- Сіз Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесісіз. Бұл комитет негізінен Елбасы ұсынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыруды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуге жауап беретіні де белгілі. Осыған байланысты арада өткен екі жыл ішінде атқарылған жұмыстарды қалай бағалайсыз?
- Ең бірінші кезекте Парламент «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыруға қажетті заңнамалық өзгерістердің бәрін уақтылы қабылдап келетінін айтқым келеді. Қоғамдық сананы жаңғыртуда бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілердің атқаратын рөлі зор екендігі ескеріліп, тиісті заңнамаға бұрынғы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің бастамашылығымен әзірленген бірқатар маңызды түзетулер енгізілді. Соның арқасында қазір әуежайлар мен вокзалдарда, басқа да қоғамдық орындарда тек қана Қазақстан телеарналарының бағдарламалары көрсетілетін болды. Әлеуметтік желілерде, әсіресе бүркеншік атпен орналастырылған ақпараттар мен пікірлерде ар-намысқа тиетін сөздерді айту азайып келе жатқан сияқты. Өйткені, ар-намысы қорланған адам сотқа шағынса, бүркеншік есімнің сыртында тұрған нағыз авторын оп-оңай анықтап, заңнамаға сәйкес жауапқа тарта алатын болды. Балаларды тәрбиесі мен денсаулығына зиянды ақпараттан қорғауға мүмкіндік беретін заң нормалары да қабылданды. Алғаш рет «Кинематография туралы» Заңды қабылдап, ұлттық киномызды өркендетуге заңдық негіз жасадық. Қазір тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану жөніндегі заң жобасы пысықталу үстінде.
Ал «Рухани жаңғыру» бағдарламасының іске асырылу барысы өткен жылы Парламент Мәжілісінде өткізілген «Үкімет сағатында» жан-жақты талқыланып, Үкіметке тиісті ұсынымдар жолданды. Жалпы, атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Дегенмен, қоғамды толғандырып отырған, яғни шешімін күткен өзекті мәселелер де бар. Елбасы белгілеп берген бағытымыз Темірқазықтай айқын болғанымен, қоғамдық сананы жаңғырту ісінде қарқынымызды үдете түсуіміз қажет сияқты.
-Сіздің ойыңызша, қазір қоғамда қандай мәселелер көбірек толғандырып отыр?
-Елбасы өз мақаласында ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу қажеттігін, шынайы мәдениеттің белгісі - орынсыз сән-салтанат емес, керісінше, ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен орынды пайдалану екендігін атап көрсеткен болатын. Алайда, бұл мәселеде әзірге онша алға баса қойған жоқпыз.
Бұл орайда біз той-томалақ өткізуге көршілес кейбір елдер сияқты қатаң шектеу енгізу жайлы сөз қозғамас бұрын, әуелі «Мерейтойлар мен атаулы күндерді мерекелеу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 28 қыркүйектегі қаулысын дұрыс орындап алғанымыз жөн сияқты. Аталған құжатта облыстардың, қалалардың, қызметтің түрлi саласында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткiзген ұйымдардың және жекелеген тұлғалардың мерейтойлары жүз жылдығында, одан кейiн әрбiр жиырма бес жылда аталып өтiледi деп, тайға таңба басқандай етіп анық көрсетілген. Өкінішке қарай, Үкімет бекіткен бұл тәртіптің сақталуын қазіргі таңда қадағалап отырған ешкім жоқ десек, жаңылыспаспыз. Тіпті министрліктер мен жергілікті атқарушы органдарға қарайтын мемлекеттік меншіктегі кәсіпорындар мен ұйымдардың 5-10 жылдығынан бастап, 95 жылдығына дейінгі әрбір «дөңгелек» және «жартылай дөңгелек» даталары мерекеленіп келе жатқандығы мәлім. Мұндай мерейтойларды министрлер мен әкімдер тоқтатпақ түгіл, кейде өздері де олардың төрінен табылып, мінберден қызу құттықтау білдіріп, жұмыс уақытын шығындап жүреді.
Әдетте сыншыл келетін зиялы қауым өкілдері де бұл мәселеде өзгелерге өнеге көрсете алмауда. Мәселен, кейінгі жылдары университеттерде белгілі ғалымдардың 70 және 80 жылдық мерейтойларына арналған ғылыми-практикалық конференциялар өткізу дәстүрге айналды. Тек сондай жиындар ғылымды дамытуға қаншалықты үлес қосады? Мәселе сонда. Ал кейбір ақын-жазушыларымыз өздерінің 70 пен 80 жасқа жетулерін күтуге төзімдері жетпей, 60 пен 65 жасқа толуын да туып-өскен өңірлеріне барып, облыс пен аудан басшыларының қатысуымен дүркірете-думандата тойлауды тоқтатар емес. Осындай мерейтойларды өткізу үшін әкімдер демеуші іздеп, кәсіпкерлерге салмақ салатындығы жасырын емес.
-Сонда сіз мерейтой жасауды мүлдем тоқтату керек дейсіз бе?
