- Алдымен осы жолғы Бейжіңге сапарыңыздың нәтижесі жайында айтып берсеңіз.
- Қазақстан мен Қытайдың сараптамалық орталықтары арасындағы өзара іс-қимыл барынша белсенді жүргізіп жатыр десек те болады. Дегенмен, Бейжіңге жасаған осы жолғы сапарымызда біз қытайлық әріптестерімізден серіктестігімізді жаңа деңгейге көтеру мақсатын алдымызға жүктеген едік.
Әдетте, Қазақстанға Орталық Азияны зерттеу мәселелеріне маманданған қытайлық сарапшылардың келуі басым. Ал Ресей, АҚШ және басқа да өңірлер бойынша мамандар, олардың идеялары, ғылыми тұжырымдамалары және еңбектері қазақстандық сарапшылық қоғамдастық үшін беймәлім болып қалады. Сондықтан осы жолғы сапар барысында біз ең бірінші кезекте мәселелердің кең кешенін зерттеумен айналысатын және елдердің үкіметтері мен басшыларына кеңес беретін жаңа серіктестер мен беделді сарапшылармен байланыс орнатуға ұмтылдық.
Атап айтар болсақ, біз Цинхуа университеті Халықаралық қатынастар институтының директоры, Қытай халықаралық саясаты журналының бас редакторы, профессор Янь Сюетунмен жан-жақты сұхбат жүргіздік. Ол Қытайдың сыртқы саясаты, ұлттық қауіпсіздік және қытай-америкалық қарым-қатынас саласындағы жетекші сарапшылардың бірі саналады. 2008 жылы профессор Ян Сюетун «Foreign Policy» журналының нұсқасы бойынша 100 үздік ойшыл және қоғамдық интеллектуал тізіміне енген.
Мұнан бөлек, біз ҚХР Мемлекеттік кеңесі жанындағы Дамуды зерттеу орталығы Еуропа мен Азияның әлеуметтік дамуы институтының, Бейжің университеті Халықаралық және стратегиялық зерттеулер институтының Ресей, Еуропа жне Орталық Азия институтының, Қытай қоғамдық ғылымдар академиясының, Қытай қазіргі заманғы халықаралық қатынастар академиясының басшылықтары мен сарапшыларымен кездестік.
Біз олардың халықаралық саясаттың өзекті мәселелеріне қатысты бірегей көзқарастарын білуге ұмтылдық. Бұл үшін нақты мәселелерді арнайы талқыладық та. Соңғы 10-15 жылдың көлемінде Қытайдың саяси ойлау жүйесінде нақты бір өзгерістер орын алып, жаңа тұжырымдамалар дүниеге келген. Қытай әлемдік аренадағы құбылыстарды өзінше қарастырады. Қазақстанның эксперттік қоғамдастығы «тамыр соғысын» бақылап отыруы тиіс. Сондықтан біз бірқатар маманды Қазақстандағы әріптестерімен өздерінің ойларын бөлісу үшін шақырдық.
Қазіргі уақытта екі елдің зерттеу құрылымдары арасында өзара іс-қимыл негізінен конференциялар мен семинарлар өткізумен ғана шектеліп отыр. Ал ол жиындарда тек баяндамалар оқумен ғана шектеледі.
Біз ынтымақтастықтың жаңа пішін қажет екендігіне сенімдіміз. Оның ішінде бірлескен зерттеулер жүргізіп, сараптамалық баяндамалар жасау қажет. Тек осы жағдайда ғана біз жаңа тәжірибе мен білім жинақтап, зерттеу нысанымыздың мәселелерін жетік түсінетін боламыз. Сол себепті осы күндер ішінде біз қытайлық әріптестерімізбен мұндай өзара іс-қимылдың келешегін талқыға салдық.
- Осы көктемдегі оқиғалар көрсеткендей, екіжақты ынтымақтастық белсенді дамып отырғандығына қарамастан Қазақстанда синофобтық көңіл-күй әлі де жоғары. Бұл жайында не ойлайсыз?
- Қазақстандық қоғамда қытайға қарсы стереотиптің көптеген факторлары, бірінші кезекте Кеңес одағы кезеңінде қалыптасқан тарихи және идеологиялық себептері бар. Екіншіден, Қытайды түсінбеудің және сенбеудің себебі - бұл ел жайында толық ақпараттың болмауы, терең білмеу. Бүгінде Қытай әлемнің ең ірі екінші экономикасы және біздің көршіміз саналады. Бірақ, осыған қарамастан әлі күнге дейін Қазақстанда Қытайдың тарихын, мәдениет, экономикасы мен саяси өмірін терең зерттеу қолға алынбаған. Біз әдеттегідей Қытайды ресейлік және батыстық ғалымдардың зерттеулері арқылы қарастырамыз. Ал бізге өз күшімізбен қытайтануды дамыту қажет. Мен Қытайға қатысты стереотиптердің сақталуының басты себебі дәл осы факторлар екендігіне сенімдімін.
