Бұл туралы журналистерге Мақажанов атындағы облыстық емхананың күйік бөлімінің меңгерушісі Василий Мокренко хабарлады.
«Таңертең бізге зардап шеккен бес адам жеткізілді, олардың арасында бір бала болды. Төртеуі - күйікпен, ал қирандылардың астында қалған бір әйел кеуде қуысының және омыртқа жарақаттарымен түсті. Нейрохирургтің қарауы мен зерттеуінен кейін ол облыстық медициналық орталыққа ауыстырылды», - деді В.Мокренко.
Пәтерде болған отбасы мүшелерінің төртеуі қазіргі уақытта жан сақтау бөлімінде жатыр. «Екі әйелдің жағдайы өте ауыр, өйткені денелерінің 20-дан 40 пайызын күйік шалған. 8 жасар бала мен оның әкесінің жағдайы орташа ауыр, бірақ олар толық зерттелу аяқталғанша жан сақтау бөлімінде жататын болады», - деп түсіндірді бөлім меңгерушісі.
Оның айтуынша, төртеуінің де терісі ғана емес, тыныс алу жолдары да күйген. «Болашақта бұл өкпе ауруына соқтыруы мүмкін», - деп атап өтті дәрігер.
35 шаршы метрге тараған өрт бір сағаттан кейін толық сөндірілді. Тілсіз жауды ауыздықтауға ҚР ТЖМ Қарағанды облысы бойынша ТЖД өртке қарсы қызметінің 46 адамы мен 9 техникасы және ҚР ТЖМ «ЦМК» ММ-нің 3 адамы мен 1 техникасы жұмылдырылды.
Алдын ала болжам бойынша, өртке газ қоспасының жарылуы себеп болды. Қазіргі уақытта оқиға орнында жедел-тергеу тобы жұмыс істеуде.