Милициядан полицияға дейін
Ақтөбе облыстық полиция департаментінің ғимаратындағы музейі 2004 жылы ашылды. Тарихқа сүйенсек, Ақтөбеде 1919 жылдың тамыз айынан бастап милиция құрамы жасақталды. Алғашында теміржол бекетінде, өзге де орындарда милиция пункті құрылды. Түптамыры әскери қызметпен тығыз байланысты.
— Музейде құқық қорғау саласында еңбек еткен, басшылық қызмет атқарған адамдардың фотосуреттері мен құжаттардың үлгісі сақтаулы. Сонымен бірге олар тұтынған заттар да бар. Мәселен криминалистердің шабаданы бар жабдығымен сақтаулы. Онда тергеу, сараптау кезінде қолданатын қажетті құралдары бар. Содан әрі 30-40 жылдарда еңбек еткен жеке құрам мен сол кездегі қызметкерлер формасы, қару-жарақ сақтаулы. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ерлік көрсеткен милиция қызметкерлері туралы ақпарат, фото жинақталған. Малкеждар Бөкенбаев Кеңес Одағының батыры болса, Сәрсенғали Ешпаев 1, 2 және 3 дәрежелі «Даңқ» ордендерінің иегері. Мұның бәрі балалар үшін қызықты, — деді музей меңгерушісі Айша Өтеулина.
Соғысқа қатысқан құқық қорғау саласы қызметкерлерінің есімін мәңгі есте сақтау үшін арнайы жинақ та шығарды. Медаль мен құжаттың бәрі бір орынға тоғыстырылған.
Полиция музейінде 1940, 1950, 1970-1980 жылдардың және 2000 жылғы киім үлгісі бар. Мектеп оқушылары көбіне қару-жарақ пен байланыс құралдарын, ескі баспа машинасын, фотоаппаратты қызықтайды. 1952 жылы шыққан фотосалыстырғыш аппараты да бар. Криминалистер бұл арқылы адамның беті-әлпеті өзгерген бе, ота жасалған ба деген сұрақтарға жауап алған.
— Балаларды ескі телефон аппараты қызықтырады. Әр келген сайын ұстап көреді. Ал баспа машинасымен жұмыс істегенде бір әріп қате болса жұмысты қайта бастағанын түсіндіремін. Мұны естігенде олар таңқалады. Сонымен бірге қағаз бетіне жазғанда сиясы ағып, бүлдірмес үшін бұрын сорғышты пайдаланған екен. Мұндағы ең құнды жәдігер — қоңырау. Өрт сөндіру депосының қоңырауы аулада тұрған. Шақыру болса қоңырауды соққан. Бұл 1914-1938 жылдары аралығында қолданылған екен. Музейге 1989 жылы тапсырылған және оны өрт сөндіру қызметінің ардагері берген, — деді А.Өтеулина.
Сонымен бірге мұнда полиция қызметкерлерінің қызмет жолындағы фотолары, спорттық жетістіктері мен мәдени іс-шараларды айғақтайтын жәдігерлер мен фото сақтаулы.
Террорлық акт кезінде қаза тапқан қызметкерлерге құрмет
Тәуелсіздік алған жылдардан бері Ақтөбеде 9 полиция қызметкері көз жұмды. Көбі террорлық акт кезінде мерт болды. Музейде басылым беттеріне шыққан материалдар мен фотосуреттер бар. Сонымен бірге қаза тапқан полиция қызметкерлеріне арнайы бұрыш жасақталды.
2011 жылы 1-шілдеде Айдос Боранбаев, Нұрлан Алпысбай, Руслан Жолдыбаев, 2011 жылы 29 шілдеде Рүстем Кенжалин көз жұмды. Олар ІІ және ІІІ «Айбын» орденімен марапатталды. Музейде полиция қызметкерлерінің өзі тұтынған телефоны, сағаты, қаламы мен бет орамалы да сақтаулы. Сонымен бірге террорлық акт болған Кеңқияқ ауылын, оның ішінде атыс болған аумақты көрсететін суретті көруге болады.
