Қарағандыда ҚР Президентінің өкілеттік мерзімін ұзарту жөннідегі референдум өткізуді қолдауға арналған қоғам өкілдерінің митингі болып өтті

ҚАРАҒАНДЫ. 26 қаңтар. ҚазАқпарат /Валентина Елизарова/ - Бүгін Қарағандыда ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасының өкілеттік мерзімін 2020 жылға дейін ұзарту жөніндегі референдум өткізуді қолдауға арналған қоғам өкілдерінің митингі болып өтті.

Іс-шара өткізілген «Жастар» спорт кешенінің залы адамға лықа толды. Митингі жұмысына 5 мыңнан астам адам: «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының өкілдері мен «Жас Отан» ЖҚ белсенділері, өзге де саяси партиялардың, қоғамдық ұйымдардың және этномәдени бірлестіктердің, кәсіподақтардың өкілдері, жұмысшылар мен студенттер қатысты.

Митингіге қатысушылар «Алға, Қазақстан!», «Менiң елiм - Қазақстан!», «Қарағандылықтар - ел Президентімен бірге!» деп ұрандап тұрды.

«Өз тәуелсіздігінің 20 жылдығында Қазақстан экономикалық дамыған және саяси тұрақты мемлекет болып қалыптасқанын барша жұрт біледі. Біздің Елбасымыздың сындарлы саясатының арқасында бізді дүниежүзі бізді таныды, қазақ деген халық бар екендігін білді. Бүгін осы залда елінің болашағы толғандыратын адамдар жиналды» , - деп атап өтілді митингі барысында.

Одан кейінгі баяндамалар мен шығып сөйлеушілердің сөзінде де осы мәселе нақты көрініс тауып отырды.