ОРАЛ. Тамыздың 25-і. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Қаратөбе аудандық мәслихатының кезектен тыс сессиясы болып, оған қатысқан облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов депутаттардың қарауына аудан әкіміне Наурызбай Қарағойшиннің кандидатурасын ұсынды.
Депутаттар бұл ұсынысты қолдағаннан кейін аудан активінде облыс әкімі ауданның жаңа басшысын таныстырып, Қаратөбені осы уақытқа дейін басқарған Арман Өтеғұловқа ұзақ жылғы жемісті қызметі үшін ризашылығын білдірді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметінен ҚазАқпарат тілшісіне хабарлағанындай, Наурызбай Қарағойшин 1960 жылы дүниеге келген. Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын зооинженер мамандығы бойынша бітірген ол Жаңақала ауданында бас зоотехник, шаруашылық басшысы сияқты жауапты қызметтер атқарды. Ал 2003 жылдан осы кезге дейін Жаңақала ауданы әкімінің орынбасары болды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).