Турист не іздейді?
Қостанай облысы әзірге Қазақстандағы ең танымал туристік бағыттардың қатарына кірмегенімен, ішкі туризмге деген қызығушылық бұл көзқарасты біртіндеп өзгертіп келеді. Бүгінде өңір демалыстың бірнеше түрін ұсынады: емдік-сауықтыру, экотуризм, мәдени-танымдық бағыттар, дала саяхаты және сирек зерттелетін табиғи нысандарға сапарлар.
Өңірдің басты туристік нышандарының бірі ретінде ұзақ жылдар бойы Алтынсарин ауданындағы шипажай-курорттық аймақ — әйгілі «Сосновый бор» сақталып отыр.
— Көркем табиғат аясындағы «Сосновый бор» – аймақтың мақтанышы. Мұнда отандастарымызбен қатар, шетелдік қонақтар да жиі ат басын бұрады, – дейді Қостанай облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Талғат Саламатұлы.
Шипажай аумағында «Джайляу КЗ» сауықтыру-ойын-сауық кешені және бірнеше демалыс базалары бар. Бұл өңірдің танымал болуына жерасты минералды сулары, емдік балшықтар мен қылқан жапырақты ормандар сияқты табиғи емдік ресурстар әсер етіп отыр.
Науырзым – экологиялық туризм орталығы
Облыстың негізгі табиғи нысандарының бірі — Науырзым мемлекеттік табиғи қорығы. Ол ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енген «Сарыарқа — Солтүстік Қазақстанның далалары мен көлдері» құрамына кіреді. Қорық дала ландшафтарымен, арал тәрізді қарағайлы ормандарымен, көлдер жүйесімен және сирек құстарымен ерекшеленеді.
— Науырзым – экологиялық туризмнің қайнар көзі, табиғатымыздың баға жетпес қазынасы, – дейді Т. Саламатұлы.
Қорық аумағында алты туристік бағыт бар. Олар отыратын арнайы орындармен, ақпараттық тақталармен, қоқыс жәшіктерімен, әжетханалармен жабдықталған. Десе де, саяхат тәртібі қатаң. Туристер тек инспектор немесе гидтің бақылауымен жүреді. Соқпақтан шығуға, өсімдіктер мен жемістерді теруге тыйым салынған.
Неге облыстың оңтүстігі – болашағы зор бағыт?
Өңірдегі негізгі туристік нысандар белгілі болғанымен, Қостанай облысының оңтүстігі әлі де туристік бағыт ретінде енді қалыптасып келеді. Торғай өңірі ұзақ уақыт бойы шалғай орналасуы, инфрақұрылымның әлсіздігі және ақпараттың аздығына байланысты туристер назарынан тыс қалған еді.
Оңтүстіктегі ең жұмбақ нысан – Торғай геоглифтері. Жер бетіндегі алып фигураларды тек биіктен ғана толық көруге болады. Бүгінде бұл нысан археологияға қызығатын зерттеушілердің, фотографтардың және арнайы экспедициялардың назарын аударып отыр.
— Торғай геоглифтері – еліміздегі ең жұмбақ археологиялық ескерткіштердің бірі. Олардың бірегейлігі – ауқымында. Көптеген бейнені тек әуеден ғана толық көруге мүмкіндік бар, – деді Талғат Саламатұлы.
Геоглифтерді алғаш зерттеп, анықтаған зерттеуші Дмитрий Дей бұл нысандардың ерекшелігі тек ауқымында емес, сонымен бірге кеңістіктік құрылымында екенін айтады.
- Геоглифтер Торғай ойпатында ғана бар, басқа өңірлерде мұндай нысандар жоқ. Наска геоглифтерімен салыстырғанда, бұлар қызығырақ, өйткені олар жазық сызықтар емес, кеңістіктік, үш өлшемді құрылым. Мұнда дөңестелген үйінділер түріндегі пішіндер кездеседі, — деді Дмитрий Дей.
Зерттеушінің айтуынша, бұл нысандардың туристік әлеуеті жоғары, себебі олар толық зерттелмеген тарихи мұра саналады. Мұндай орындар адамдарды әлі ашылмаған құпиясымен қызықтыра алады. Дегенмен геоглифтерге жаппай турист тартуға әзірге мүмкіндік жоқ.
