Жерасты сулары көтерілгенде тұрғын үйлердің кәріз құдығы толып, лас су аулаға, көшелерге жайылады. Құдықтағы ауыз су да ластанады. Қалтасы көтеретін тұрғындар суды сатып алады. Ал, шамасы жетпегендер лас суды сүзіп ішуге мәжбүр.
— Мен кеше әрқайсысы 5 мың теңгеден 5 водовоз су тарттырдым. Әкімдіктің көмегімен 8 кубтық 3 водовоз су шығарылды. 3 сағаттан кейін аулам қайта толды. Үйдің асты толған су. Еденнің ағашын көтерсең су көрінеді. Лас су құдықтағы ауыз сумен араласып кетті. Енді амал жоқ, 5 литрлікпен суды сатып алып ішіп отырмыз, — дейді «Көктем» шағын ауданының тұрғыны Әсет Шарманов.
Лас судың ортасында тұру қиын болғасын кей тұрғындар үйлерін жауып, пәтер жалдап кеткен. Енді бірі амалсыздан тұрып жатыр.
— Үйімді тастауға қимаймын. Әрі жалғыз баспанам. Маңдай терімізбен тұрғызып едік. Енді міне, аула толы су. Ұят та болса айтайын, дәретханаға бару үшін аяғымызға су етік киіп, кезекпен барамыз. Су үйге де кіріп жатыр. Қабырғалардың бәрі түсіп, үгітіліп тұр, — дейді Нұргүл Нұрманова.
Тұрғындардың айтуынша, ауылда дренаждық жүйе де жоқ. Әкімдік сорғы қойған, бірақ оның құбыры жіңішке. Қоқыс жиналып қалады да, су өтпейді. Ал, аудан әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, Атамекен селолық округінде 8 дренаждық жүйе жұмыс істеп тұр. Бірақ, жаңбыр көп жауғанда олардың күші жетпейді. Сондықтан тағы 4-еуіне қаржы бөлінген.
— Алдағы уақытта біз кәріз құбырын жүргізуді жоспарлап отырмыз. Канализация дренажымен бірге деген жобалық-сметалық құжаттарға былтыр қаражат бөлінді. Жоба әзір. Мемлекеттік сараптамаға тапсырылды. Оң қорытындысын алсақ, құрылыс жұмыстарын жүргізуге бюджеттік өтінім береміз, — дейді Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары Нұрхан Мұстафаев.
Аудан басшылығының айтуынша, дренаждық жүйе жобасы бұдан 9 жыл бұрын, яғни мәселе туындағанда-ақ әзірленіпті. Алайда қаржы бөлінбегендіктен, жүзеге аспай қалған.