Қаратөбе ауданы тұрғыны көне қылышты сақтап отыр - БҚО

ОРАЛ. 10 тамыз. ҚазАқпарат - Қаратөбе ауданы Саралжын ауылдық округіне қарасты Сәуле елді мекенінің тұрғыны Серікбай Аманғалиев көне қылышты сақтап отыр.

Өзінің әңгімесіне қарағанда, ол 1970 жылы отау құрады. Ауылдағы Әжібай қарттың ескі қыстауына көшіп келген отағасының сол жылы үй төбесінде ілінген көне қылышқа көзі түседі. Міне, сол сәттен бастап С.Аманғалиев аталмыш көне бұйымды көздің қарашағындай етіп күні бүгінге дейін сақтап келеді. «Басында теріден қын жасап, төргі бөлмедегі кілемге іліп қойып жүрдік. Көрші-көлемнің көзі түсіп, қызығушылық танытқандар көп болды. «Құда түсіп», маған сат дегендер де кездесті. Тіпті бөліп-кесіп соғым союға арналған пышақ ретінде пайдаланайық деген «өнертапқыштар да» шықты. Алайда отбасымыз болып қылыш шаңырақтың қорғаушысы, қолдаушысы болсын деген ниетпен сақтауға келістік», дейді ол.

Серікбай Аманғалиұлының айтуынша, шамасы қылышты кезінде ірі денелі, зор тұлғалы, ұзын бойлы қайсар жан ұстағанға ұқсайды. Себебі қылыштың ұзындығы - 98 см. Қылыш болаттан, сабы жезден қорғасыннан құйылып жасалынған. Ілмегі бар.

Қару 1820 жылы жасалса керек-ті, өйткені сыртында «ЗГАТ. 1820 г» деген жазу бар.

Серікбай ақсақал аталмыш тарихи жәдігерді музейге тапсырмақ ниетте.