Қарағандыда қала тұрғындарына қарақшылық шабуылдар жасады деген күдікпен бір топ құрықталды

ҚАРАҒАНДЫ. 25 қаңтар. ҚазАқпарат /Валентина Елизарова/ - Қарағандыда полиция қызметкерлері қала тұрғындарының жеке мүлкін иемдену мақсатында оларға бірнеше қарақшылық шабуыл жасады деген күдікпен 5 жас жігітті құрықтады.

Бұл туралы бүгін Қарағанды облыстық ІІД баспасөз қызметі хабарлады.

Оның мәлімдеуінше, 23 қаңтар күні полицияға екі зардап шеккен студент арызданып келіп, Н.Әбдіров ескерткіші жанында белгісіз азаматтардың оларды пышақпен қорқытып, ұялы телефондарын алып кеткенін хабарлады.

«Осы қылмысты жасады деген күдікпен патрульдік полиция полкының қызметкерлері 16-18 жастағы бес жігітті ұстады, олардың екеуі студент, біреуі 11-сынып оқушысы, біреуі лицей оқушысы мен бір жұмыссыз жігіт. Ұсталғандарды зардап шеккендер түстеп таныды», - деп хабарлады облыстық ІІД баспасөз қызметі.

Полицейлердің мәліметінше, ұсталғандардан 7 ұялы телефон мен пышақ тәркіленді. «Аталмыш факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ұсталғандар уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды. Тергеу жүріп жатыр», - деп атап өтnі баспасөз қызметі.