- Әрине, мерейтой жасау-жасамау - әркімнің өз еркі, өз шаруасы. Мәселен, әлпештеп өсірген балалары ержетіп, мол табыс тауып жүргендіктен, өздері жақын туыстары мен сыйлас достарын шақырып, аса шашылып-төгілмей, шағын той жасап, ата-аналарына құрмет көрсетіп жатса, әке-шеше үшін ол да бір ғанибет шығар. Ал министрлерге, әкімдерге, ректорларға және басқа басшыларға: «Елге сіңірген еңбегімді елеп, мерейтойымды өткізіп бер...» - деп міндетсу ұят қой. Тіпті жұрт алдында өзінің мерейін асыру үшін жоғары лауазым иелеріне хат жолдап, һәм біреулер арқылы қолқа салып, құттықтау жаздырып алатын жаңа «дерт» те шықты...
- Өзіңіз бертінде алпыс деген асудан асыпсыз...
-Өз мерейтойымды қалай атап өткенімді білгіңіз келсе, мен ешқандай мейрамханаға қонақ шақырып, той жасаған жоқпын. Ал құттықтап келген әріптестерім мен достарыма қарапайым ғана дастарқан жайып, шай бердім. Кейбір газеттер редакцияларының мерейтойлық мақалалар жазу жайлы ұсыныстарына ризашылығымды білдіріп, ешқайсысына келісім берген жоқпын.
-Ұлттық кодымызды сақтау, қазақ әліпбиін латыншаға көшіру барысы көңіліңізден шығады ма?
-Бұл орайда да ойланарлық мәселелер баршылық. Айталық, жуырда «7 арна» телеарнасының қызметкерлері сенсация жасаудың жөні осы екен деп, «Өз ойым» бағдарламасына қатысқан қазақ қызының ар-намысын аукционға қойып, ақшаға сататындығын айтуға көндіргендігі көпшіліктің орынды ашу-ызасын туғызды. «Көгілдір экран» ұлттық кодты сақтауға шақырудың орнына, осындай рухани азғындануды насихаттап отырса, қаның неге қайнамасын?! Бізге «Қазақстан» ұлттық телеарнасындағы «Мен - қазақпын!» бағдарламасы сияқты ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін жақсы хабарлар керек. Қазақстандағы телеарналардың бәрі дерлік мемлекеттік ақпараттық тапсырыс алып отырғандықтан, оларды «шаңыраққа қарауға» шақыратын кез жеткен сияқты. Тиісті мемлекеттік органдар «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асырудың өзекті мәселелері туралы БАҚ-тардың басшылары мен қосшыларының басын қосып, Журналистік әдеп кодексі аясында бір салиқалы жиын өткізуге ұйытқы болса, дұрыс болар еді. Егер одан оң нәтиже шықпайтын болса, онда қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгеріс енгізіп, «сөз бостандығы» деген желеумен ұлтымыздың рухани құлдырауы мен азғындануын насихаттауға тыйым салуға тура келеді. Сайлаушылар тарапынан бізге осындай ұсыныстар қазірдің өзінде айтылып жүр.
Латыншаға көшуге келсек, бұл бағытта қыруар жұмыс атқарылып жатқандығынан хабардармын. Сонымен қатар, осы игі істің әлі де пысықтауды талап ететін тұстары бар екендігіне жақында Парламент Мәжілісінде «Рухани жаңғыру: қазіргі қазақ терминологиясы» тақырыбында болған ғылыми-практикалық конференция барысында көз жеткіздік. Атап айтқанда, халықаралық терминдерді қазақ тіліне аударуда талас тудырып отырған дыбыс үндестігі (сингармонизм) мәселесінде екі түрлі көзқарас бір-біріне қайшы келіп отыр. Лингвист-ғалымдар, мысалы, «автор» сөзін «аптыр», «губерния» сөзін «гүбірнә», «курсант» сөзін «күрсәнт» деп жазу керек дейді. Мұнымен келіспейтіндер халықаралық терминдерді бұлай аудармай, негізінен, түпнұсқасында алған жөн, әйтпесе, өзіміз де әбден шатасамыз, өзгелердің де қазақ тілін үйренуін қиындатамыз, бәрінен де, ана тілімен қатар, орыс, ағылшын тілдерін де меңгергісі келетін балаларымызға қиын болады деген уәж айтады. Осы проблеманы алдағы уақытта кеңінен талқылап, бір шешімге келу керек. Өз басым халықаралық терминдерді жаппай аудару қажет емес деп санаймын. Қазіргі қазақтың тілі - ХХ ғасырдың басындағы қазақтың тілі емес. Өйткені, біз бала кезімізде әке-шешелеріміздің «вокзалды» «бақзал», «автобусты» «аптомобоз» деп айтатындығына күлуші едік. Өйткені, олардың орыс тілінен кірген кей әріптер мен сөздерге тілдері келмейтін. Сондықтан біздің ұрпақты қайтадан өз әке-шешелерімізше, яғни «сингармонизм заңына сәйкес» сөйлетудің қисыны шамалы секілді.