Бұл көліктің алдыңғы және артқы мемлекеттік нөмірлері болуы тиіс жерде анықталған үлгідегі сандар мен әріптердің орнында «ЖОҚ» деп жазылған.
Қарағанды облыстық ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, көлік ұсталды. Оны Қарағанды қаласының 72 жастағы тұрғыны жүргізеді. Көліктің иесі, оның 22 жасар немересі қасында отырған.
Тексеру барысында жүргізуші көліктің техникалық төлқұжаты мен сатып алу-сату келісім-шартын ұсынды. Көлік Беларусь Республикасының Брест облысына қарасты Брест қаласында тіркелген. Көршілес елдің мемлекеттік автомобиль инспекциясына сұрау жіберілген соң, оның Брест қаласында тіркеліп, есептен шығарылғаны расталды. Транзиттік нөмірлерді беру бағанасында жазумен «жоқ» сөзі жазылған, яғни транзиттік нөмірлер берілмеген.
Көлік иесі оны бұл нөмірмен Беларусьтан сатып алғанын айтты.
Алынған нөмірлер қолдан жасалған. Жүргізушіге қатысты әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша екі хаттама толтырылды - жалған немесе жасанды мемлекеттік нөмір белгілері бар көлікті жүргізгені үшін және жалған немесе жасанды мемлекеттік нөмір белгілерін орнатқаны үшін. Көлік айыппұл тұрағына қойылды.