13:06, 16 Сәуір 2009
Қарашығанақты игеріп жатқан «ҚПО б.в.» компаниясында мемлекеттік тілді дамытуға барынша көңіл бөлінуде
ОРАЛ. Сәуірдің 16-сы. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Қарашығанақты игеріп жатқан «ҚПО б.в.» компаниясында мемлекеттік тілді дамытуға барынша көңіл бөлінуде,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Компаниядағы тілдерді дамыту бөлімінің менеджері Ната Орашеваның айтуынша, Елбасы Жолдауына сәйкес 2008 жылы құрылған бөлімнің негізгі міндеті «ҚПО б.в.» компаниясының қызметкерлеріне арнап мемлекеттік тілді үйрететін тренингтер ұйымдастыру болып табылады. Компаниядағы қазақ тілін оқытатын алты мұғалімнің үшеуі кеніштің басында еңбек етсе, қалған үшеуі - Ақсай қаласындағы оқу орталығында.
Мемлекеттік тілді меңгеруге құлшыныс білдірушілердің саны жыл сайын артып келе жатқаны қуантады. Нақтырақ айтқанда, үш жылға есептелген бағдарламаның алғашқы жылында 200-ден астам қызметкер қазақ тілі курсын оқып шықса, биылғы жылы өтініш білдіргендердің саны 210 адамды құраған. Олардың арасында тек қазақтар ғана емес, өзге ұлт өкілдері де, шетелдіктердің болуы да - құптарлық жайт.
Аталмыш бөлім тіл үйретуден басқа да біраз шаруаларды жүзеге асыруда. Ең алдымен барлық маңдайшаларды үш тілде жазып шыққан. Қазіргі таңда терминологиялық кітап дайындау жолында жұмыстануда. Бұл кітапқа компанияның барлық бөлімдері бойынша жиі кездесетін құжаттар мен хаттардың қазақша нұсқаларының орыс және ағылшын тілдеріне аудармалары үлгі ретінде енгізілмек. Өйткені, құжат айналымы толығымен мемлекеттік тілге көшкен қазіргі таңда көптеген құжаттар мен хаттар тек қазақ тілінде келеді. Заң талабы бойынша оларға қайтарылар жауап та осы тілде болуы тиіс. Бұл, әрине, бөлімдердің қызметкерлеріне айтарлықтай қиындықтар туғызып жүр. Сондықтан жоғарыда айтылған кітаптың аудармашылар және жергілікті құрылымдармен жұмыс істейтін мамандар үшін таптырмайтын көмекші құрал болары сөзсіз. Сондай-ақ күнделікті тұрмыста, айталық, көшеде, дүкенде, емханада, қоғамдық көлікте, мәдениет ошақтарында және басқа орындардағы қарым-қатынас барысында пайдаланылатын сөздер мен сөйлемдерден тұратын әңгімелесу құралы дайындалу үстінде. Бұл да жергілікті халықтың тілін үйренем деушілерге көп септігін тигізері анық.