өтетін орындар ұйымдастырылды. Сондай-ақ 43 адамға өз істерін ашу үшін 2 млн. 190 мың теңге қаралды. 27 түрлі жәрдемақы мен төлемдерге 954 млн. теңге жұмсалады, бұл 2008 жылғымен салыстырғанда 45 пайыз көп», - деді бөлім бастығы. Облыс әкімі Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес аймақта дағдарысқа қарсы бағдарлама жасалғанын еске салды, оның басты міндеті ? халықты жұмыспен қамту болмақ. «Бізде ықтимал бос орындардың аймақтық болжамдық картасы жасалды. Жедел жұмыс тобы кәсіпорындардағы жағдайға мониторинг жасап отырады. Дағдарысқа қарсы жоспар ауқымында бос орындар мен бос жұмыс орындарының жәрмеңкелері өткізілуде. Бұл орайда қалалық және аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдеріне зор міндеттер жүктеледі», - деп атап өтті Н.Нығматулин.Облыс әкімі таяуда аймақтық «жол картасы» таныстырылатынын хабарлады. Оның айтуынша, белгіленген жобаларды жүзеге асыру 26 мыңнан астам жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Еңбекке орналастыру қызметінің жұмысымен танысқан облыс әкімі қала басшылығына оны техникалық жарақтандыруды жақсарту мәселелерін шешуді тапсырды.