- Елімізге депортацияланған халықтар, саяси қуғын-сүргіннен азап шеккендер қазақ жерінен пана тауып, қонақжай дархан пейілге куә болды. Енді олардың барлығы - біздің бауырлас отандастарымыз. Бүгінде осы достығымыздың куәсі іспеттес Қазақстан халқы Ассамблеясы жұмыс істеп тұр. Соңғы 10 жылдан бері іске асырылып келе жатқан «Карлаг: болашақ үшін ұмытпаймыз» атты жобамызға Ассамблеяның үлкен моральдық қолдау көрсетіп отырғаны содан болар. Жалпы, қазақ халқының басынан өткен нәубет, қуғын-сүргінге толы жылдар бұрын жеке оқиғалар негізінде ғана сипатталып келді. Бүгінде бағыт-бағдар беріп, жүйелі түрде көзқарас қалыптастыру керек болды. Міне, жобамыздың мақсаты - сол кезең жайлы объективті мәлімет беру. Қайта құру кезеңінде, 90 жылдардың басында посткеңестік елдердің бірқатары сталиндік зұлматты зерттеуге кірісіп кетті. Дегенмен, ол кезде жаңа тәуелсіздік алған жас мемлекеттерге ең әуелі тәуелсіздікті нығайту, елдің әлеуметтік жағдайын көтеру сияқты міндеттер бірінші кезекте тұрды. Бізде де сол жағдай. Сосын тарихи зобалаңды зерттеу ісі кенже қалды. Кейін оны қолға алғанның өзінде «бұл тақырыпты қозғаудың керегі не? Онсыз да белгілі жайттарды қайта қопара бергеннен не ұтамыз?» деген кертартпа пікірлер көп айтылды, әлі де айтылуда. Өзіме көптеген сұрақтардың жауабы әлі табылмағандай көрінеді. Айтылатын ой, қордаланған мәселелер өз жауабын шешпеген сияқты болды. Сондықтан да осы жобаны қолға алдық. Көптеген елдердің мұрағаттарынан там-тұмдап материалдар жинадым, сондай-ақ өз мұрағатымызды түгел ақтарып жатырмыз. Ең бірінші жинағымыз "KARLAG: Creativity in Captivity" деп аталды. Ол Қарлагта отырған суретшілерге, олардың туындыларына арналды. Атап айтатын болсам, А.Ф. Васильева, И.А. Борхман, М.В. Мыслина, Л.И.Покровская, Ю.Соостер, В.А. Эйферт, Г.Е. Фогелер т.б. суретшілер Қарлагтың суық лагерлерінде жазықсыз азап көрді. Тар қапаста отырғанына қарамастан олар шығармашылықтан қол үзген жоқ. Сырттағы жарқын өмірге деген ынтызар көңіл, осы жерден босап шықсам деген нәзік үміт олардың шығармашылығынан тысқары қалмады. Біз олардың туындыларын барлық қалалардан сұратып алғызып, кітапқа енгіздік. Сондай-ақ белгісіз суретшілердің картиналары да бар. Сосын бірнеше жылдан соң материал толығып, осы жинақтың екінші томын биыл басып шығардық.
- Сол көп ғалымның бірі Лев Гумилев екен. Ол жайлы не дейсіз?
