Қарағандыда МАҚБ облыстық департаментінің қызметкері пара алу үстінде ұсталды

ҚАРАҒАНДЫ. 30 қазан. ҚазАқпарат - Қарағандыда пара алу кезінде мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау облыстық департаментінің бас маманы пара алу кезінде ұсталды,

 деп хабарлады Қарағанды облысы бойынша қаржы полициясы департаментінің баспасөз қызметінен.

«2013 жылдың қазан айында Қарағанды облысы бойынша қаржы полициясы департаментіне ЖШС директоры МАҚБ облыстық департаментінің бас маманы Е.Тоқмұрзин пара алды деп арызданып барған. 22 қазан күні арнайы жедел іздеу шараларының барысында Е.Тоқмұрзиннің 4,5 мың АҚШ доллары көлемінде ЖШС тексерісі жайлы оң шешім шығарып, 2-дәрежелі құрылыс лицензиясын беру үшін кәсіпкерден пара алған фактісі тіркелді», - деп жазылған хабарламада.

Ведомствоның ақпараты бойынша, 25 қазан күні МАҚБ қызметкері өзінің жұмыс кабинетінде 400 мың теңге және 200 АҚШ доллары көлемінде пара алу кезінде ұсталды.

«Сол күні оған қатысты күштеп пара алды деген фактімен қылмыстық іс қозғалды. 27 қазан күні Е.Тоқмұрзин айыпты деп танылып, сот шешімімен қамауға алынды», - деп көрсетілген хабарламада.