Қарағандыда қазақстандық үлесті дамыту мәселелері бойынша Қазақстан Республикасы тауар өндірушілерінің форумы өтуде

ҚАРАҒАНДЫ. Қыркүйектің 28-і. ҚазАқпарат /Валентина Елизарова/ - Қарағандыда дүйсенбі күні қазақстандық үлесті дамыту мәселелері бойынша Қазақстан Республикасы тауар өндірушілерінің форумы өз жұмысын бастады.

«Біз  қазақстандықты  таңдаймыз»      деген тақырыпта  өтіп жатқан  форумға   отандық  тауар өндірушілердің,  сауда-өнеркәсіптік  палаталардың,   бизнес-қауымдастықтардың,  орталық мемлекеттік органдардың,   жергілікті атқарушы  органдар  мен  аймақтық  кәсіпкерлік  құрылымдардың       өкілдері  қатысуда.  Форумда     сондай-ақ, отандық  кәсіпорындардың    өнімдері мен  қызметтерінің көрмесі   ұйымдастырылып  отыр. 

Форумның  пленарлық   мәжілісінде   Индустрия  және  сауда министрі Әсет Исекешев  «Қазақстан  Республикасында  қазақстандық үлесті дамыту»  тақырыбында баяндама жасайды.  Сондай-ақ     Қарағанды   облысының әкімі   Нұрлан  Нығматуллин  мен  Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың    баяндамалары  жоспарланған.

Бұл шараны Қазақстан Республикасының Индустрия және сауда министрлігі Мемлекет басшысының ірі бизнес субъектілерінің сатып алуында қазақстандық қамту үлесін арттыру мәселелері жөніндегі тапсырмасын іске асыру аясында «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС-мен бірлесіп ұйымдастырып отыр.  Форум мақсаты - білікті отандық тауар өндірушілерді ынтымақтастыққа тарту арқылы қазақстандық қамту үлесін арттыру.