Қарауылтөбеге қасқыр кіріп, елді шулатты - БҚО

ОРАЛ. 8 ақпан. ҚазАқпарат - 5 ақпан күні іңір қараңғысында Ақжайық ауданына қарасты Қарауылтөбе ауылына қасқыр кіріп, ауыл иттерін талаған.

Ауыл әкімі Ғиззат Иқсанның хабарлауынша, ертесіне таңертен дала аңы аула қораларды паналап, ит пен малға шабуыл жасаған. Ауыл азаматы Айтқали Төлеуішев мылтық алып шығып атқанмен, онысы от алмаған.Қасқыр қашып жүріп, Ізімғали Жүсіпов деген 77 жастағы зейнеткердің ауласына кіріп, қойларға ауыз салған. Осы кезде ақсақал қасқырды айырмен соғып, бүйірден түйреген. Көршісі Николай Илгузин балта алып келіп, басынан бірнеше соққан. Сөйтіп, азулы аң өліп тынды.

Қасқырдың өлі денесі аудан орталығына әкелініп, зертханаға тапсырылды.