Қарағанды облысындағы 5000-нан астам мемқызметші аттестациядан өтеді

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Айгүл Шаимова Қарағандыға барды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Облыс әкімдігінде ведомство өкілі «Б» корпусындағы мемлекеттік қызметшілердің алдағы аттестациясы бойынша кездесу өткізді.

«Үш жылда бір рет өткізілетін аттестациямен салыстырғанда осы аттестация тек бір рет және кешенді түрде өтеді. Мен сіздердің өңірлеріңізде түсіндіру жұмыстарының өткенін білемін. Мен ашық диалог жасасқым келеді, сондықтан мен үшін бастысы - сіздердің сұрақтарыңызды тыңдау», - деді аудиторияға Шаимова.

 

Қарағанды облысында 2 ақпан күні орта топтағы мемқызметшілерді тестілеу басталады. Кездесуде аталып өтілгендей, өңірде 5000-нан астам мемқызметші аттестациядан өтеді. Көрсетілген санаттар бойынша, 1157 адам (мемлекеттік қызмет аппаратының жалпы 23,6%-ы) тестілеуден босатылады. 

«Аттестацияның басты мақсаты - олардың тек қана кәсіби дайындық деңгейін анықтап қана қоймай, оларды болашақты жетілдіру үшін әлеуеттерін анықтау және мансаптық жағынан өсіру», - деп атап өтті облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков.