Бұл туралы облыстық ІІД-нің баспасөз қызметі хабарлайды.
Полиция мәліметі бойынша, 22 маусым күні сағат 14:00 кезінде Шет ауданындағы «Қарағанды-Балқаш» автожолында, Ақсу-Аюлы ауылынан 23 шақырым жерде 3 көлік соқтығысқан.
«Алматы қаласының тұрғыны, «Фредлайнер» автокөлігінің жүргізушісі 52 жастағы ер адам арақашықтықты бағамдай алмай, алдында кетіп бара жатқан 46 жастағы Шет ауданы тұрғынының иелігіндегі «УАЗ-452» маркалы көлікті артынан соққан. Нәтижесінде «УАЗ» қарсы бағыт жолағына шығып кетіп, Алматы облысының 45 жастағы тұрғыны жүргізіп келе жатқан «Скания» көлігіне соқтығысады. ЖКО салдарынан «УАЗ»-дың жүргізушісі және онда отырған 40 жастағы ер адам мен 6 жасар бала алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды» - деп хабарлайды облыстық ІІД.
ЖКО фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. «Фредлайнер» көлігінің жүргізушісі уақытша оқшаулау абақтысына қамалды. Тексеру жұмыстары жүріп жатыр» - делінген хабарламада.