- Бір күні Мәскеуден Лев Вознесенский деген кісі хабарласты. Ол кісі жас кезінде Қарлагта жазасын өтепті. Мәскеуге сапарлап, ол кісімен кездесіп, бір жеті сұхбаттастым. Сол сұхбаттың нәтижесінде «Песчаный лагерінің тұтқыны» атты кітабымызды шығарып, Мәскеуде тұсауын кестік. Бұл кітап Ресейдің көптеген кітапханаларына таратылды. Бір кездері үлкен қызметтерді атқарған атақты Вознесенскийлер әулеті қатты қуғынға ұшырады. Әулеттің жиырма шақты мүшесі жан-жаққа айдалды. Сонда тағдырдың айдауымен жиырмаға жаңа толған Лев Қарлагқа - оның Шерубай Нұрадағы "Песчаный " бөлімшесіне тап болады. Бір қызығы ол осында ғалым, аттасы Лев Гумилевпен танысып, достасып кетеді. Олардың танысуы да қызық. От жағушы болып жүрген Лев Гумилев казармадағы Лев Вознесенскийге өзі барып «Сен Лев боласың ба, менің де атым Лев» деп қолын береді. Вознесенскийдің сипаттауынша, сол сәтте оның алдында тағдырдын тәлкегін әбден көрген жүдеу шал тұрған. Сөйткен «шалдың» жасы небары 38-де екен. Гумилев Вознесенскийге бір кездері оның әкесінің жақсылығын көргенін айтып береді. Әкесі Ленинград мемлекеттік университетінің ректоры қызметінде жүргенде Гумилевтің зерттеулеріне оң қабақ танытып, теріс пиғылды адамдардың арам ниетінен қорғап қалған екен. Сөйтіп кандидаттық диссертациясын абыроймен қорғауына септігін тигізіпті. Осы әңгімеден кейін екі Лев жақындасып, өмірлік досқа айналады. Лев Вознесенский жайлы кітап басылып шыққан соң кейіпкерім маған «сендер, қазақ халқы тарихты зерттеуге ерекше мән беріп отыр екенсіңдер, бұл қадамдарыңа ризамын» деп қолдау білдірді. Вознесенскийдің айтуынша, Гумилев Қарлагта отырса да фарсы тілін үйреніп, ғұндар мен түркілер жайлы зерттеуін жалғастыра берген. Өз ойымша, ғалымның пассионарлық идеялары қазақ жерінде туған сияқты. Лагерьге отырудың да пайдалы жақтары көп, тіпті «осындай білімді адамдармен бірге отырып, бір кітапқа жүк болар зерттеуімді аяқтап қалдым» дейді екен жанындағыларға. Былтыр ақын Олжас Сүлейменов Қарағандыға келгенде Долинкадағы Қарлаг музейіне алып бардым. Сонда ол маған «Менің әкем Қарлагта Лев Гумилевпен бірге отырыпты. Санк-Петербургке арнайы барып Гумилевпен танысқан кезімде ол «әкең Омар Сүлейменовты білем, алматылық әскери қызметкер болатын, тұтқындар лагерінде бірге болдық» деп мені туған ұлындай қарсы алып құрмет көрсетті. Кейін «АзиЯ» кітабымды жариялаған кезде мүйізі қарағайдай ғалымдар жаратпай, аяғымнан шалуға тырысқан кезде Лев Гумилев мені барынша қолдап, азаматтық ұстанымынан тайған жоқ» деген еді.
- Сіздерде демеуші бар ма?
- Біз бұл жобаны ешбір грантсыз, өзге біреудің материалдық көмегінсіз, іске асырып келеміз. Өйткені, мұның бәрі - елімізге, болашақ ұрпағымызға керек дүниелер. Сонымен бірге бұл жоба тек кітап шығарумен, оны оқырманға таратумен ғана айналыспайды. Бұл жобаның болашақ ұрпақты тәрбиелеу миссиясы бір бөлек Айталық, жоба негізінде студенттер, сондай-ақ бүкіл қарағандылық жас өрендер үшін Қарағандыдан Долинкадағы Қарлаг музейіне тегін автобус қатынайды. Бұл жастардың тарихты ұмытпай, оның ақтаңдақ беттерін біліп отыруы үшін жасалған қадам. Соңғы бір-екі жыл ішінде 4-5 мың бала ГУЛАГ тұтқындарының азапқа толы өмірімен танысты. Әрине, олар мұны өздері тамашалап қана қоймай, елге айта жүреді. Өз тарихына құрметпен қарайтын болады. Әйтпесе Қарлаг жайлы мектеп бағдарламасынан өткені болмаса, көпшілік біле бермейді. Өз жерімізде қоғам қайраткерлерінің, саяси тұлғалар мен өнер, ғылым адамдарының, олардың жазықсыз әйелдері мен балаларының айдауға жіберіліп, қасірет шеккенін естігеніміз болмаса, ол жайлы жекелеген мәліметтер, тұтқындардың естеліктері жиі айтыла бермейді. Жобамыздың тағы бір тармағы - Қарлаг жайлы балалар шығармашылығы конкурсын ұйымдастыру. Яғни әлгі музейге барған немесе Қарлаг жайлы естіген балалардың осы бір тарихи оқиға жайлы өзіндік тебіреністерін қағазға түсіріп, соны жариялап отырамыз. Қарлаг тақырыбын халықаралық деңгейге шығару үшін бес мемлекеттің студенттері арасында эсселер байқауын ұйымдастырдық. Оған 300-ге жуық эссе келіп түсті. Олардың барлығы бір жинақта жарық көріп, шет мемлекеттерге тарады. Бұның тиімді тұсы көп. Тарихыңды қадірлеуге шақырады. Өз жерімізде өткен сұрапыл жылдардың ақиқатын сезіну жастардың туған халқына деген құрметін оятады.