— Ал 2016 жылғы террорлық акт кезінде полиция қызметкерінің бірінің бас киіміне оқ тиген. Иесін кейін ғана анықтадық. Ол Ақтөбе қаласы жол-патрульдік полициясының қызметкері Нұрғали Қалмағамбетов болып шықты. Оқ маңдайындағы белгісіне тиіп, аман қалғаны көрінеді. Сондықтан мен келген балаларға өз құқығын біліп қана қоймай, полицияға да құрмет көрсетуі керек екенін айтамын, — деді музей меңгерушісі Айша Өтеулина.
Музей саласындағы жарты ғасыр
Айша Өтеулина 1980 жылдан бастап музей саласында еңбек етіп келеді. Алдымен ғылыми қызметкер болып, кейін сатылап өсті. 1985 жылы басшылық қызметке ауысты. Ол мәдени ошақ Әлия Молдағұлова музейі болатын.
— «Әлия» іздеу отрядын, «Әлия» қыздар клубын құрған едім. Осы жобалар әлі күнге дейін жұмыс істеп келе жатыр. Бұрын іссапарға жиі шығып, архивте жұмыс істеген едік. Әлиямен бір мектепте оқыған құрбыларын тауып алып, кездесіп те үлгердік. Батальон командирі Федор Моисеевті арнайы іздеп барып, жүздестім. Кездесумен мен жүздесулер кезінде жиналған құжаттарды алып, Ақтөбеге жеткіздім. Өкінішке қарай сол шақтың өзінде біраз уақыт өткізіп алыппыз. Кейбірін алып, кейбіріне қол жетпеді. Әлия Молдағұлова жерленген жерге барып, бейнематериал түсіріп келгенбіз. Бар білімім мен ықыласымды арнаған едім. Әлия туралы айтқан кезде әлі күнге дейін толқимын. Жерленген жеріне барғанда ну орман болды. Үлкен құлпытаста қазақ қызы Әлия Молдағұлованың жерленгені туралы жазылған. Бәрі адамға әсер етеді. Туған жері Қобда ауданынан бір уыс топырақ апарып салып, сол жақтан бір уыс топырақты ала келдік. Ол да Әлия Молдағұлова музейінде сақтаулы, — деді ол.
Айша Өтеулинаның жасы бүгінде 70-тен асты. Жалақысы аз сала болса да жарты ғасырға жуық ғұмырын арнады. Әлі де полиция музейін жүйелеп, жаңғыртуды жоспарлап отыр. Себебі жыл сайын жәдігерлер жиналады, толығады. Оның бәрін келушілерге ұсыну үшін жаңа жобаны да ойластырып қойған.
— Музей қызметі бір күнге, бір айға да тоқтамайды. Кез келген ортада адамдарды тыңдап, қызықты деректерді іздеп жүремін. Байланыс орнатып, жақсы дүние іздеймін. Бір кездескенде ашылып, сөйлесетіні бар. Кейбірі ойналып, кейін ғана айтады. Экскурсияға келген балаларға да ата-әжелерімен, ата-аналарымен сөйлесіп, ескі дүниелердің тарихын сұрауға үндеймін. Бір бала атасының көзілдірігін тапсырды. Тарих осылай сақталып, ұрпаққа мирас болады. Өзім «Достық» үйіндегі музейде еңбек еттім. Зейнеткерлікке шығып, полиция департаментінің музейіне келдім. Сөйтіп әскери, ұлтаралық, күштік құрылым саласында жарты ғасырға жуық еңбек еттім. Жастарды тәрбиелеп, олардың патриоттық сезімін оятып, елімізге қызмет етуге бағыттап екенмін. Зейнеткер болсам да жұмыстан қалмадым. Адам қай салада жүрсе де жұмысын терең меңгеруі керек, — деді ол.
Айша Өтеулина үнемі өз-өзін дамытады. Қазір тіл үйреніп жүр, саяхаттағанды ұнатады. Адамдармен араласып, жастарды сөзге тартады. Жан-жағына көмектесіп, қамқорлық танытады. Арманы — полиция музейін қайта жасақтап, құнды жәдігерлерді көпшілікке жаңа форматта ұсыну.
Айта кетейік, Солтүстік Қазақстан облысы Константиновка ауылындағы мектеп музейі сирек кездесетін көне шойын сандықпен толықты. Салмағы шамамен 3 центерге жететін сандықтың қарапайым адамға тиесілі болмағаны анық. Аңыз бойынша, ол белгілі ғалым, ағартушы Шоқанның туған атасы Уәлиге қатысты болуы мүмкін.