Қарақұйрық атқан браконьерлердің үстінен қылмыстық іс қозғалды

АҚТАУ. Сәуірдің 6-сы. ҚазАқпарат /Жетібай Шаханұлы/ - Наурыздың 27-сі күні облыстағы «Кендірлі-Қаясан» мемлекеттік табиғи қорығы аумағынан 6 бас қарақұйрық атып қолға түскен екі браконьердің үстінен қылмыстық іс қозғалды.

Қызыл кітапқа енгізілген сирек кездесетін жануарларды атқандар облыстық орман шаруашылығы және аңшылар қоғамы аумақтық инспекциясы мен «Аңшылық-зооөнеркәсіп» өндірістік бірлестігінің инспекторлары бірлесе жүргізген рейд кезінде ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Тексеру барысында заңсыз аң атумен айналысқан жаңаөзендік Д. Дүйсенов пен Бейнеу ауданының азаматы А. Тегісбаевтан «Днепр» мотоциклі мен 16 калибрлі мылтық тәркіленді. Олардың әрекетінен осы салаға 3 млн. 55 мың теңге шығын келтірілген. Қазір ұсталғандардың үстінен ҚР ҚК-нің 288 бабының 3-бөліміне сәйкес қылмыстық іс қозғалып, барлық материалдар облыстық ІІД-не жолданды.