- Қазақстан Президенті Н.Назарбаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің шақыруымен G20 саммитіне қатысады. Сіз осы оқиғаға қандай баға берер едіңіз?
- Қытайдың көршісі көп. Дегенмен, Бейжің санаулы қонақтардың қатарында Қазақстан Президентін G20 саммитіне шақырып отыр. Меніңше, Қытай үшін «үлкен жиырмалық» кездесуі тоқетеріне келгенде иммидждік шара емес, қайта әлемдік қоғамдастықтың ықпалды ойыншыларына жаһандық экономиканы дамытуға деген өздерінің әдістерін жеткізу мүкіншілігі.
Сондықтан қазақстандық Көшбасшыны G20 саммитіне қатысуға шақыру Қазақстанның халықаралық саясаттағы рөлін, оның белсенді ұстанымы мен өңірлік процеске ықпал ету әлеуетін Қытайдың мойындауын білдіреді.
Бұған қоса, ҚР мен ҚХР-дың саяси философиясының сұхбаттастыққа ұмтылу, кикілжіңнен бас тарту, азаматтардың өмірі үшін жайлы жағдай жасауға басымдық беру сынды көптеген ортақ құндылығы бар.
Өткен жылы Н.Назарбаев Қытайға мемлекеттік сапар жасады, ал бұл жолы қазақстандық Көшбасшының ҚХР-ға жұмыс сапары көзделген. Екі елдің арасында тұрақты кездесудің және жоғары деңгейдегі саяси консультациялар жүргізудің жақсы дәстүрі қалыптасқан.
- Қазақстанда жеке синология институтын құру қажетті туралы не ойлайсыз?
- Меніңше, бізге бірнеше қытайтану орталығын дамыту қажет. Өйткені, Қытай біздің алып көршіміз. Бұған қоса, бізге тек ҚХР-ды зерделеу институты ғана емес, сонымен бірге Ресей мен Орталық Азияны зерттеу орталықтары да қажет. Біз күрделі Орталық Азия өңірінде орналасқанбыз. Өзбекстандағы оқиғалар Орталық Азия республикаларын терең зерделеу қажеттігіне тағы да бір мәрте дәлел бола алады.
Сондықтан, тағы да қайталап айтамын, Қазақстанға өңіртанудың жекелеген бағытын дамыту қажет.
- ҚСЗИ-дің шетелдік әріптестерімен ынтымақтастығы қалай дамуда?
- Соңғы бір жарым жылдың ішінде біз шетелдік орталықтармен қарым-қатынасымызды дамытудың жаңа стратегиясына көштік. Оған дейінгі байланыстар ситуативті әрі эпизодты сипатқа ие болатын. Яғни біз конференцияларда, симпозиумдарда және форумдарда ғана кездесетін едік. Бүгінде біз екіжақты негіздегі арнайы талқылауларға баса назар аударамыз.
Мәселен, өткен жылы біз ортаазиялық әріптестеріміз: Өзбек стратегиялық зерттеу институтымен, Қырғыз стратегиялық зерттеу институтымен, тәжік әріптестерімізбен серіктестігімізді нығайтып, жаңа пішінге көшіруге баса назар аудардық. Бұған қоса ауғандық және әзербайжандық әріптестерімізбен қарым-қатынасты дамыттық. Ал ағымдағы жылы Ресей мен Қытайдағы әріптестерімізбен арадағы қарым-қатынастарымызды арнайы түрде дамытудамыз. Осы жолғы сапарымызды жарты жылдан астам уақыт жоспарлаған еді. Бұл ретте бағдарламамызда тек қана хаттамалық кездесулерді қарастырмай халықаралық саясаттағы жетекші сарапшылармен тыңғылықты пікір алмасуға көңіл бөлдік.
- Сізбен сұхбаттасқан қытайлық сарапшыларды не қызықтырды?
- Оларды да бізді қызықтыратын мәселелер толғандырады. Атап айтқанда. АҚШ, Ресеймен қарым-қатынас, Орталық Азиядағы жетекші ойыншылар қарым-қатынасының теңгерімін қалыптастыру, екіжақты әрі көпжақты өңіраралық ынтымақтастықты дамыту тәуекелдері мен мүмкіншіліктері.
Сарапшы әмбебап болу керек пе немесе тек бір бағыттағы маман болуы қажет пе?
Меніңше, мамандануы аса қажет. Қазақстандық сараптамалық мектептің ең басты проблемаларының бірі маманданудың жоқтығы. Көптеген сарапшылар геосаяси проблемаларға, ішкі саясат мәселелерге, әлеуметтік-экономикалық тақырыпқа және өзге де аспектілерге қатысты пікір білдіріп, әмбебап болуға ұмтылады. Дегенмен, мамандану қажет, адам өзі тереңірек талдай алатын ары кеткенде 2-3 бағыт болғаны дұрыс.
- Сұхбатыңызға рахмет!