Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Облыстық білім беру басқармасының бастығы Есенғазы Иманғалиевтің берген ақпараты бойынша Қарағанды қаласында салынып жатқан химия-биологиялық бағыттағы Назарбаев зияткерлік мектебінің құрылысы ырғақты жүргізілуде. «Бұл мектеп 720 балаға арналған, 120 жатын орны болады. Ауа-райының қолайсыздығына байланысты қысқы мезгілде құрылыс жұмыстарының кестесі өзгертілгендіктен биылғы жылдың қазан айында аяқталмақшы»,- деді ол.
Мектеп ғимараты 13 блок-секциядан тұратын болады, жоба бойынша онда спорт залдары, зияткерлік ойындар орталығы, тарих, химия, биология, информатика, робототехника, нанотехнология, оқырман залы бар кітапхана, медициналық пункт, қызметтік жайлар қаралған.
Балқаш көлінің жағалауында шипажай кешенін салу туралы Приозерск қаласының әкімі Ерлан Өтешов баяндады. «Санаторийдің құрылысы үш кезеңде жүргізіледі. Бірінші кезеңде №1 шипажай ғимараты, қайық стансасы, қолданыстағы шағын станциядан жоғары кернеулі желі тарту, су қоймасы жүйесі, резервуар қондырғылары, қазандық салынатын болады. Бірінші кезеңді аяқтау мерзімі - биылғы жылдың желтоқсан айы. Екінші кезеңде №2 санаторий ғимараты, қайық стансасы, ал үшінші кезеңде коттедждер тұрғызылады», - деді ол.
Бұл кешен тыныс алу, сүйек-бұлшық ет ауруларымен сырқаттанған жандарды табиғи емдеумен бірге физиотерапия, емдік дене шынықтыру, диеталық тамақтандыру арқылы емдейтін болады. Онда әрқайсысы 150 орындық екі автономды емдеу корпусы болады. Сонымен қоса шаруашылық ғимараттары, вип тұлғаларға арналған үш коттедж, жағалаудағы қайық стансасы болады.
Кеңес барысында мемлекеттік-жекелік әріптестік шеңберінде іске асырылып жатқан «Қарағанды қаласында балалар бақшасы кешендерінің құрылысы және оларды іске қосу» жобасының барысы талқыланды.
«Барлық қаралған мәселелер бойынша облыс әкімі тиісті тапсырмалар берді»,- делінген хабарламада.