Қарағанды облысында жыл басынан бері қаржы полицейлері сыбайлас жемқорлыққа қатысты 113 қылмысты анықтады

ҚАРАҒАНДЫ. 9 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қарағанды облысы қаржы полициясының департаменті жыл басынан бері 113 сыбайлас жемқорлық қылмысын ашты,

деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметінен.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізу - қаржы полициясы органдарының басымдық берілген бағытының бірі. 2013 жылдың 11 айы ішінде Қарағанды облысы бойынша қаржы полициясының департаменті сыбайлас жемқорлыққа қатысты 113 қылмыстың бетін ашты, олардың 16-сы - пара бергені, 19-сы - пара алғаны, 5-уі қызметін асыра пайдаланғаны үшін», - деп жазылған хабарламада.

Сондай-ақ, қаржы полициясы тарапынан мемлекеттік бағдарламалар: «Бизнестің жол картасы - 2020», «Ақ Бұлақ», «Жасыл даму-2010-2014», «Жұмыспен қамту-2020» және т.б. бағдарламалар бойынша бөлінген бюджет қаржысын жымқыру фактілеріне орай сыбайлас жемқорлықтың жолын кесу үшін тиісті шаралар атқарылуда. Ведомствоның ақпараты бойынша, анықталған қылмыстардың 20-сы мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға байланысты болып отыр.

Еске сала кетсек, 9 желтоқсан - Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні.