Қаратау және Жаңатас тұрғындары бизнесті дамытуға қайтарымсыз 14,5 млн. теңге алады

ТАРАЗ. 13 желтоқсан. ҚазАқпарат - Моноқалаларды дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында бұған дейін әлеуетсіз саналып келген Қаратау (Талас ауданы) және Жаңатас (Сарысу ауданы) қалаларының тұрғындары бизнесті дамыту үшін қайтарымсыз қаражатқа ие бола алады.

Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қырымбек Көшербаевтың Жамбыл облысына жасаған сапарының қорытындысы бойынша облыстық әкімдікте өткен жиын барысында айтылды.

«Даму» Кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ комитетінің төрағасы Ляззат Ибрагимованың айтуынша, қайтарымсыз гранттардан басқа моноқалалардың тұрғындары үшін кепілсіз несиелер күйінде жеңілдіктер жасалады.  

Экономикалық даму және сауда министрлігінің берген мәліметтеріне қарағанда, моноқалаларды дамыту аясында Қаратау және Жаңатасқа 2013-2015 жылдарға арналған республикалық бюджеттен 15,8 млрд. теңге бөлінеді. Бұл қаражат инфрақұрылымды дамытуға, ескі және пайдалануға жарамсыз үйлерді бұзуға, сондай-ақ шағын және орта бизнесті дамытуға арналған.

Өңірге жұмыс сапарымен барған Қ. Көшербаев  Қаратау қаласына да ат басын тіреді, ол онда энергиямен қамтамасыз ету және ТКШ нысандарының жұмысымен танысты.

Естеріңізге сала кетейік, 12 желтоқсанда ҚР вице-премьері Қ. Көшербаев жұмыс сапарымен Жамбыл облысында болды.