Негізгі мәселе — жүйелі ғылыми зерттеулердің және қорғау инфрақұрылымының жеткіліксіздігі.
- Туристерді кең көлемде кіргізбес бұрын кешенді қорғау шараларын іске асыру қажет. Оның ішінде қоршаулар, бақылау мұнаралары болуы тиіс. Турист тек сырттан қараумен шектелмеуі керек, арнайы бақылау алаңдары арқылы жоғарыдан көре алатындай жағдай жасалуы қажет, — деді ол.
Дмитрий Дейдің айтуынша, бұл бағытты дамыту үшін жеке ғылыми және қорғау бағдарламасы қажет. Тарихи-мәдени мұраны зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығы дайындаған жобаның құны шамамен 250 млн теңгеге бағаланған. Жоба аясында шетелдік мамандарды тарта отырып кешенді зерттеу жүргізу, қорғау шараларын іске асыру және кейіннен кеңінен насихаттау көзделген.
Зерттеуші геоглифтердің халықаралық деңгейде мойындалу мүмкіндігі бар екенін айтады. Бұған дейін бұл нысандар туралы шетелдік арналар да сюжеттер әзірлеген.
- History, Discovery, National Geographic арналары бұл геоглифтер туралы материалдар көрсеткен. Шетелдік мамандар тарапынан жоғары баға берілді. Дегенмен әлі де зерттелмеген тұстары көп. Сол олқылықтар олардың халықаралық деңгейде танылуына негіз бола алады, — деді Дмитрий Дей.
Амангелді ауданында «Taj Torgay» туристік кешенін дамытумен айналысып жүрген жеке қайырымдылық қорының директоры Сапар Ысқақов та осы пікірді қолдайды. Оның айтуынша, жүйелі жұмыс болса, геоглифтер әлемдік деңгейдегі ескерткішке айналады.
— Мұны әлемдік маңызы бар туристік бағытқа айналдырып, Торғай өңірінің қазынасын байытуға болады. Бірақ ол үшін инвестиция керек: визит-орталықтар салып, карталар әзірлеп, демалыс орындары мен қажетті инфрақұрылымды жасақтау қажет, – дейді меценат.
Сапар Ысқақовтың пікірінше, бүгінгі күні Торғай геоглифтері әлі де «шаң басқан алмас» күйінде қалып отыр.
Торғай – тек геоглифтермен шектелмейді
Торғайдың оңтүстігі тек археологиялық мұрамен ғана ерекшеленбейді. Меценат Сапар Ысқақов бұл өңірді табиғаты бай, туристік әлеуеті жоғары аймақ ретінде сипаттайды. Оның айтуынша, мұнда Ақжар таулары, Құмкешу құмды алқабы, кең далаға созылған маршруттар және киік, құлан, керқұландарды табиғи ортада тамашалауға болатын аумақтар ерекше қызығушылық тудырады.
Өңірде тарихи-мәдени мұра да мол. Торғай кентінде Жангелдин музейлер кешені жұмыс істейді. Бұл — облыстағы бірегей музейлік жүйе. Оның құрамына Әліби Жангелдиннің тарихи-мемориалдық музейі, Ыбырай Алтынсариннің мемориалдық-педагогикалық музейі, Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының әдеби музейі, сондай-ақ Шақшақ Жәнібекке арналған тарихи музей кіреді.
Сонымен қатар Амангелді ауданында «Taj Torgay» туристік кешені орналасқан. Мұнда әлемнің әйгілі сәулет нысандарының көшірмелері қойылған: пирамида, Тәж-Махал, Эйфель мұнарасы, Бостандық мүсіні және өзге де нысандар бар. Кешен туралы Kazinform арнайы репортаж әзірлеген.
«Алтын Дала»: сирек жануарлар, құстар және «Айтуар» бағыты
Экологиялық туризмді ұнататындар үшін мемлекеттік табиғи резерват «Алтын Дала» — ерекше бағыттардың бірі. Қорық мамандарының айтуынша, соңғы жылдары келушілер жабайы табиғатты тамашалауға, жануарлар мен құстарды бақылауға, Қазақстан даласының сирек зерттелген аумақтарын көруге көбірек қызығушылық танытып келеді.
