«Бұл мұражай 1991 жылы ашылды. Онда қазір 868 жәдігер бар. Ескі мұражай ғимаратына былтыр «Жол картасы» бағдарламасы бойынша күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оған 134 миллион теңге бөлініп, нысанда жаңадан мәжіліс залы мен әкімшілік бөлімшесі салынды. Енді қайта пайдалануға беріліп отырған мұражайдың жалпы аумағы 2265 шаршы метрді құрайды», - дейді мұражайдың қор сақтаушысы Нарынбек Асанов. Оның айтуынша, мұражай жәдігерлерінің 434-і - ақынның тұтынған тұрмыстық заттары мен кітаптары. Оны олар Мұқаңның өз үйінен және ел арасынан жинаған.
«Алғашқы кезде мұражайда 534 жәдігер ғана болды. Қазір оның саны 868-ге жетіп отыр. Әрине бұл әлі аз. Ақынға қатысты өз үйіндегі қандай да бір жәдігерді бізге тапсырамын дегендер болса зор қуанышпен қабыл аламыз. Бұрын мұнда 3 адам ғана істейтін, қазір ұжымымызға жаңадан тағы 2 адам алып отырмыз. Біздің мұражайға айына 300-дей адам келеді», - дейді Н. Асанов.