- Айтпақшы, сол халықаралық ғылыми байланыс жайында айта кетсеңіз.
- Тарихымыздағы ақтаңдақтар туралы шет тіліндегі ақпарат тым аз. Әсіресе 1928-32 жылдардағы ашаршылықтың кесірінен халқымыздың саны едәуір азайғаны жасырын емес. Ал, халқымыздың аздығы - біздің ең әлсіз тұсымыз. Міне, осы тақырыпты тереңінен зерттеуге тиіспіз. Әлгі нәубет жылдары әр отбасындағы екі адамның бірі қайтыс болғаны белгілі. Пайыздық көрсеткішпен алғанда, Кеңес одағы халықтарының арасында аштықтың қасіретін ең көп тартқан ел - қазақтар. Осы тақырыпты жан-жақты ашу керек сияқты. Қызығушылық аз, алайда. Мені кейде шетелден келген қонақтардың біздің тарихымызды білмейтіні қынжылтады. Олар осының бәрін білсе, өткеніміздің осындай ақтаңдақтарға толы екенін көргенде біздің ең жақсы өмірге лайықты екенімізді сезінер ме еді деген ойға қалам. Міне, кітаптарымызды тек қазақ және орыс қана емес, ағылшын тілінде де шығарып жатқанымыздың себебі сол. Өйткені тарихымызды осы үш тілде оқыса дейміз. Жан-жаққа тараса дейміз. Алдымызға міндет қойған соң оны барынша адал әрі үлкен кәсібилікпен атқару маңызды. Кітаптарымыз қазірде әлемнің 30-ға жуық мемлекеттеріне тараған. Бұл біз үшін үлкен мәртебе.
- Жобаңыздың насихаты кем емес пе?. Ол жайлы білетіндер көп емес.
- Әу баста және қазір де алдымызға «елге жарнамалайық, мақтанайық» деген сияқты мақсат қойған жоқпыз. Әдетте бір тақырыпты зерттеп біткен соң бірден екіншісіне, одан да қызықты тақырыпқа кірісіп кетеміз. Бір мысал келтірейін. Басында біздің қолымызда Қарлагта отырған жапон тұтқындарының тек тізімі ғана болды. Әрі қарай ізденіп, олардың әрқайсысы жайлы тың мәліметтер іздей бастадық. Нәтижесінде көлемді еңбек жарыққа шықты. Оны жапондық оқырмандар «соңғы 70 жылдағы салмақты зерттеу» деп жоғары бағалады. Әрине, оны аяқтаған соң басқа да ұлттардың Қарлагта көрген қасіретін көпшілік назарына ұсыну жайлы ой туатыны заңдылық. Ал Қарлагтың тас қабырғасында жазықсыз жаза тартқан ұлттар аз емес. Венгрлер жайлы да бөлек еңбек жарияланды. Сондай-ақ, таяуда румын ғалымдары Қарлагта болған отандастары жайлы мағлұмат іздеп келді. Әуел баста 300-дей адамға байланысты мәлімет берген едік, кейін 5 ай шәкірттеріммен мұрағатта отырып, 12 мыңдай румын тұтқыны жайлы мол ақпарат жинап бердік. Жуырда бұл кітап румын, орыс, ағылшын және қазақ тілінде Кишиневте жарық көрмек. Испаниялықтар келіп, Қарлаг жайлы деректі фильм түсірді. Ол фильм әлемдік деңгейде бағасын алды. Жуырда Америка, Швеция, Жапония және Алмания елінен келген экспедициямен бірлесіп, деректі