Тас мүсіндердің орналасуына қарай екі түрі кездеседі. Олар түрік қағандығы кезіндегілері тас шарбақтардың күншығыс жиегінде, қыпшақ заманында жасалғандары тас обалардың күнгей етегінде орналасқан.
Түркі кезеңіндегі тас мүсіндер, негізінен, батырларды, қолбасшы - көсемдерді, тақты билер мен абыздарды, жыршылар мен бақташыларды бейнелейді. Батырлар мен бақташылар мүсіндері жанынан 200-ге жуық балбалдар тізбегі кездеседі.
Бұл мүсіндерде асынған қару - жарағы (қылыш, қанжар, т.б.) мен қолына ұстаған құты - сауыты бірге қашалған. Хан мен билерге тұрғызылған тас мүсіндердің қолындағы аса таяғы, беліндегі кісесі (кейде айдар) қоса бедерленген. Қыпшақ заманындағы тас мүсіндердің жанында балбалдар тізбегі жоқ, әрі ер кісілердің мүсіні қару-жарақпен безендірілмейді. Олар қызтас, келіншектас, кемпіртас түрінде де ұшырасады. Көнек не құты ұстаған бақташы мүсіндері кемпіртаспен қатар тұр.
Қарқаралы тас мүсіндерінің бет әлпеті, дене мүшелері, асынған қару-жарағы, қолындағы заттары Жылысай тас мүсіндері мен Ерейментау тас мүсіндеріне қарағанда анығырақ жасалған.
Қарқаралы маңында кездесетін тарихи ескерткіштер қазақтың ежелгі мүсін өнерінің озық үлгілерінің бірі болып табылады.
Дерек көзі:
Қазақстан ұлттық энциклопедиясы 5 том