Қарағанды облысында жүргізуші жолаушыларын жүк салғышында тасыған

ҚАРАҒАНДЫ. 28 мамыр. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында «Алматы-Екатеринбор» автожолында жол полицейлері жүк салғышына жолаушы салып алған автобус жүргізушісін тоқтатты.

Бұл туралы облыстық ІІД жол полициясы басқармасының (ЖПБ) баспасөз қызметінен хабарлады.

«Сетра» автобусы елдің оңтүстік аймағынан келе жатты. «Тексеріс барысында жүк салғышта жолаушы отырғаны анықталды. Жүргізушіге қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің 463 бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Жолаушы автобустан түсірілді», - делінеді ЖПБ баспасөз қызметінің хабарламасында.

Осы автожолда жол полицейлері Бішкектен Сургутке бет алған, адамдарды межеден артық отырғызып алған қырғызстандық «Мерседес» шағын автобусын тоқтатты. «Шағын автобуста 26 жолаушы болды. Олардың барлығы Тәжікстан азаматтары. Ал техникалық төлқұжатқа сәйкес, рұқсат етілген орындар саны - 18», - деп атап өтілді хабарламада.

Автобус жүргізушісіне қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. «Шағын автобус Қарағандының автобус вокзалына жеткізіліп, 8 жолаушы түсірілді. Одан кейін полицейлер Ақмола облысының шекарасына дейін автобусқа ілесіп барды», - деп ақпараттандырды Қарағанды облыстық ІІД ЖПБ-ның баспасөз қызметінен.