Қарағандыда күдікті шабаданның кесірінен қала орталығында қозғалыс тоқтатылды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандыда күдікті шабаданның кесірінен қала орталығында қозғалыс тоқтатылды, деп хабарлады аймақтың ІІД баспасөз қызметінен.

«16 қыркүйек күні күндізгі уақытта Қарағанды қалалық жедел басқармасына Кеншілер мәдениеті сарайының жерасты өтпе жолында иесіз тұрған шабадан анықталғаны туралы хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына барлық жедел ден қою қызметтері шықты, жол жабылып, жерасты өтпе жолының қасынан көшіру жұмыстары жүрді», - делінген хабарламада.

«Арлан» арнайы тағайындау бөлімшесінің саперлері табылған затты тексеріп шықты. Оның ішінен жарылғыш зат табылған жоқ. Шабаданның ішінде кітаптар болған.

Осы арада, орталық даңғылдағы жол қозғалысы шамамен 40 минут бойы жабық болған.