Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Кеңес қорытындысы бойынша облыс әкімі нақты тапсырмалар берді. Ол қалалар мен аудандар әкімдерінен ауыл шаруашылығы басқармасы мен «Агро-Консалтинг-К» компаниясымен бірлесе отырып, ет өнімдерін нарық бағасынан төмен бағамен сауда желісі арқылы сату жұмысын ұйымдастыруды талап етті. Өңір әкімдері ауыл шаруашылық малдарын қасап бекетерінде сою бағасын да төмендету жағын ойластырғаны абзал», - делінген облыс әкімінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Өңір басшысы ауыл шаруашылық, кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармаларымен бірлесе отырып, әлеуметтік маңызды азық-түлік түрлеріне бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу механизмдерін пайдаланып, қажет болған жағдайда осы тауарларды тұрақтандыру қорынан алуға өтініш білдіру керектігін тапсырды.
«Приозерск қаласының әкімі мен «Агро-Консалтинг-К» АҚ басшылығына қанттың бағасын тұрақтандыру мақсатында үш күн мерзім ішінде тұрақтандыру қорынан қант жеткізуді ұйымдастыру тапсырылды», - делінген хабарламада.
Облыс әкімі ауыл шаруашылық басқармасын мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, құс еті бағасы өсімінің себептерін анықтап, заңнамада көзделген негізсіз баға өсіміне жол бермеу шараларын қабылдауға міндеттеді.