«Алтын Дала» дала экожүйесін және сирек кездесетін жануарларды сақтау мақсатында құрылған. Бұл – ақбөкендердің маңызды мекені. Сондай-ақ, резерват керқұланды қалпына келтіру жөніндегі халықаралық бағдарламалардың орталығына айналды.
Қазір мұнда «Айтуар» атты туристік бағыт жұмыс істейді.
-Келушілер дала ландшафтының ерекше көрінісін тамашалап, жануарлар мен құстарды табиғи ортада бақылай алады. Сондай-ақ қызыл кітапқа енген сирек өсімдіктер, соның ішінде гүлдеу кезеңінде ерекше көрік беретін қызғалдақ түрлері де кездеседі, – дейді резерват мамандары.
Саяхат барысында қабан, борсық, суыр, қоян және түлкі сияқты жануарларды көруге болады. Құстар әлемі де бай: ақбас тырна, безгелдек, сайрақ, тырнақұс, аққұтан, қарақұс, бүркіт тұқымдастары, сондай-ақ қоқиқаздың кей түрлері кездеседі.
Сонымен қатар керқұланды қайта жерсіндіру жобасы да ерекше назарда. Мамандардың айтуынша, бұл жануарлар ғылым үшін де, қоғам үшін де үлкен қызығушылық тудырып отыр.
Дамуы мүмкін бағыттардың бірі — дала сафариі. Бұл арнайы әзірленген маршруттар арқылы жабайы жануарларды табиғи жағдайда бақылауға мүмкіндік беретін экскурсия түрі. Қазіргі таңда мұндай туризм түріне сұраныс шектеулі. Ол негізінен фотографтарға, зерттеушілерге, орнитологтарға және ерекше тәжірибе іздейтін саяхатшыларға арналған.
Туризм дамуына қандай кедергілер бар?
Қашық аудандардағы туризмнің басты мәселесі — инфрақұрылым. Мамандардың айтуынша, өңірде жол жүйесі, теміржол және Костанайдағы халықаралық әуежай жұмыс істейді. Астана, Петропавл, Көкшетау, Челябі сияқты қалалармен байланыс бар.
Алайда оңтүстік және шалғай аумақтар үшін бұл жеткіліксіз.
- Инфрақұрылым дамып келеді, бірақ әлі де өтпелі кезеңде тұр. Туристерді, әсіресе шетелдік қонақтарды қабылдау үшін жүйені жетілдіру мен қажет, — деді Талғат Саламатов.
«Алтын Дала» резерватында да экотуризмді дамыту үшін қосымша жолдар, бақылау алаңдары, визит-орталықтар, демалыс орындары, ақпараттық тақталар және жабдықталған маршруттар қажет екенін айтады. Сонымен бірге ерекше қорғалатын аумақтарда туризм табиғатты сақтау талаптарымен үйлесуі тиіс екені де ескертіледі.
Костанай облысында туризмнің болашағы бар ма?
Костанай облысында туризм біртіндеп дамып келеді. Жаңа демалыс аймақтары ашылып, қонақүйлер жаңғыртылып жатыр, инвестициялық жобалар да іске асырылып келеді. Қазір өңірде әртүрлі бағыттағы 30-ға жуық туристік маршрут бар, сонымен бірге жаңа бағыттар да әзірленіп жатыр.
Мамандардың пікірінше, басты мақсат — басқа өңірлермен жарысу емес, өзіне тән ерекше туристік бейне қалыптастыру. Яғни Қостанайға келген саяхатшы тау не теңіз курорттарынан емес, дәл осы өңірге ғана тән тылсымды көруі тиіс.
Бұл — шексіз дала кеңістігі, сирек кездесетін жануарлар әлемі, Торғайдың бай тарихи мұрасы, жұмбақ геоглифтер, көлдер мен қарағайлы ормандар. Сонымен қатар әлі толық ашылмаған, бірақ турист үшін ерекше әсер қалдыратын тың бағыттар да жетерлік.
Бұған дейін хабарланғандай, Қазақстанда туризм саласын дамыту ісі күшейіп, бұл салаға құйылған инвестиция көлемі 1,3 трлн теңгеден асқан.