Қаладан ауылға
Бағыт Қарғалы ауданындағы тәлімбақ. Мұнда былтыр қарағаш дәні себіліп, қайың екпесі егілді, ал биыл сәмбі тал, терек көктеп жатыр. Мұның бәрі орманшылардың еңбегі. Олар көктем мен күзде тәлімбаққа орман алқабына қажетті өскінді егіп, жаз бойы суарады, арам шөбін жұлады. Жақын маңдағы Қосестек, Ащылысай, Әлімбет ауылдарында тұратын олар өз көліктерімен қатынап, түсте жұмыс басында тамақтанып, еңбек етіп жүр.
— Біздің территориямыздағы орман алқабының 5 мың гектары көмкерілген. Былтыр осы аумақта тәлімбақ ашылды. Қарағаш дәні себіліп, шаған екпесі егілді. Терек, сүмбі тал, қайың да бар. Шынын айтсақ, тәлімбақ ертеректе, Кеңес үкіметі кезінде болған, кейін жойылып кеткен. 2025 жылдан бастап арнайы жер бөлініп, жырту жұмысы жүргізілді. Былтыр мамыр айында қарағаш дәнін ектік. Аумағы — 0,8 гектар болды. Күзде 0,6 гектарға шаған ағашының екпесін өсірдік. Қарағаштың тұқымын қаладан жинап әкелеміз. Далалықта шөптің арасынан ала алмаймыз, ал орталықта асфальттан сыпырып жинаймыз. Күтімін тапса, кез келген ағаш өседі өңірде. Жалпы аумағы 3 гектар болатын тәлімбақта осы жұмысы жүйелі жалғаса береді, — Ленин орманшылығы басшысының көмекшісі Мәлік Оразалин.
Мұнда 10 орманшы, 3 орман шебері жұмыс істейді. Орманшылық басшысы мен көмекшісі еңбек етеді. Тәлімбақты баптау жұмысына «Жасыл ел» еңбек жасағы да көмектеседі. Себебі мұнда суару жұмыстарымен қатар арамшөпті жұлу, тағы да дән себу және екпе егу жұмыстары қатар жүргізіледі.
— Күзде екпені қазып алып, арнайы дайындалған орман алқабына апарып егеміз. Қарғалы ауданы Әлімбет ауылы маңында 1,5 мың гектар жер бөлінді. Онда жер жырту жұмысы жүріп жатыр. Өңірде тәлімбақты баптау жұмысы енді үздіксіз, жүйелі жүргізіледі. Екпе материалды қазып алған соң қайтадан дән сеуіп қоямыз. Бұған дейін бұл жұмыстар аудан, ауылда емес, қалада жүргізілді. Ол 30 гектар аумақты алып жатыр. Сонда егіп, баптап, аудан, ауылға жібереміз. Енді аудандарда ашылды. Тамшылап суару әдісі енгізілген. Бұл үнемді әрі тиімді. Тағы бір айта кетерлігі, жеміс ағаштарын еккіміз келеді. Жоспарымыз іске асса көшетті кейін сатып, кіріс түсіре аламыз, — деді ол.
Орманшылықта адамдар тұрақты жұмыс істейді. Әр орманшы, орман шебері өз міндетін біледі, тәжірибелі. Көбінің еңбек өтілі 10 жылдан асқан. Олар бар білгенін енді әкімдік қызметкерлеріне үйретеді. Себебі әр ауданда жасыл белдеу болуы тиіс. Дайындық басталып, әкімдік қызметкерлері қарағаш дәнін бір-бір қапқа жинап алған.
Орманшылыққа көмек
Ақтөбе орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесіне қарасты Қарғалы орманшылығының орман бөлімі басшысы Аманбай Тәжімішевтің айтуынша, тәлімбақтағы екпені егу үшін жер жырту жұмыстары басталды. Алдымен аймағы белгіленіп, кейін арақашықтығы 15 метрлік сызбасы сызылады. Яғни15 метрге екпе егілсе, кейінгі 15 метр жер техника жүруге арналған. Жер жыртылып, топырақ қопсытылып, тырмаланып, кейін ғана егеді.
— Ақтөбе орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінде Ленин, Қарғалы, Елек орманшылығы бар. Қарғалы орманшылығында 15 орманшы, 3 орман шебері, бір көмекші еңбек етеді. Біз Ленин орманшылығына көмекке келдік. Күзде 1,5 гектар аумаққа екпе егеміз. Көктемде бұл жұмыс 8-сәуірде басталса, күзде жапырақ түсіп, ағаш ұйқыға кеткен кезде басталады. Яғни келесі көктемде көшет оянып, көктеуі керек. Биылғы бөлінген аумақ Ресеймен арадағы шекара. Қырдан қарап тұрсақ Орск, Новотройцк қалалары көрініп тұрады. Ауқымды жұмыс былтыр басталды, — деді Аманбай Тәжімішев.
Ол 2006 жылы қызметін орманшы болып бастады. Одан кейін орман шебері, кейін бөлім басшысы болды. Мұндай ауқымды жұмысқа 2025 жылы кірісті. Былтыр қаладан Байғанин ауданына барып, үш ай еңбек етті. Ерте кетіп, кеш қайтады. Бәрі де екпе егіп үлгеруі керек. Үлгерсе ғана шығым жақсы болады.
— Адамдар көбіне күз бен көктемдегі уақытты өткізіп алады. Ағаш бүр жармай көшетті тұрып егу керек. Ол сәуір айының аяғына дейінгі мерзім. Қазір кезде тыңайтқыш көп. Орман алқабына егетін көшетті арнайы тыңайтқышқа батырып қоямыз. Оның да көмегі бар, — деді ол.