фильмнің сұлбасын бітіріп қойдық. Басқа да ұлттардың ғалымдары хабарласып, қызығушылық танытып жатады. Жалпы, Кеңес одағы құрамындағы барлық ұлттар сталиндік зұлматтың құрбаны болғаны жасырын емес. Одан өзге, Қарлагта отырған тұтқындардың өз қолынан шыққан мемуарларын "EndIess Pain of Hard" атты тақырыппен 3 кітап етіп басып шығардық. Мәселен, грузиялық әнші қыз Елена Тер-Асатурованың тар қапаста жазған күнделіктерін көзге жас алмай оқу мүмкін емес. Оны да жариялап, Грузия елшілігіне табыстадық.
- Бұл еңбектермен қалың оқырман қалай таныса алады?
кітапханаларында бар. Электрондық нұсқалары kazneb.kz жүйесіне енгізілді. Сондай-ақ Сарбонна, Оксфорд, Гарвард, Кембридж, Назарбаев Университеті сияқты іргелі оқу орындарының кітапханаларында танысуға болады.
- Атқарған жұмыстарыңыз аз көрінбейді. Жалғасы да қомақты болатын түрі бар сияқты ма?
- Жалпы, бұл жоба бұрын-соңды мұндай көлемде зерттелмеген, зерделенбеген аса ауқымды проблеманы қамтыған, күрделі тақырып. Оның түп-тамыры тарихтың терең қойнауында жатыр. Халқымыздың тарихымыздағы қаралы беттерді, өткен зобалаңдарды зерттеу, жарыққа шығару, ең алдымен, болашақ ұрпақ үшін аса қажет. Маған түрлі деңгейдегі кездесулерде, басқосуларда мынадай сұрақ қойып жатады: аздаған жылдар ішінде Қарлаг тақырыбына қатысты 20 шақты толымды кітаптар шығару қалайша мүмкін болды? Әлбетте, мұндай еңбектерді жазу көп уақытты, зерттеуді қажет етеді. Жалпы, мұндай үлкен жоба бірнеше кезеңмен атқарылып шығуы керек. Сол орайда біз қазірде алдымызға тек мұрағат құжаттарын жарыққа шығаруды мақсат етіп отырмыз. Оларға түсінік беру, ғылыми негіздеу, бір жүйеге келтіру екінші, үшінші кезеңдердің еншісінде. Қазірдің өзінде ол жұмыстар басталып кетті. Жекелеген еңбектеріміз де жарық көріп жатыр. Алыс-жақын шет елде қызығушылық туғызуда. Тіпті белгілі көркем сөз шеберлері де назар аударуда. Мәселен, қазақтың ақындары ақындары Серік Ақсұңқарұлы мен Ғалым Жайлыбай біздегі архив құжаттарының негізінде «Моцарт пен Сальери» және «Қара орамал» атты қасіретнамалар жазып шығарды. Белгілі қылқалам шебері, Бельгияда тұратын қандас қарындасымыз Алмагүл Меңлібаева, Германияда тұратын суретші Гүлнұр Мұқажанова, ресейлік режиссер С.Гордиенко, қазақстандық ғалымдар Т. Алланиязов, Б. Жүнісова, Н. Жұмаділова және т.б. осы тақырыпқа қатысты бірлескен жобалар ұйымдастыруда. Алдағы уақытта да бұл тақырып жалғасып, жазылып келіп, үлкен бір тұғырлы жобаға айналатынына сеніміміз мол.
- Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан Жанат Қапалбаева