Орманшы — мамандық
Орман шебері Әділбек Тұрақбаев Жәңгір хан атындағы университетте білім алып, 2006 жылы жұмысқа кірісті. Бүгінде 20 жылдық тәжірибесі бар орманшы.
— Жұмысқа кіріскен кезде тәлімбақ болмады. Қазір осы жұмыс жанданды. Техника жаңарды, жалақы өсті. Мен 350 мың теңге еңбекақы аламын. Біздің жұмыс кестеміз ауқымды. Белгіленген аумақты аралап шығамыз. Бір қиыны оған өз көлігімізбен барамыз. Кезекшілігіміз көктемде басталып, қазан айына дейін жалғасады. Менің ойымша Ақтөбенің Қарғалы ауданында Қосестек орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі ашылғаны дұрыс. Қазір Шалқар, Темір, Ойыл, Байғанин, Әйтеке би, Қобда, Мұғалжар аудандарында бар. Біздің территорияда Қызыл кітапқа енген қандыағаш (ольха — ред.) өседі. Ол судың бойында орналасқан. Облыс бойынша ең көбі Қарғалы территориясында. Бір ерекшелігі қандыағашты қолдан көбейту мүмкін емес. Ол тек бұлақ бар жерде өседі, — деді.
Осы Ленин орманшылығы ұжымында бір ғана әйел жұмыс істейді. Қаланы емес, далалықты қадір тұтатын маман өз қызметін жақсы көреді. Сондықтан болар кең жазықты кезіп жүруден жалыққан емес.
— Менің 11 жылдың тәжірибем бар. 2016 жылы жұмысқа кірістім. Маған 11 квартал жүктелген. Бұл дегеніміз 586 гектарды құрайтын 186 шақырым жер. Оның ішінде 402 гектарында ағаш өсіп тұр. Аумақта қандыағаш, терек, қайың ағаштары өседі. Біз өзімізге жүктелген аралықты аралап, қарап, бұзушылықтарды анықтаймыз. Мал бағу, шөп шабу, ағаш кесу деректері кезіксе тіркейміз. Хаттама толтырамыз, күнделік те жазамыз. Бұзушылыққа жол бермес үшін жергілікті тұрғындарға алдын ала айтып, ақпараттандырып отырамыз, — деді Светлана Кенжетаева.
Ол ер адамдар арасында жалғыз жүрсе де өзіне артылған жауапкершілікті сезінеді. Әрі әріптестері қиын сәтте жанынан табылады, қолдау көрсетеді.
— Мен осы аумақта тұрамын. Жолдарды жақсы білемін, өрт қауіпті аумақты да қалт жібермеймін. Өзіме жұмысым ұнайды. Қарапайым ғана мысал, асфальтта жүрсем, далалықты аңсап тұрамын. Өз территориямда жүрсем ештеңеден қорықпаймын. Аң да, құс та кездеседі мұнда, — деді ол.
Орман алқабы көбейсе, тіршілік жанданады. Қазірдің өзінде мұнда қарсақ, елік кездеседі.
Ең қауіптісі — өрт
Орманшылар үшін көктемнен күз айларына дейінгі аралық — қауіпті кезең. Әсіресе жаздың ыстығында шөп қурап, от тұтануы мүмкін. Мұндайда бір ғана орманшының күші жеткіліксіз. Сондықтан әр аудан, ауылда еріктілер тобы құрылған әрі әкімдік қызметкерлері де қолқабыс етеді. Біріншіден, орманшының қырағалығы, екіншіден мықты техника керек.
— Әр орманшының өз аумағы бар. Біз оны квартал деп айтаймыз. Бір орманшыда 5 квартал болуы мүмкін. Нақтысын айту қиын. Кейде бір ауылдан, екінші ауылға дейінгі аралық кіреді. Орманшылар аралайды, қарайды, күзетеді. Түтін байқаса дереу басшылыққа, әкімдікке, өрт сөндірушілерге хабар береді. Орманшылықта жаңадан берілген трактор және мобильді кешен бар. Мобильді кешенде 300 литр су болады. Алыстан өрт сөндіруге қауқарлы. Биыл тағы бір өрт сөндіру техникасын береді, — деді Ленин орманшылығы басшысының көмекшісі Мәлік Оразалин.
Өрт қауіпті кезеңде орман алқабында от жағуға болмайды. Орман алқабына кірсе де бүлдірмеу керек. Алайда әлі де болса демалушылар қоқысты қалдырып кетеді. Кейін оны сол аумаққа жауапты орманшылар да жинайды.
— Қалада тұратын адамдар табиғат аясында демалып, қоқысты жинамай кетеді. Отты сөндірмейтіні де бар. Өрт содан шығады. Адамның табиғатқа зияны осы. Бір қуантарлығы қазір ауылдарда газ бар. Ешкім отынға деп ағаш кесіп алмайды, — деді Ақтөбе орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесіне қарасты Қарғалы орманшылығының орман бөлімі басшысы Аманбай Тәжімішев.
Орманшылар аумақты мұнараға шығып шолып шығады. Мұнара әрбір 4-5 шақырымда болуы тиіс. Түтінді көрсе барып, территория кімге тиесілі екенін анықтайды. Өрт болса рация арқылы хабар береді. Шалғай жерлерге әзірге ұялы байланыс нашар.
Айта кетейік, облыста 2021-2027 жылдар аралығында 35,05 мың гектар жерге 64,7 млн түп орман екпесін отырғызу жоспарланды. Соның ішінде былтыр 8 624 га алқапқа 15,3 млн түп екпе егілді. Биыл 3433 гектарға 6 миллион түптен астам екпе отырғызылады.